Жаңалықтар

Екі қолынан айырылған азамат асылтұқымды құс өсіреді

ашық дереккөзі

Екі қолынан айырылған азамат асылтұқымды құс өсіреді

Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Тайбек Өте­генов кәсіп бастауға ештеңе кедергі емес екенін дә­лелдеп жүр. Жиырма жыл бұрын кенеттен токқа түсіп, екі қолынан айырылған ол бүгінде құс өсірумен ай­на­лысады. Еңбексүйгіш азамат шаруашылықтың бар жұ­мысын екі аяқтың күшімен басқаруды үйреніпті. Тайбек Өтегенов 2018 жылы «Бизнес бас­тау» бағ­дар­ла­масы бойын­ша 250 мың теңге өтеусіз грант ұтып алып, құс шаруашылығымен ай­налыса бастаған. Бүгінде үйінің жа­нынан ашқан шағын құс фермасында мың­ға жуық асыл­тұ­қым­ды құс бар. Ол мұнымен қо­са ет пен жұмыртқа са­тып, түрлі тех­никаларды жалға берумен де айна­лы­с­ады. 2003 жылы әс­керден орал­ған ол абайсызда ток­қа түсіп қалғанын айтады. Тайбек Өтегенов асылтұқымды құстарды Ресейден әке­летінін айтады. Бүгінде шаруашылықтың жұмысын үш адам атқарып отыр. Келіншегі Арайлым сенімді көмекшісіне айналған. Одан бөлек, тағы бір жұмысшы бар. Өзі де құстардың жемін, суын беріп, бар жұмысты екі аяқтың күшімен атқара береді. Телефонға келетін түрлі хабарламаларға да жауап беріп, клиенттермен сөйлесуді де үйренген. «Құстың еті мен жұмыртқасына сұраныс жаман емес. Ақтау, Ақтөбе облыстарына, Қызылорда, Шымкент қалаларына, тіпті алыс ауылдарға жібереміз. Ерінбей еңбек етсең, жемісін көресің. Жалқау болмау керек. Адам баласы денсаулықтың қадірін білмейді ғой. Он екі мүшесі сау бола тұ­ра өзін бақытсыз санап жүрген адамдарға қарап таңғаламын. Қазақ айтады: «Он екі мүшең сау болса, қа­ра басың ханмен тең» деп. Бір адамның болсын, алға қарай жүруіне себеп­ші болсақ дейміз. Мені алға жетелейтін нәрсе – намыс, өмірге деген құштарлығым. Өмірді жақсы көремін. Он екі мүшең түгел болса, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Бүкіл арман-мақсатқа жетуге болады. Тайбек Өтегенов 2020 жылы «Жыл адамы» атанды. Бүгінде ол жеке кәсібін жүргізумен қатар, қоғамдық іс-шараларға да қатысып тұрады. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – құс шаруашылығын кеңейту. «Қазір түрлі бағдарламалар шығып жатыр. Жастарға беріліп жатқан мүмкіндік көп. Соны пайдаланса деймін. Өзім шаруашылықты үлкейткім келеді. Сөйтіп, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартсам деймін», – дейді Тайбек Өтегенов.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