Жаңа Мәжіліс 6 партия өкілдерінен құралады

Жаңа Мәжіліс 6 партия өкілдерінен құралады

Жаңа Мәжіліс 6 партия өкілдерінен құралады
ашық дереккөзі
19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы өтті. Осыдан екі ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәс­лихаттар­дың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдан­ғанын мәлімдеген болатын. Былтыр маусымда өткен референдумның қор­тындысы бойынша, депутаттарды сайлау жүйесіне өз­геріс енген еді. Яғни, депутаттар жаңа тәсіл бойын­ша жасақталды: барлық мандаттың 30 пайызы ма­жо­ритарлық әдіспен, 70 пайызы пропорционалды әдіс арқылы бөлінді. Яғни, үміткерлердің бір бөлігі пар­­­­тиялық тізіммен, қалғаны өзін-өзі ұсынып, сай­лауға түсу арқылы депутат болды. Сайлау кезінде сай­­­лаушылар жекелеген тұлғаға және партияға екі бө­лек дауыс берді. Бұл өзгерістің бәрі Парламентті ық­палды етіп, биліктің өкілді тармағын күшейту үшін енгізіліп отырғаны сол кезде айтылған еді.
– Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жос­парымызды бір жылда табысты жү­зеге асырдық. Референдум арқылы Конс­ти­туцияға маңызды өзгерістер енгіз­дік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды сая­си шаралар іске асырылды. Кеше ғана өт­кен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өз­ге­рістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қа­лыптасты, – деді Мемлекет басшысы Нау­рыз мейрамындағы құттықтау сөзінде.
20 наурызда Орталық сайлау комис­сия­сы сайлаудың алдын ала қорытындысын жа­риялады. Түпкілікті қорытынды әлі мә­лім болған жоқ. Дегенмен, нәтиже бойын­ша Мәжіліске 6 партия өтетіні бел­гілі болды. Өзін-өзі ұсынған кандидат­тар­дың да қазір алдын ала қорытындысы ғана анық. Алты партия үлес алады Ереже бойынша, кемінде 5 пайыз да­уыс жинаған партия Мәжілістен орын алады. Комиссияның алдын ала де­ре­гіне сүйенсек, сайлау нәтижесі бойынша Пар­ламент Мәжілісіне 6 партия өтеді. «Amanat» партиясы – 53,90 пайыз не­ме­се 3 431 510 адам дауыспен алға шыққан. «Ауыл» халықтық-демократиялық пар­тия­сы – 10,90 пайыз немесе 693 938 дауыспен екін­ші, Respublica партиясы – 8,59 пайыз не­месе 547 154 адам дауыспен үшінші орын­да. Қазақстан халық партиясына сайлаушылардың 6,80 пайызы немесе 432 920 адам дауыс берген. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз немесе 146 431 да­уыс жинаған. «Ақ жол» Қазақстан демок­ра­тия­лық партиясы – 8,41 пайыз немесе 535 139 дауыс, Жалпыұлттық социал-демок­ратиялық партия – 5,20 пайыз немесе 331 058 дауыс алған. Ал 248 291 адам, яғни электораттардың 3,90 пайызы «Бәріне қарсымын» бағанын таңдаған. Мәжіліске өткен 6 партияның ішін­дегі 3 партия Мәжіліске алғаш рет өтіп отыр. «Ауыл» халықтық-демокра­тия­лық партиясы, Respublica партиясы және Жал­пыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері алғаш рет мандат алады. «Ауыл» халықтық-демократиялық пар­тиясы 2015 жылы 5 қыркүйекте «Ауыл» қа­зақстандық социал-демократиялық пар­тиясы мен Қазақстан патриоттары пар­тиясының бірігуінен құрылған. Партия төрағасы – Әли Бектаев. Партия жұмысы ауыл, агроөнеркәсіптік кешен проб­ле­ма­­ларын, ауыл халқының мәселелерін шешіп, жағдайын жасауға бағытталған. «Ауыл» пар­тиясы былтырғы Президент сайлауына Жи­гули Дайрабаевты президенттікке ұсын­ған еді. Онда «Ауыл» кандидатына 