Жаңалықтар

Темір нарком

ашық дереккөзі

Темір нарком

Мемлекет қайраткері Темірбек Жүр­ге­нов­тің 125 жылдығы Қа­зақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің ұсынысын қа­был алған орталығы Түркия Респуб­ликасының астанасы Анкара қала­сында орналасқан ТҮРІКСОЙ халық­аралық ұйымының шешімімен барша түркі әлемі елдерінде арнайы атап өтіл­мек. 2023 жыл «Темірбек Жүрге­нов жылы» деп жария­ланды. Мәдениет және спорт министрлігі мерей­тойда атқарылар шараларды еліміздің барлық аймақтарынан жинақтап, республикалық іс-жоспарды бекітті. Онда 150-ден астам, оның ішін­де он шақты ғылыми конференция, театр фес­тивальдары, айтыс және жазба ақындар сайы­с­ы, эсселер байқауы, еске алу шаралары бар. Ұлт рухын қайта түлеткен – Жүргенов «Отаныңмен салыстырғанда ең қым­ба­тыңның өзі арзан» деп Қадыр ақын айт­қан­дай, адамның ең қымбаты – бір шыбындай жа­ны. Темірбек Жүргеновтің 1933 жылы сол кез­дегі Қазақстан басшысы Левон Мирзоян­ның шақыруын қабыл алып, Өзбекстандағы атқарып жүрген Халық ағарту комиссары деген биік лауазымды қызметін қалдырып, өз Отаны – Қазақстанға Халық ағарту ко­мис­сары қызметіне келуі, жеке басының аман­дығынан ұлт мүддесін жоғары қойған биік мұраттан туған шешім еді. Олай дей­тінім, сол кезеңде Алаш ардақтыларының ба­сына қара бұлт үйіріліп, Ахмет Байтұр­сы­нов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаевтар түр­мег­е бір түсіп, бір шығып жүрген зұлмат ке­зең болатын. Оның үстіне, 1931-33-жылдардағы ашар­­­шылықтан Қазақстан екі жа­рым миллион халқынан айырылған, тірі қалғандардың мұқтажы да, мақсаты да тек қарын тойдыру ғана болған, мемлекеттің экономикалық жағдайы тұралаған, талшық етерлік нәпақа үшін, әсіресе басының аман­дығы үшін бір жарым миллион қазақ Өз­бек­стан мен Түрікменстанды паналап, одан Ауғанстан ауып босқындыққа ұшы­ра­ған адам айтса нанғысыз, жантүршігерлік ауыр жыл­дар еді. Шақыруды қабыл алмай, Өз­бекстанда сол қызметінде қала бергенде, мүм­кін, «халық жауы» деген жаладан аман қа­лып, атылып кетпеген болар ма еді деген ой көкейде тұрады. Ресей құрамындағы Қазақ Автономия­лық Республикасының Халық ағарту комиссары қызметіне кіріскен Темірбек Жүр­генов орта білім жүйесін жолға қойып, елі­мізде 4000-дай, бір Алматының өзінде 18 мек­теп салғызған. Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетін, Тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университет) ашқызған. Абай атындағы опера және балет театрының қазығын қақ­қызып, іргетасын қалатқан да Т.Жүргенов бо­латын. Табиғи таланттарды іздеп тауып, олар­ға жағдай жасап, яғни 1936 жылы Мәс­кеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін жарқыратып көрсетті. Т.Жүргенов 1923-27 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті бола жүріп, Түркістан Республикасындағы Қа­зақ­станның өкілетті өкілі (1923-25), Ташкентте алғаш ашылған Қазақ педагогикалық инс­ти­туттың директоры (1926-27) қызметтерін атқар­ған. Осы қызметтердегі атқарған істері жайлы сәл кейінірек. Нарком Жүргенов Әбілқасым Фир­доу­сидің әлем әдебиетінің жауһары саналатын «Шахнамені» өзінің ұстазы, Сыр сү­лейі Тұрмағанбетке аудартуды ойлас­тыр­ған. Осы іске кіріспес бұрын, ағартушы ға­лым, қоғам қайраткері, 1912 жылы қазақ­тың тұңғыш әліппесін құрастырушы Қоңырқожа Қожықовты ел аралап «Шахнаменің» аудар­маларын тауып келуге