Қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды – Бибігүл Жексенбай

Қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды – Бибігүл Жексенбай

Қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды – Бибігүл Жексенбай
ашық дереккөзі
Саяси партиялардың өкілдері үгіт-насихат басталғаннан бері еліміздің барлық өңірін аралап, бағдарламаларын таныстырды. Кеше «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өткен теледебаттарда сөз таластырған партия өкілдері әр дауыс үшін күресетінін дәлелдеп бақты. Кезекті пікірсайыстың ұйымдастырылуы және өту дәрежесі туралы Парламент Сенатының депутаты, журналист Бибігүл Жексенбай Facebook парақшасында пікірін білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазір әлемде сайлау науқаны кезінде дебат өткізу кеңінен пайдаланылады. Әсіресе,  теледебаттар парламенттік республикаларда (Германия, Италия, Үндістан және т.б.) саяси науқанның ажырамас бөлігі.  Онда кандидаттың жеке басы емес, партия бағдарламасы басты назарда болады. Біздің елімізде жылдар бойы саяси бәсекелестік болмауы, теледебаттар өткізу үрдісінің дамуына да кедергі болғаны рас. Аракідік өткізілетін теледебаттарда көрермендерді тұщындыратын дүние аз болғаны айқын. Саяси бәсекелестік мәдениеті қалыптаспағандықтан үміткерлердің жеке басынан мін іздеу, кемшіліктерін шұқылау жиі болатын», - деп жазды ол.
Бибігүл Жексенбайтың айтуынша, пікірталастың өзі билік жұмысының бағыт-бағдарына айналып келеді деуге болады.
«Елдегі қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды. Сын айту мен қабылдау мәдениеті де қалыптаса бастады.  Жария пікірталас әртүрлі функцияларды атқарды. Парламенттік партиялар үшін олар өз ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік берсе, жаңа партиялардың танылуына көмектесті. Сайлауалды бағдарламаларын қысқа да, нұсқа көрермендерге жеткізуге мүмкіндік болды. «Хабар» телеарнасында өткен теледебаттың елімізде тек саяси мәдениет қалыптасуында ғана емес, телевизиялық дебат ұйымдастыруда оң өзгерістердің бар екендігіне күә болдық», - деді ол.
Журналист дебаттың ұйымдастыру дәрежесіне тоқталды. - Дебат қызу өтті. Көрермен ішін пыстыратын сәттер болмады. - Дебатқа саяси партиялар жетекшілерінің қатысқаны маңызы мен салмағын арттыра түсті. - Дебаттың регламенті  дұрыс ойластырылған. Соның арқасында қатысушылар өз бағдарламаларын дұрыстап жеткізе білді және бір-біріне кедергі жасамай, сұрақтарға толық жауап беруге мүмкіндік алды. - Дебат елімізде саяси пікірталас мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетті. -  Дебатта шоу элементтерінің пайдаланылуы өте сәтті шықты. - Залдың әдемі рәсімделгенін де ерекше айтып өту керек. Студияның декорациясы. Ең бірінші көрерменді тартып, басында назарын ұстап тұратын  декларация екені аян. - Интерактивті мүмкіндікдер. Көрермендерден 2 мыңға жуық сұрақтар түсіп, олардың бірқатарына жауап тікелей эфирде берілуі. - Студияға партия жақтаушыларының шақырылып, өз кандидаттарына қолдау көрсетуге мүмкіндік берілуі(әзірге шоу элементтері аздау) - Дебат тізгіншілері Дархан Абдуахит пен Айгуль Адилованың кәсіби жүргізуі. - Кандидаттардың да теледебатқа үйрене бастағаны байқалады. Артық сөзсіз, өз ойларын түйіндеп жеткізуде алдыңғы кездерден ілгерілеушілік бар. Әрине, саяси тәжірибесі мол кандидаттардың сөзсаптауы, өзін ұстауы көзге түсіп тұр.
«Қалай болғанда да қазіргі кандидаттар арасындағы пікірталас сайлаушыға үміткерлердің әрекетін, оның сайлаушылардың өтінішіне жауап беру қабілетін көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ  пікірталас – сайлаудың бәсекеге қабілеттілігінің, кандидаттар туралы ақпарат алу мүмкіндігі тұрғысынан олардың ашықтығының да көрсеткіші екені анық. Жалпы бұл пікірсайыстардың нақты  нәтижесі  дауыс беру болып табылатындықтан», - деп жазды ол.