Сирек кездесетін дертті жеңген қыздың кітабы әлемнің 6 тіліне аударылды
Сирек кездесетін дертті жеңген қыздың кітабы әлемнің 6 тіліне аударылды
Қазір «мотивация» сөзін жиі еститін болдық. Көбі бұл тақырыпта түрлі курс өткізіп жүрсе, Жәмилә Бақтиярқызы кітап жазып шығарды. Осы орайда көкейімізде «Қаршадай қыз қандай мотивациялық кітап жазуы мүмкін?» деген сұрақ туындауы заңды. «Күрес», «Сенім», «Жеңіс» деп аталатын үш тараудан тұратын «Бәйшешек» кітабында ол өзгенің емес, өз жайын баяндайды. Он жыл бойы ауыр дертпен күрескен жасөспірім қыз сөйлей алмай, аурухана төсегіне таңулы жатқан кезде айналасындағылармен қағаз, қалам арқылы тілдескен болатын. «Қиын сәтте екі әлем мен үшін таласты, ал мен өмір үшін күрестім» деген ол бұл жолы жеңіске жету тарихын қағаз бетіне түсіруді жөн көріпті.
«Түрменің қара бұрышында жатқандай сезіндім...»
«Аяқ-қолым байлаулы, айналам жүрегімнің лүпілімен жарыса әндеткен аппараттарға толы, кеңірдегім қалың түтіктің кесірінен кеуіп кеткен. Жанымда айналшықтап бір әйел жүр.
...Кенеттен қолымның ашып жатқанын сездім. Маған система арқылы бұлшық еттердің жұмысын реттейтін «калий» деген дәруменнің сұйық түрін тамызып жатқанын түсіндім. Тамырды күйдіріп тастайтын бұл дәріні асықпай тамызу керек еді, мынау болса құйылып-ақ тұр. Тамырларымның ашып жатқанын айта алмаймын, білдіре де алмаймын. Себебі аузымда өкпемді жасанды желдететін аппарат тұр. Қолымды көтеруге күш жоқ, оған қоса төсектің шетіне байлап қойыпты. Аяғым да байлаулы. Өзімді құдды бір салқын түрменің қара бұрышында жатқандай сезіндім», – дейді шарасыз күйде жатқан Жәмилә. Оның сырқаты қаншалықты ауыр екенін осы сөздерден анық аңғарасың.
«Бүгінгі таңғы асты әкемнің қолынан ішкім келді. Бұл тілегімді қағазға жазып жеткіздім. Әкем медбикеден тамақ құятын шприцті толтырып, бейберекет шатасқан сымдардың ішінен тамақ құйылатын жіңішке түтікті тауып, жайлап құя бастады. Тамақты өз тісіммен шайнап, өз күшіммен жұтпағаныма біраз күн болды. ...Сансыз сымның арасында жатқан әлсіз денемді көтермегелі қашан...».
Осы жолдарды оқып отырып, қаршадай қыздың шыдамдылығына таңданбасқа шара жоқ.
Жәмилә жансақтау бөлімінде кездестірген медбикелерді өмірінде кездескен ең мықты батырлар деп біледі. Өзі айтқандай, бұл жер нағыз майдан еді. Қаншама адам өмір үшін күресіп, жанталасқан бөлмеде оның ең көп сырласқан адамы да осы медбикелер болатын. Ақ халатты абзал жандар оның көп жата бергеннен ойылып кеткен беліндегі жараны таңып, мазь жағып, массаж жасап береді. Аптасына бірнеше рет жуындырып, шашын өреді. Өздігінен дем ала алмай, аппаратта жатқан оның жанына келіп, кітап оқып, түрлі ертегілер, әңгімелер айтып ұйықтатады. Олардың не айтқанын ұмытса да, мейірімге толы жүзі мен адал ниеті мәңгі жүрегінде қалды.
Соңғы мүмкіндік...
