Түркістан облысында 54 жастағы әйел ұл туды

Түркістан облысында 54 жастағы әйел ұл туды

Түркістан облысында 54 жастағы әйел ұл туды
ашық дереккөзі
Түркістан облысы Ордабасы ауданында 54 жастағы әйел босанды. Жаңа туған нәрестенің әкесі Сәрсен Қошанұлы 64 жаста деп хабарлады turkystan.kz ҚазАпаратқа сілтеме жасап. Ордабасы аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде босанған Сәндігүл Үсенбекова жасанды жолмен жүкті болған. 15 наурыз күні ол ота жолымен дүниеге ұл бала әкелді. Нәрестенің салмағы – 4 510 гр. Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы жақсы. Ауылдық ауруханада дәрігер болып қызмет атқаратын әйел жас келгенде босанудың оңай емес екенін айтады.
«Өзімнің қызметім дәрігер болғандықтан, жақсылап күтіндім. Сондықтан, қиындықтар туындамады. Әкесі менен 10 жас үлкен. Қазір жүгіріп жүріп, құжаттарын жасатып жатыр. Қуанышында шек жоқ. 73-тегі анам да мені перзентханадан шығарып алуға келе жатыр. Тұңғышым – қыз бала», - дейді Сәндігүл Үсенбекова.
Бұл – отбасындағы екінші сәби. Кеш тұрмыс құрған ана тұңғыш қызын осыдан үш жыл бұрын, яғни 51 жасында босанған. Сәбиін бауырына басқан ананың қуанышында шек жоқ. Дәрігерлерге алғысы зор. Бүгін зейнет жасындағы әке перзентін алып кетуге келді. Сәрсен Қошанұлы да шекесі торсықтай ұл тапқан жарына дән риза. Нәрестенің есімін Нұрмұхаммед деп қойыпты.
«64 жаста ұлды болдым. Мынау қызымды 61 жасымда көрдім. Бұдан да үлкен балаларым бар. Жоғары оқу орнында оқиды. Бір қызым тұрмыста. Жиендерім бар. Перзентім осымен жетеу болды», - дейді Сәрсен Қошанұлы.