жұмсайды. Қоңыр­қожа Қожа Ахмет Яасауидің шәкірті, ғұлама, ойшыл Сүлеймен Бақырғанидің аудармасын тауып әкеледі. Оған қоса, Молда Ораз аудар­масын да қолына түсіреді. Қоңырқожа тауып әкелген кітап сопы­лық ағымдағы әдеби ескерткіштердің XII ға­сырдан сақталған аса құнды олжа еді. Бұл – түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ туын­ды, оны жазған Сүлеймен Бақырғани – сопылық ағымның ірі өкілі. Ал Молда Ораз XIX ғасырдың шамамен отызыншы жыл­да­рының ортасынан жетпісінші жылдарына дейін «Шаһнаманың» парсы, араб, шағатай тіл­деріндегі нұсқаларынан үш тәржіме жа­сағанын Темірбек салыстыра отырып оқы­ғанда анықтаған. Қоңырқожа тауып келген Бақырғани қолжазбасын оқуға талай түн­дерін сарп етті. Анықтағаны, бұл қолжазба «Шаһнаманың» толық тәржімесі емес болып шықты. Мұны ол баяғы қадірменді ұстазы Тұрмағамбет ұғындырған дәрістердің өзіне тәжік елінде жүрген кезінде кәдеге асып, біршама жетілдіргендей болған тілдік қоры арқасында, парсыша нұсқамен салыстыра отырып анықтады. Ораз молда мен Шәді төре аудармаларының көп сөздері түсініксіз еді. Өйткені бұл ақындар дастанды тек қа­заққа ғана емес, барлық Орта Азия ха­лық­тарына тәндігін танытатындай етіп, сол кездегі әдеби ортақ тіл деп саналатын шаға­тайшаға бейімдеп аударғандығына көзі жет­ті. Оны біздің қарапайым қазақтың тү­сіне қоюы қиын болатын. Тұрмағанбет Ізтілеуовті Алматыға алдыртуының негізгі себебі Ә.Фир­доусидің 1000 жылдығына Қазақстан мем­лекетінен «Шахнамені» аудартып мерей­тойға тарту жасау болса, екінші себебі, Мир-Араб, Көкілташ медреселерінде білім ал­ғаны, өлеңдерінің соңына ауыз әде­бие­тінен қалыптасқан үрдіспен «Дамолла Тұр­мағанбет қолым қойдым» деп жазатыны, дін­шіл, Құдайшыл ретінде танылып, сол жыл­­дары Тұрмағанбет Қазалы мен Қар­мақшы түрмелеріне түсіп, қайта-қайта тер­ге­ліп, басына қатер төніп жүргенін біл­ген­діктен ұстазын түрме азабынан құтқару мақ­саты да болған. «Шахнамені» қазақ тіліне тәржімалау жай­лы ұсыныс айтылғанда Тұрмағанбет: – Мен «Шаһнаманың» парсышасын да, араб­шасын да, түрікшесі мен шағатайшасын да оқығанмын. Талай оқиғасы санамда сайрап тұр. Дастанның көп жерін жатқа да білемін. Аудармай несі бар, – деп сенімділік танытқан. Әбілқасым Фирдоусидің 60 мың бәйіт­тік «Шахнамесін» Тұрмағанбет біз­дің ұлттық салт-дәстүрлерімізге сәйкес кел­мейтін, әдет-ғұрыптарымызға жат эпи­зод­тарды саналы түрде қысқартып, қазақ қауы­мы қабылдай алатындай етіп – «Өлең­мен он бір буын он ай жазып, Бітірдім маң­дай сипап, шаршап терлеп» деп өзі айт­қан­дай, 40 мың жолдық шығарма тудырған. Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов: «Мұны ау­дарма деп емес, қазақша жазылған ва­рианты деп бағалаған дұрыс» деген тұ­жырым жасаған. Тұрмағанбетке қатысты бір назар ау­дарарлық дерек. Алматыға келгесін Тұре­кең сыйлы інісінің үйінде отырғанда, «Ауыл жақтың хабарын айта отырыңыз» де­ген сауалға: – Елімнің көлі кетіп, шөлі қалды, Төренің төресі кетті де, төбеті қалды. Адамның алымы кетті де, залымы қалды. Мал дегенде есек қалды, Үй дегенде кесек қалды. Ерлі-зайыптылар екі айырылып, Құр қаңырап төсек қалды... – деп, Тұрмағамбет ақын әлі жарасы жазыл­маған алапат аштықтан кейінгі елдің жайын бейнелеген. «Қабырғаның да құлағы бар» де­ген­дей, осы әңгіме чекистерге жетіп «қыл­мы­сы қоюлана» түскен. (Бейбіт Қойшы­баев­тың «Комиссар