Ертең Жанқош Тұраров Алматыда жекпе-жек өткізеді

Ертең Жанқош Тұраров Алматыда жекпе-жек өткізеді

Ертең Жанқош Тұраров Алматыда жекпе-жек өткізеді
ашық дереккөзі
Алматыда ертең кәсіпқой бокс кеші өтеді. Жеңіліс дәмін татпаған Жанқош Тұраров (26-0, 18 КО) бірінші жартылай орта салмақта (63,5кг) қазіргі ІВО белбеуінің иегері Алехандро Менесеспен (16-5, 9 КО) жекпе-жекке шығады деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. Мексикалық былғары қолғап шебері елімізге атағын қорғауға келген алғашқы әлем чемпионы болмақ. Менесес былтыр Ливерпуль қаласында жеңілмеген жергілікті боксшы Сэм Максвеллді уақытынан бұрын ұтып, сенсация жасаған. Осылайша ағылшын боксшының (16-0) рекордын бұзып, IBO белбеуін еншілеген еді.
«2022 жылдың желтоқсанында Тұраров өз алаңында испаниялық боксшы Луис Энрикені жетінші раунда техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, IBO Inter-Сontinental титулын иеленген. Бұл бокс кешін әйгілі DAZN платформасы тұңғыш рет Қазақстаннан тікелей трансляция арқылы ұсынды. Осы жарқын жеңісінен кейін Жанқош IBO-ның негізгі чемпиондық белбеуіне басты үміткер атанып, әлем бойынша өз дивизионындағы Boxrec рейтингінде 38-орынға көтерілді», - деп хабарлады SPORTNAMA agency ұйымы.
Аталмыш белбеуге нөмірі бірінші үміткер Жанқош ел тарихында чемпион атанған жетінші қазақстандық кәсіпқой боксшы болуды көздеп отыр. 21 наурыз күні Тұраров пен Менесестің чемпиондық жекпе-жегін DAZN эфирі арқылы әлемнің 100-ге жуық мемлекеті тамашалай алады, ал қазақстандық спортсүйер қауымға «Хабар» телеарнасында сағат 20:00-ден бастап тікелей көрсетілім ұсынады. Сонымен қатар бұл кеште Абылайхан Құсайынов, Дәурен Елеусінов, Бекман Сойылбаев, Балауса Мұздиман секілді, өзге де қазақстандық боксшылар жұдырықтасады. Кәсіпқой бокс кеші 21 наурыз күні, кешкі сағат 17:00-де «Алматы Арена» кешенінде басталады.