Жаңалықтар

Париж Олимпиадасында алтынсыз қалуымыз мүмкін – Аслан Қаженов

ашық дереккөзі

Париж Олимпиадасында алтынсыз қалуымыз мүмкін – Аслан Қаженов

Қазақстанда салалық журналистика ретінде спорт бағытының мектебі қалыптасқан. Тарихқа көз жүгіртсек, Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Сейітхан сынды журналистер дәл осы саланың іргетасын қалады. Қазіргі уақытта да спорттағы жаңалықтарды елге бірінші болып жеткізіп, өзекті мәселелерді қоғам талқысына салып, отандық спорттың дамуына тамшыдай болсын үлесін қосып жүрген журналистер бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Аслан Қаженов – спорт журналисі. Turkystan.kz тілшісі «Хабар 24» арнасының корреспондентінен отандық спорттағы жетістіктер мен мәселелерді, бөлініп жатқан қаражат пен Париждегі жазғы Олимпиадаға қатысты болжамын сұрап көрді. – Отандық спорттағы жетістіктер туралы айтып өтсеңіз. Қазір кімдерді ауыз толтырып айтуға болады? – Ең алдымен, Шавкат Рахмоновтың жеңісі – қазақ спортына үлкен серпіліс әкелді. Сол жеңісінен кейін ол UFC-де орта салмақ бойынша әлемдік рейтингте 9-орыннан 6-орынға көтерілді. Бұл – қазақ аралас жекпе-жегі үшін сенсация, Шавкат сол биіктікке бірінші болып жетті. Қазір тек қазақ жанкүйерлері емес, бүкіл әлем ол туралы айта бастады, Шавкатқа қызыға бастады. Америкалық журналист Лаура Санко Шавкаттың фанатына айналып, «өмір бойы оған жанкүйер боламын» деп қазақша үйреніп жүр. Екінші – біздің кәсіпқой боксшыларымыз. Әуесқой бокста масқара болып жатсақ та, кәсіпқой бокста жігіттер керісінше көтеріліп жатыр. Орта салмақта Головкин бірінші орында, Жәнібек Әлімханұлы көтеріліп келе жатыр, қатарға Мейірім Нұрсұлтанов қосылды, ал Жанқош Тұраров жақында чемпиондық белдік үшін жұдырықтасады. Олардың да жетістіктерін бүкіл әлем талқылап жатыр. Одан кейін Елена Рыбакинаның Australian Open финалына шығып, күміс жүлде иеленгені отандық тенниске үлкен серпін әкелді. Рыбакинаға дейін қаншама легионерлер алынды, оларға миллиардтаған ақша төленді, бәрін Рыбакина ақтады. Соның арқасында тенниске қызығушылық танытқан жастар көбейіп келеді. Үздік үштік деп осыларды атар едім.

«Жеңіліп қалса да, Олимпиадаға қазақ баласы барсын»