Жүргенов» романынан) Темірбек Жүргенов Түркі жұрты ха­лық­тарының әдебиетін зерделеп, өсу, жаңару үдерістерін үнемі назарында ұстап отыр­ған. 1928 жылы оның «Пролетариат дәуі­ріндегі татар әдебиеті» деген талдауы та­тар және орыс тілінде «Қызыл Татарстан», «Красная Татария» газеттеріне жарияланып, оған қоса «История татарской литературы», «Язык, письменность и литература в мире че­ловечества» және «Татарская литература в эпоху пролетарской диктатуры» атты еңбек­тері 1930 жылы басылып шыққан. Темірбек Жүргеновтің негізгі маман­ды­ғы заңгер. Тума талант болғанды­ғы­нан араб, парсы, шағатай, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген, тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің жауһар­ларымен сусындап өскен, ұлан-асыр біліктілігімен танылған тұлға. Білім-білік­ті­лігінің арқасында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Май­лин, Ғабит Мүсіреповтердей қазақ әде­биеті алыптарының шығармаларына талдау жа­сап, оларға бағыт-бағдар беріп, әдеби пі­кірталастарда батыл ұстанымы болған. Ұлтжандылығының арқасында қазақ даласындай айқара ашылған кең құ­шағына Жамбыл Жабаев, Күләш Бай­сейі­това, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбановтардай талант иелерін сыйдырған. 1934 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мерзімінен бұ­рын түрмеден босатылып, Алматыға ора­лып, тұрақты жұмысқа қабылданбай, қар­жы­дан тапшылық көріп жүргенде Темірбек Жүр­генов оған 300 сом ақша бергізеді. Мәс­кеуде оқып жүрген қазақ азаматтарына қар­жылай демеушілік жасап тұрған. Қазақ, өзбек, тәжік азаматтарын білімдерін кө­теруге Ресейдің орталық қалаларына жі­бер­ген. Олар өз кезегінде іргелі білім орда­лары­нан алған білімдерімен өз елдерінің мә­де­ние­тін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темір­бек Жүргеновтің көрегендігінің және кең­дігінің дәлелі. Темірбек Жүргенов – Алашордашылар идеяларын іске асырушы, тәуелсіздігіміздің себепкері 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігінің бас ұйымдастыру­шы­сы Темірбек Жүргеновтің арқасында КСРО кеңістігіне, Кеңес үкіметінің басшылығына рухы өлмеген қазақ деген ұлт барын, оның жасампаз мәдениетінің, өрісі кең сан қырлы өнері паш етілді. Онкүндіктен кейін Кеңес үкіметінің басшылығы 1931-33 жылдары қол­дан жасалған ашаршылық себебімен қазақ ұлтына жасалған қиянаттарын (мемлекеттік қыл­мыс) іштей сезінді. 1936 жылдың 5 жел­тоқ­санында Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы болып қайта құрылды. Осыған дейін­гі автономиялық статусынан Кеңестер Ода­ғы құрамындағы дербес Республика атан­дық. Осының арқасында 1991 жылы Кеңестер Одағы тарағанда жеке дара мем­лекет болып Тәуелсіздік жариялауға мүм­кін­дік туды! Егерде бұрынғы автономиялық ста­­тус күйінде қалғанымызда, Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресей құрамында қа­лып қойған болар едік. Бұл – тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Мәмбет Қой­гелді мен тарихшы ғалым, жазушы Бейбіт Қой­шыбаевтардың тұжырымы. 2014 жылы қыр­күйек айында Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінде Т.