271 641 сайлаушы немесе 3,42 пайызы дауыс берді. Жалпыұлттық социал-демок­ра­тия­лық партия – 2006 жылы 10 қыр­күйек­те құрылған және 2007 жылы 25 қаң­тарда тіркелген партия. Төрағасы – Азат Рахымжанов. Былтырғы Президент сай­лауына партия Нұрлан Әуесбаевтың кан­дидатурасын ұсынған еді. Сайлау қо­рытындысы бойынша оған сайлау­шы­лар­дың 2,22 пайызы дауыс берген. Respublica партиясы биыл 18 қаңтарда құ­рылды. Партия төрағасы – Айдарбек Қо­жаназаров. Партия өзін қоғамдық өмір­дің барлық саласында құрылымдық ө­з­герістерге бағытталған МЕТА-партия ре­тін­де көрсетеді. Осылайша, Мәжіліске өткен партия­лар саны биыл екі есе артып отыр. 2021 жылы Мәжіліске 3 партия өткен бола­тын. 2016, 2012 жылдары да 3 партия өтсе, 2007 жылы 1 партия ғана мандат алған. Партиялардың кімдерді ұсынатыны әлі белгісіз, депутаттар құрамының қанша пайыз жаңаратыны, жасы, басқа да ерекшеліктері сол кезде нақтыланбақ. Тікелей сайланатындардың көбі – жаңа есімдер Орталық сайлау комиссиясының бір­мандатты округтер бойынша кан­дидаттардың қайсысының басым дауыс жи­нағаны туралы алдын ала қорытынды шы­ғарды. Астана қаласы №1 сайлау округі бойын­ша Дәулет Тұрлыханов 71 698 дауыс жи­на­ған, ал Астана қаласы №2 сайлау округі бойын­ша Дәулет Мұқаев 51 769 дауыс жи­напты. Алматы қаласы №3 сайлау округі бойын­­ша Ермұрат Бапи 23 690 дауыс жи­на­са, Алматы қаласы №4 сайлау округі бойын­ша Ерлан Стамбеков 15 930 дауыс, Ал­маты қаласы №5 сайлау округі бойынша Ба­қытжан Базарбек 22 685 дауыс жинап Пар­ламентке өтіп отыр. Шымкент қаласы №6 сайлау округі бойынша Данабек Исабеков 21 098 дауыс, Шымкент қаласы №7 сайлау окру­гі бойынша Болатбек Нәжметдинұлы 19 851 дауыс жинаған. Абай облысындағы №8 сайлау округі бойынша Нұртай Сабильянов 131 872 да­уыс жинады. Естеріңізге сала кетейік, Нұр­тай Сабильянов бұған дейін де Мәжілістің ІІІ-VI шақырылымдарында, яғ­ни 2004-2021 жылдар аралығында де­путат болған еді. Ақмола облысындағы №9 сайлау округі бойын­ша Айна Мысырәлімова 154 587 да­уыс жинаған. Ақтөбе облысындағы №10 сайлау ок­ру­гі бойынша Қазыбек Әбішев 238 195 дауыс­пен жеңді. Алматы облысындағы №11 сайлау ок­ру­гі бойынша Ардақ Назаров 122 242 дауыс жи­наса, Алматы облысындағы №12 сайлау округі бойынша Данияр Қасқарауов 153 225 дауыс жинапты. Атырау облысындағы №13 сайлау ок­ругі бойынша Әділ Жұбанов 107 973 дауыс­пен бірінші орында. Батыс Қазақстан облысындағы №14 сай­лау округі бойынша Абзал Құс­пан 126 784 дауыс жинады. Жамбыл облысындағы №15 сайлау округі бойынша Мұқаш Ескен­ді­ров 99 021 дауыс, Жамбыл облысындағы №16 сайлау округі бойынша Гүлдара Нұры­мова 190 078 дауыс жинаған. Жетісу облысындағы №17 сайлау окру­гі бойынша Руслан Қожасбаев 132 678 дауыспен алға шыққан. Қарағанды облысындағы №18 сайлау ок­ругі бойынша Құдайберген Бексұлтанов 132 471 дауыс, Қарағанды облысындағы №19 сайлау округі бойынша Арман Қалы­қов 145 228 дауыс жинады. Қостанай облысындағы №20 сайлау ок­ругі бойынша Еркін Әбіл 181 175 дауыс жи­наған. Қызылорда облысындағы №21 сайлау ок­ругі бойынша 148 646 дауыс алған Мар­хабат Жайымбетов – бірінші орында. Маңғыстау облысындағы №22 сай­лау округі бойынша Еділ Жаңбыр­шин 117 880 дауыс жинады. Еділ Жаңбыр­шин бұған дейін VII шақырылым депутаты болған еді. Павлодар облысындағы №23 сайлау ок­ругі бойынша Амантай Жарқын­бек 168 625 дауыс жинаса, Солтүстік Қазақ­стан облысындағы №24 сайлау округі бойын­ша Еркебұлан Мамбеков 153 736 да­уыс алған. Түркістан облысындағы №25 сайлау округі бойынша Қайрат Балабиев 142 595 дауыс, №26 сайлау округі бойынша Ұласбек Сәдібеков 92 445 дауыс; Түркістан облысындағы №27 сайлау округі бойынша Темір Қырықбаев 117 584 дауыс жинаған. Ұлытау облысындағы №28 сайлау ок­ругі бойынша Ерболат Сатыбал­дин­ге 44 406 сайлаушы дауыс берген. