Алматы облысында 14 жастағы оқушының неден қайтыс болғаны белгілі болды

Алматы облысында 14 жастағы оқушының неден қайтыс болғаны белгілі болды

Алматы облысында 14 жастағы оқушының неден қайтыс болғаны белгілі болды
ашық дереккөзі
Алматы облысында көз жұмған 14 жастағы Айболаттың туыстары оқушының өліміне әлімжеттік себеп болды дейді. Қара жамылған отбасы ұлымызды жоғары сыныптың оқушылары мен студенттер соққыға жыққан деп отыр деп хабарлады turkystan.kz ktk.kz сайтына сілтеме жасап. Ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балалардан үнемі ақша жинап, күш көрсетеді дейді марқұмның жақындары. Іш-құрылысына зақым келген 9-сыныптың оқушысы үш күн бұрын ауруханада бақилық болған. Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ауруханада көз жұмған 14 жастағы Айболатты туыстары кеше ғана жер қойнына тапсырыпты. Бұл қаза тұтас бір әулетке ауыр соққы болған. Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға әлімжеттік себеп дейді.
«Келді үйге, он жарым, он бір кезінде. Келді де, құсты. Құсқан соң жедел жәрдем шақырдым. Міне, балаңызды көріңіз, ішектері жарылып, іріңдеп кеткен. Ішін қатты соққан, қан ұйып қалған деді. Балам сап-сау жүрген. Осындай болады деп ойламадым», - деді А. Мұратханның анасы Сайрат Ұғыбай.
Марқұмның телефонын қарап шыққан жақындары ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балаларды бопсалап, үнемі ақша жинайтынын біліпті. Айболатқа қатарластары жіберген аудио-хабарламалардан байқағанымыз, 9-сыныптың оқушылары үлкендердің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын көрінеді. Айболаттың ағалары ініміз таяқ жеп, ауыр жарақаттан бақилық болғанына сенімдіміз дейді. Бірақ әлі ешкімнің қамауға алынбауы көңілге күдік ұялатыпты.
«Марқұм болған Айболаттың телефонынан жоғары сынып оқушыларының ақша сұрағанын, қанша сұрағанын, не үшін сұрағанына дейін жазылған. Біреудің Kaspi red-ін жауып берген. Біреудің машинасын жөндеуге алған. Біреуге кальян әкеп берген. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы полициясы бөлімінің іс-әрекеті түсініксіз. Тергеудің әділ жүргізілуін сұрамаймыз, талап етеміз», - деді А.Мұратханның ағасы Талғат Нұрман.
Аймен ауылының шеті. Тұрғындардың айтуынша, дәл осы жерде күндіз жұрт малын жаяды, ал түнде оқушылар мен студенттер жиналады. Марқұмның туыстары жоғары сыныптың оқушылары Айболатты осы жерде соққыға жығуы мүмкін деп отыр. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Полиция мәйітті тексеру барысында марқұмның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері табылмағанын жеткізді.
«Арыз ҚР ҚК 106-бабы бойынша тіркелді. Мәйітті тексеру хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ екендігі анықталды. Өлім себебін анықтау үшін қажетті сұрақтар қойылған сот - медициналық сараптама тағайындалды», - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Баланың өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алуын талап етеді.