Елена Рыбакина алғаш рет Индиан Уэллс турнирінің финалына шықты

Елена Рыбакина алғаш рет Индиан Уэллс турнирінің финалына шықты

Елена Рыбакина алғаш рет Индиан Уэллс турнирінің финалына шықты
ашық дереккөзі
Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің финалына шықты деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Елена Рыбакина жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады. Олар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші ұтқан еді. Бұдан екі ай бұрын Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 1-ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен жеңген. Бұл жолы бірінші партияда Елена брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:2. Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін есеп 5:1 болып, өзі доп бергенде, екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2. Елена Рыбакина 1 сағат 15 минутқа созылған ойында 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті. Осылайша, қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасын айқын басымдықпен ұтып, спорттық карьерасында алғаш рет Индиан-Уэллс жарысының (жүлде қоры – 8,8 миллион АҚШ доллары) финалына өтті. Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады. Арина Соболенко жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:2, 6:3.