– Желідегі парақшаңызда спорттағы біршама мәселелерді көтеріп жүрсіз. Солардың ең маңызды дегендеріне, отандық спорттағы мәселеге тоқталсақ. – Мәселе өте көп. Жеңіл атлет Нора Джеруто деген легионер спортшымыз бар екенін білесіздер. Сол туралы жазғаным желіде қатты талқыланды. «Апамның аяғы ауыр боп қалыпты» деген жазба жарияладым. Бұл – масқара жағдай. Өйткені біз ол спортшыны сатып алдық. Ақшасының қанша екені белгісіз. Бірақ әлемдік деңгейдегі спортшылардың аз ақшаға келіспейтіні белгілі. Ол – құпия, бірақ мемлекеттің ақшасы. Оған айлық төлеп отырмыз, әлі алатын да шығар. Тіпті, баласын босанып жатса, әртүрлі жеңілдіктер мен төлемақыларға ие болуы мүмкін. Негізі, Қазақстанның жеңіл атлетика бағытында өз мектебі бар, тарихы қалыптасқан. Бұрын Әмен Тұяқов болса, бертін келе Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова секілді қыз-жігіттер көк туымызды күллі әлемде желбіретті. Әйтеуір әр Олимпиададан кемінде бір медаль осы спорт түрінен келетін. Бұл тұста қатты шу болған – елімізге қара нәсілді 4 легионердің келуі. Қазақ қоғамы оны қабылдай қойған жоқ. Өйткені материалдық жағдай онсызда легионер тартатын деңгейде емес. Елде одан да басқа мәселе көп. Содан кейін Нора Джеруто жүгіретін алыс қашықтық (3 шақырым) бізге жақын бағыт емес. Мен әдейі осы спорт ғалымдарымен сөйлестім. Бізде Нора жүгіреді делік, бірақ ол біздің спортшылармен бірге дайындалмайды, үнемі өз жерінде (Кенияда) жүреді. Қазақстандық спортшылар да оның Қазақстанда дайындалғанын көрмегенін айтып, өкініш танытты. Ол үздік делік, бірақ одан кейін елімізде дәл осы бағытта ешкім жоқ. 3 шақырымға қазақ қызы жүгіріп кете алмайды. Өйткені біздің климатымыз, менталитетіміз бөлек. Біздің қанымыз бөлек болғандықтан, жанымызға жақын бағыттар болады. Мысалға, біздікілер қысқа және орта қашықтыққа жүгіруде үздіктер қатарында. Ольга Шишигина, Литвин секілді спортшыларымыз – соның дәлелі. Бізде де бұл бағыт бойынша дайындалып, жаттығып жүрген қазақ спортшылар бар. Олар жетістікке жетсе, біз соған қуанамыз. Мысалға, Нораның әлем чемпионатында топ жарғаны қоғамның ойын екіге жарды. Біз не қуанарымызды, не қуанбасымызды түсінбей қалдық. Әлем алдында қара нәсілді қыздың біздің көк туымызды көтеріп жүргені де біртүрлі, оның қазақ емес екені бәріне түсінікті. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, тәуелсіздік алған жылдары легионерлерге көп басымдық берілді, оларды шет елдерден көптеп тарттық. Өйткені сол кезде «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін көрсету, Әнұранымызды шырқату керек болды. Яғни мемлекеттің аты халықаралық аренада шығу керек еді. Ал қазір 30 жыл өтті, бұрынғы жағдай маңызды емес. «Жеңіліп қалса да, Олимпиадаға қазақ баласы, ауылдың баласы барсын. Олар ел көрсін, жарыстың атмосферасын сезінсін, сосын өзіміздің бала ғой, өзіміз ұрысамыз, өзіміз сынаймыз, өзіміз көтереміз». Бұл – мен әлеуметтік желіде тілдескен көпшіліктің пікірі.

«Федерация халықтың алдында есеп беруді міндет ретінде қарамайды»

Ал бокстағы мәселе тіптен күрделі, тереңге кеткен. Әуесқой бокстың мектебін жоғалтып алдық. Токио Олимпиадасының алдында сәтсіздіктер басталды. Соны сол кездегі басшылық ескермеді немесе шешкісі келмеді. Сол мәселе әлі созылып келе жатыр. Сол Мырзағали Айтжанов – әлі де бокс құрамасының бас бапкері. Халықаралық жарыстарда көрсеткіш өте төмен. Халықтың реакциясы да өте нашар. Ең маңыздысы – бокс басшылығының халықпен байланысқа шықпайтыны. Халықта сұрақ көп... Боксшыларды іріктеуге қатысты да мәселелер бар. Мысалға, осы сұхбат болып жатқан сәтте Алматыда спортшыларымыздың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бірақ федерация ол туралы ешқандай ақпарат таратқан жоқ, ештеңе болмаған секілді. Бұл туралы көбіне жеке боксшылардың бапкерінің парақшаларынан көрем. Олар өз балаларын түсіреді, бірақ артында басқа ұлттың жігіттері жүр. Содан түсінгенім, бұл – бірлескен жаттығу жиыны. Әзербайжан ба, Грузия ма, олар басқа жерден келді. Оны да білмейміз. Негізі білуіміз керек. Сонымен қатар спорт журналистері Токиодан бері боксшылармен еркін, ашық сұхбаттаса алмай қалды. Халық талап етеді. Ал министрлік, федерация өзінше түсіндіреді. Бапкерге де, боксшыларға да қоятын қаншама сұрақ бар. Олар халықпен диалог орнатуы керек. Өйткені, бұл – кәсіпқой бокс емес, олар мемлекеттің қаржысына дайындалады. Қанша қаражат жұмсалып жатқаны тағы да жұмбақ. Жалпы, бізде бокс, дзюдо, күреске өте үлкен ақша бөлінеді. Құрал-жабдықтарын алады, оқу-жаттығу жиындарын төлейді, шетелде қалаған жерлерінде жаттығады, витаминдерін алады, жалпы бәрінің игілігін көріп жатыр. Соңғы рет жалақыларын 2 миллион теңгеге дейін көтеріп берді. Бірақ олар халықтың алдында есеп беруді, ойын айтуды, сұрақтарына жауап беруді міндет ретінде қарамайды. Дәл осы бокс қана қоғам үшін жабық болып қалды, басқа спорт түрлері салыстырмалы түрде ашық. Дзюдо бойынша біздің тарапымыздан айтылған сынға реакция бар, олар жауап береді және ескеруге тырысады. Қаңтар айында Алматыға да шақырды. «Балалармен бірге жүріп, жаттығуды көрші. Олармен сөйлес, біз ешқандай шектеу қоймаймыз. Кімді қалайсың, сонымен сұхбат жаз» деді. Содан кейін барып, көріп, біраз нәрсені түсіндім. Осылайша отандық дзюдода не болып жатқанын жазбалар, сұхбаттар арқылы халыққа жеткіздім. Ол – жақсы. Сол кезде Әбибадан сұхбат алып едім, артынша Португалиядағы жарыста топ жарды. Біздің тарапымыздан спортшыларға ақпараттық қолдау болса, олар содан шабыт алады. Негізінде спортшыларға ақпараттық қолдау қатты қажет.