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы №29 сайлау округі бойынша Лұқбек Тұма­ши­нов 165 596 дауыс алыпты. Әуелде айтып өткендей, көп дауыс жи­­наған кандидаттардың ішінде 2-еуі бұрын Мәжілісте депутат болған, қал­ған­дары бірінші рет Мәжіліске барғалы отыр. Жеңіп шыққан үміткерлердің тек бі­реуі ғана – әйел адам. Халықтың белсенділігі төмендеген Бұл жолғы сайлауға сайлаушылардың 54 пайызы қатысқан. Ең белсенді аймақ – Қызылорда облысы, өңірдегі сай­лау­шылардың 66,44 пайызы дауыс берген. Ал ең төменгі көрсеткіш – Алматы қала­сын­да. Мұнда электораттардың тек 25,82 пайы­зы ғана өз таңдауын жасаған.
– Нақтыланған деректерге сәйкес, сай­лаушылар тізіміне 12 млн 35 004 сайлаушы ен­гізілді. Жалпы, сағат 20:00-дегі жағдай бойын­ша республиканың 6 509 695 аза­маты бюллетень алды. Ол тізімге енгізілген аза­маттардың 54,09 пайызы, – деді Орта­лық сайлау комиссиясының хатшысы Мұх­тар Ерман.
Бұдан бұрынғы сайлаудағы көрсет­кіш­термен салыстырғанда, бұл жол­ғы сайлауда халықтың белсенділігі едәуір тө­мендегені байқалады. Мәселен, 2021 жыл­ғы сайлауда сайлаушылардың 63,3 пайы­зы дауыс берген болса, 2016 жылы 77,1 пайыз электорат сайлауға барған. 2012 жы­лы белсенділік 75,4 пайыз болған екен. Ал шетелдерде жүрген 12 132 қазақ­стан­дықтың 8800-і немесе 72,54 пайызы дауыс берген. Жалпы ел аумағынан тыс 77 сай­лау комиссиясы жұмыс істеді.
– Қазақстан Республикасының дип­ло­ма­тиялық өкілдіктері жанынан 62 шет мем­лекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 132 адамнан тұратын 77 учаскелік сай­лау комиссиясы ашылды. Қазір шетелдегі барлық учаскелік сай­лау комиссиялары өз жұмысын аяқтады. Да­уыс беруге 8 800 Қазақстан азаматы қа­тыс­ты, бұл –дауыс берушілердің 72,54 пайы­зы, – деп мәлімдеді Сыртқы істер ми­­­нистрлігі.
Бас прокуратура өкілі сайлау комис­сияларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень бер­генін мәлім етті. Бұған дейін дауыс беру күні болған әкімшілік құқықбұзушылық са­ны 40-қа жеткенін жазған едік. Бас прокуратура мәліметінше, сайлау күнінде үгіт жүргізген 5 адам жауап­қа тартылған. Одан бөлек, Сайлау комис­сия­ларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень берген. Ол азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы кодекстің 108-бабымен 17 адам әкім­шілік жазаға тартылған.
– Бас прокуратураның ресми ақпараты бойын­ша дауыс беру күні 34 адамның тара­пынан құқықбұзушылық тіркелген. Олар­дың ішінде 17 учаскелік комиссия мүшесіне Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы ко­декстің 110-бабы бойынша айыппұл са­лын­ды. Олардың барлығы жауапқа тартыл­ды, – деді Нұрлан Әбдіров.
Байқаушылардың бағасы Орталық сайлау комиссиясының тө­рағасы Нұрлан Әбдіров сайлау кү­ні науқанның өту барысын 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылаған.
