ҚХП мүшелері ШЫҰ бақылаушылар делегациясымен кездесті

ҚХП мүшелері ШЫҰ бақылаушылар делегациясымен кездесті

ҚХП мүшелері ШЫҰ бақылаушылар делегациясымен кездесті
ашық дереккөзі
ҚР Парламенті Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттар сайлауы қарсаңында Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесіне Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) бас хатшысының орынбасары Сергей Логвинов бастаған байқаушылар делегациясы келді. Кездесу барысында ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин шетелдік қонақтарға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Қазақстанды жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан реформаларды тілге тиек етті. Ол пропорционалды сайлау жүйесінен аралас, пропорционалды-мажоритарлық жүйеге көшу мәселесіне тоқталды.
«Біз сайлау үдерісіне оптимистік көзқараспен қарап отырмыз. Барлық қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын танытуға шақырамыз»,  – деді Н.Сайфуллин.
ШЫҰ делегациясының басшысы Сергей Логвинов Қазақстандағы демократиялық дамудың оң динамикасын атап өтіп, байқаушылар тобы сайлауға әділ баға беретінін баяндады.
«Қазақстан өзгеріс дәуіріне қадам басып жатыр. Біздің қазіргі миссиямыз ерекше сипатқа ие», – деді ол.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы тұрақты жұмыс істейтін үкіметаралық халықаралық ұйым болып табылады. Оның құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. ШЫҰ-ның негізгі мақсаты ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайту, олардың түрлі салалардағы ынтымақтастығына жәрдемдесу, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету және қолдау болып табылады.