Осылайша, сабырды серік етумен уақыт шіркін өте берді. Дәрігерлер ағзаның дертті жеңіп шығатынынан үміттеніп, үш жыл бойы ем жүргізгенмен нәтиже аз болды. Енді соңғы мүмкіндік – ота жасату. Оны Кореядан келген дәрігерлер жасайтын болды. Жәмиләнің шетелге бармасам екен деген тілегі де орындалды. Ол сау кезінде елінен жырақта жүруге он күннен артық шыдамағанын айтады.
«Туған топырағым – Қазақстаным бойыма рух сыйлайтын. Кейде ауыр дертпен күресте туған жерімнің де көмегі көп болды деп ойлаймын», – дейді ол. Бір тамшы суға зар болып, астың дәмін ұмытқан сәтте аштық жылдарын бастан өткерген ата-бабамызды, бір литр қанын тазалауға алып кетіп, өңі сұрланып, жаураған сәтте Желтоқсанның аязына төтеп берген аға-әпкелерімізді есіне алғанын айтады. Сөйтіп, қандай жағдай болса да, берілмеуге бел буады. Төсекке таңылып жатса да, «бұл ауруды жеңемін де, халқыма пайдам тиетін азаматша боламын», – дейді қайсар қыз.
Жәмилә ауыр дертпен арпалысып жүргенде қатарластары бір-біріне хат жазысып, алғаш рет ғашықтық сезімді бастан өткеріп жатқан. Мұны әлеуметтік желіден байқаған ол қызыға қарайтын, бірақ өміріне өкпе артқан емес. Керісінше, Жаратушыға деген сенім оның жанын жадыратты. «Алғашқы махаббатым да, сенім мен сезімге толы жаным да Аллаға арналды. ...Мен ауруымды қатты жақсы көре бастадым, себебі ол мені Аллаға жақындатты», – дейді ол ағынан жарылып.
«Бәрінен бұрын бұл кітап менің диагнозыммен ауырып жатқан адамдардың қолына түскеніне қуанамын. «Рақмет сізге. Күресуіме шабыт берді» деп жазылған хаттар келіп жатыр. Көбі сөйлескісі, кездескісі келетінін айтады. «Жұғысты болсыншы» деп, қолымды алғысы келеді.
Адам басына қиындық түссе, қайсарлық танытып, күресуі керек. «Жарық күнім туады, жазыламын» деп армандау қажет. Алға қарай талпынуды тоқтатпау керек. Жақындарыңның қолдауы маңызды. Дегенмен адамның ішкі сенімі бірінші орында.
Мен кімге сендім? Қалай күрестім? Әрине, алдымен Аллаға сендім. Бұлттан кейін күн шығатынына сендім. Бала болсам да қиялдайтынмын. Адамның қиялы, жақсылыққа деген сенімі ағзасына оң әсерін береді екен. Адам баласы болғаннан кейін түрлі ой мазалайтыны рас. Дегенмен үмітті үзбеу керек», – дейді ол.
Сонымен қатар кітапта он жыл бойы жанынан табылған жақындарына, дәрігерлерге, ауырып жатқан сәтте үйіне барып білім берген аяулы ұстаздарына және күрес жолында қол ұшын созған жандарға алғысын білдірген. Бас кейіпкер жасөспірім болғандықтан шығар, қазір бұл кітап мектеп оқушылары тарапынан да үлкен сұранысқа ие. Осыған дейін Астана, Орал, Алматы, Талдықорған қалаларында арнайы кездесулер ұйымдастырылған. Жәмилә жақында Шымкент қаласында өткен апталықтан үлкен әсермен оралғанын жеткізді. Қаладағы мектептер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кітапханада кездесулерде мектеп оқушылары ерекше әсермен қарсы алып, түрлі сұрақ қойғанда тосылып қалған сәттері болғанын айтады. Кітапхана ұжымы кітаптың аудио нұсқасын да жасап қойыпты.
Газет редакциясында[/caption]
Өмір деген күрестен тұрады емес пе? Әрбір адам сол күресте жеңуге талпынады. Жәмиләның жеңісті жолы басқаларға жұғысты болсыншы!