– Дауыс беру күні байқауды 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішін­де кандидаттардың, саяси пар­тия­лар­дың 38 908 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың 19 036 байқаушысы, 252 ак­кредиттелген қоғамдық бірлестіктердің 23 383 байқаушысы және халықаралық ұйым­дардың 793 байқаушысы қатысты, – деді Нұрлан Әбдіров.
Одан бөлек, бірқатар халықаралық бай­қаушылардың мәлімдемелері жарияланды. Мәселен, ЕҚЫҰ ДИАҚБ мис­сиясы Мәжіліс пен мәслихаттар депутат­та­рын сайлаудың алдын ала нәтижелері бойын­ша кезектен тыс парламенттік сай­лау ЕҚЫҰ-ның халықаралық стандарттар мен міндеттемелеріне сәйкес сайлау өткі­зу­ге Қазақстанды жақындату мақсатында бас­талған реформалар тұрғысында өткенін мә­лімдеген.
– Заңнамаға түзетулерде ДИАҚБ-ның бұған дейінгі бірнеше ұсынымдары ес­ке­ріл­ген және сайлаушылар үшін таңдау жа­сау мүмкіндігін кеңейтті. Дегенмен, де­мок­ратиялық сайлаулар өткізуге барынша не­гіз қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық базаларға одан ары да өзгертулер ен­гізу қажет, – деп айтылған ЕҚЫҰ ДИАҚБ мис­сиясының мәлімдемесінде.
ЕҚЫҰ-ның сайлауларды байқау жөнін­де­гі қысқа мерзімді миссиясының арнаулы үй­лестірушісі әрі жетекшісі Ирен Чара­лам­би­дес еліміздің барлық өңірінде миссияның 300-ден қысқа мерзімді байқаушысы жұ­мыс істегенін айтып өтті. ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы де­ле­гациясының басшысы Рэйнхольд Лопат­ка­ның атап өтуінше, сайлау аясындағы бәс­е­ке­­­­лестік күрес деңгейі айтарлықтай өскен. Бірақ, әлі де болса заңдық және әкімшілік қиын­дықтар бар. Сондай-ақ сайлауды ТМД миссиясы­ның 196 байқаушысы қадағалаған. Оның ішінде 10 байқаушы ұзақ мерзімді не­гізде жұмыс істеген.
– Миссия республика бойынша ха­лық­аралық байқаушылардың қызметіне қа­­­жет­ті жағдай жасалғанына толық көз жет­кізді. Орталық сайлау комиссиясы сай­­­­лауға дайындық пен оны өткізу кезінде кә­сіби ұйымдастырушылық деңгейін көр­сетті, – деп мәлімдеді ТМД атынан байқау­шы­лар миссиясының басшысы Леонид Ан­фимов.
Оның сөзінше, саяси додада бә­се­ке­лестіктің жоғары болғаны – тіркелген жаңа партиялар мен өзін ұсынған кан­ди­даттар қатарының көп болуына байла­ныс­ты. ТМД байқаушылары 832 сайлау учас­ке­сі­не барып, қадағалау жүргізген. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Гри­­­горий Логвинов сайлау мемлекет заң­на­масы талаптарына және ел қабылдаған ха­лықаралық міндеттемелерге сәйкес өт­кенін мәлімдеді. Түркі мемлекеттері ұйымы бас хат­шы­сының орынбасары, ұйым аты­нан келген байқаушылар миссиясының бас­шысы Сади Джафаров миссия мүшелері бай­қаушы ретінде Астана қаласындағы бір­қатар учаскеде болғанын айтты.
– Учаскелердің ашылуы ұлттық заң­на­ма талаптарына сәйкес іске асырылды. Жал­пы, біздің миссия 32 сайлау учаскесіне бар­ды. Біз тиісті мониторинг жүргіздік жә­не оның барысында елеулі кемшіліктер бол­ған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйым­дастыру мен өткізу заң талаптары ая­сында өтті, – деді Сади Джафаров.
Сөйтіп, жақын арада VIIІ шақырылым жұмысын бастайды. Сайлаудың нақты нәтижесі Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті қорытындысы жария болғанда нақтыланбақ. Дегенмен, нәтижеде аса қатты өзгеріс болмайтыны анық, яғни жалпылама мәліметтер – осы. Ал Мәжілістің қанша пайызға жаңаратыны, қанша пайызға «жасаратыны», басқа да мәліметтер партиялар тізім ұсынғанда анық болмақ.