«Дін спортқа өте кері әсер етіп жатыр»

Елдегі күрестің жағдайы да нашарлау. Бұл спорттың да тарихы бар. Отандық күресті Алматыға барып көрдім. Бастары бірікпейді, бөлек-бөлек. 1-ден 8-ге дейін әр салмақ бойынша жаттығатындай жағдай жасалған. Тамақ, жаттығатын орын – бәрі қарастырылған. Бірақ олардың бөлініп жүретіні бар. Сондай-ақ күресте дін мәселесі – күрделі тақырып. Дін спортқа өте кері әсер етіп жатыр. Мысалға, Токио Олимпиадасында қатты сын болды. Дінге қатты берілген фанаттарда патриоттық сезім болмайды. Намаз оқымасаң, олар ортаға қоспайды. Сонымен қатар дін мәселесі бірте-бірте дзюдоға да, боксқа да кіріп келе жатыр. Бұл жақсы емес. Дін – өте нәзік нәрсе. Оны барынша абайлап қозғауға тырысамыз. Бірақ спортшылардың өздері де, бапкерлері де көбіне бұны мойындамайды. Алайда оны жанкүйерлер, спорт мамандары анық көріп тұр. Қазір букмекерлік компаниялар бүкіл спортты жаулап алған. Футболды толықтай солар қаржыландырады. Бүкіл команда мүшелерінің футболкасында букмекерлік компаниялардың жарнамалары жүреді. Тіпті, олар мемлекеттік арналарға дейін шығып кетті, радиодан да естиміз. Ащы болса да, шындық, отандық спорт букмекерлік компанияларға қарап тұр. – Неліктен спорт тақырыбын көтересіз? Миссияңыз қандай? – Спорттағы мәселелерді жазудағы миссиям – қазақ тілінде көп ақпарат тарату. Халық спорт туралы ақпаратты бізден алып, басқа арналар да бізге сілтеме беруі керек. Сонымен қатар өзім қазақ болғаннан кейін қазақтың көзқарасымен жазамын. Ал орысша ақпарат тарататындар өздерінің көзқарастарымен жазады. Екіншісі – кейбір мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Мүмкіндігінше ықпал етіп те жүрміз. Одан да нәтиже бар. Мысалға, тіл мәселесін көп көтеремін. «Аслан, қара, баннерлердің бәрін қазақша істедік. Бағдарламаны қазақша жаздық» деп жазып жатады. Одан бөлек, «сенің дауыңнан кейін есіктердегі «вход», «выход» дегендерді «кіру», «шығу» деп ауыстырып тастадық» деп фото жібереді. Бұның өзі – жеңіс. – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ.