Дауыс беру көрсеткіші бойынша 4 облыс алға шықты – Олжас Бейсенбай
Дауыс беру көрсеткіші бойынша 4 облыс алға шықты – Олжас Бейсенбай
«Қазақстандық Қоғамдық даму институтының» сарапшысы Олжас Бейсенбай turkystan.kz тілшісіне өңірлердегі дауыс беру динамикасына байланысты пікір білдірді.
«Жалпы өңірлердегі дауыс беру динамикасы жаман емес. Сағат 2-де 46,84%, 4-те 51,98% болды. Яғни осынша пайыз сайлаушыларға бюллетень таратылған. Бірақ оның ішінде жарамай қалатындары болады. Сондықтан нақты көрсеткіш өзгеруі де мүмкін. Сағат 2-нің кезінде Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары алда келе жатқан. Ал сағат 4-те Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан алға шықты. Оның ішінде әсіресе Қызылорда 54%-дан 64%-ға, 10%-ға дейін өскен», - дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы маман референдум, Президент сайлауы және Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауындағы сағат 4-тегі көрсеткіш туралы салыстыра ақпарат берді.
«Сағат 4-тің кезіндегі референдум, Президент сайлауы кезіндегі көрсеткіштерді қарайтын болсақ, референдумда келушілердің саны 60,80%, Президент сайлауында 62,34%, ал қазіргі мәслихат сайлауында 51,98%-ды көрсетіп тұр. Алайда кешке дейін бәрі өзгеруі мүмкін. Өйткені сағат 12-де 30% болса, 2-де 46% болды (16%-ға өскен). Яғни бері қарай тағы да 5% өсіп тұр. Сол себепті кешке дейін динамика өзгереді деп ойлаймын. Оның ішінде жаңадан құрылған Абай (55%), Ұлытау (58%), Жетісу (54%) облыстарының көрсеткіші жақсы. Орталыққа қарағанда, өңірлердегі белсенділік жоғары деп айтар едім. Орталық бойынша, Астанада - 38%, Алматы - 19%, Шымкент - 42% сайлаушылар дауыс берген. Жалпы сайлауда 12 млн 32 мың адам дауыс береді, дәл қазіргі уақытта оның жартысы дауыс беріп үлгерді», - дейді ол.