Жүргеновке ар­налған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда заңғар жазушы Әбіш Кекіл­баев­тың: «Темірбек Жүргеновке дейін КСРО кеңіс­тігінде: – Кім лас? Кім надан? Кім жал­қау? – дегенде: – Қазақ ұлтының аты ата­ла­тын. Те­мірбек Жүргенов ұлт мәдениетін кө­теру арқылы қазақты ұлттық кемсіту­лік­тен арылт­ты. Қазақ мәдениеті тек осы үшін ғана Те­мірбекке қарыздар», – деген сөздері ай­тыл­ған ойды айқындай түседі. Темірбек – әкесі Қараның озық ойлы болмысының арқасында жоғары бі­лім­ді болудың барлық баспалдағынан өткен. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, хат та­ныған. Көкілташ, Мир-Араб медресе­лері­нен білім алған қазақтың айтулы шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуовтен дәріс алып, шығыс әдебиетінің жұлдыздары Фирдоуси, Омар Хайям, Сағди шығармаларымен, хикаят-дас­тандарымен сусындаған. Қазалы уезіне қарас­ты Аламесек орыс-түземдік бастауыш мек­тебінде оқып, Перовск қаласындағы Суханс­кий атындағы жоғарғы орыс-қазақ учи­лищесін тәмамдаған. 1921-23 жылдары Орын­бордағы жұмысшы (рабфак) факуль­тетінде білім алған. Орыс тілін жетік білген. 2018 жылы Темірбек Жүргенов Орын­бор­ға келіп Нәзір Төреқұловпен кездеседі. Алаш қайраткерлері шығарған «Қазақ» га­зетінің Кеңес үкіметінің пәрменімен жа­былып қалуына байланысты редакция үйін, баспахана жабдықтарын, қызметкерлерін пайдаланып, бас редакторы Н.Төреқұлов, орынбасары Темірбек Жүргенов боп «Қазақ мұңы» газетін шығарған. Орынбор қаласы Дутов ақгвар­дияшы­ларының қолына өтуіне байланысты «Қазақ мұңы» газеті үш нөмірі шыққаннан кейін жабылып қалған. Т.Жүргеновтің шығармашылығына тал­дау жасаған филология ғылымдарының док­торы, профессор Бағдат Кәрібозұлы: «Қа­зақ әдеби тілі, қазақ тілінің тер­ми­но­ло­гиясы» деген мәселелерде Т.Жүргеновтің Ах­мет Байтұрсынұлы жолын ұстана оты­рып,«Қазақ тіліндегі терминология мәсе­ле­лері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағ­дай­лар» делінетін еңбектер жазғаны қазақ тіл білімі ғылымының өсіп-өркендеуіне, дамуы­на қомақты үлес болып қосылды.... Ол қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін А.Пушкин шығармашылығы туралы жазылған «Орыс хал­қының ұлы жазушысы және қазақ хал­қы» деген мақаласында көтерді... «Қазақ­стан­дағы мәдениет революциясында» осы ой те­реңдетіліп, кеңейтіліп айтылды. Барша жақ­сы істің, игілікті, ізгілікті жұмыстардың бастамашысы бола білген Т.Жүргенов қазақ әдебиетін дамытуға да мемлекеттік тұрғыдан жа­нашыр бола алды, тікелей басшылық жа­сады. Оның Б.Майлиннің «Шұға» пьесасына жаз­ған «У Шуга» атты пікірі, Ораз молданың ау­дармасы негізінде жазған «Казахский пе­ревод Шахнама» атты ғылыми мақаласы, «Тер­ме» жинағына енгізген Шернияз, Едіге, Ба­зар жырау туралы пікірлері, «Қазақ хал­қының ақындары мен жыршылары», Асан қай­ғы туралы жазылған «Жерұйық» мақа­ла­лары – бұлар қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясында айрықша бағаланатын сал­мақ­ты дүниелер. Бұлар әдебиет пен өнердің әр­түрлі салаларының зәру мәселелерін кө­терген және олардың шешу жолдарын көр­сет­кен алғашқы ғылыми еңбектердің бірі бо­лып саналады. Т.Жүргеновтің ойлары мен тұ­жырымдарына, жазған-сызғандарына, ат­қарған қызметіне тән ортақ сипат бар. Ол – жаңашылдық, ол – бастамашылдық, ол – тия­нақтылық, ол – білімдарлық, ол – жігер­лі­лік, ол – принципшілдік, ол – реформатор­лық. Осылардың барлығын қосқанда Т.Жүр­­геновтің ағартушылық тұлғасы мойын­­далады» деген. Менің он жылға жуық Т.Жүргенов атын­дағы қоғамдық қорға жетек­шілік еткендегі байқағаным, Темірбек Жүргеновтің Өзбекстандағы Халық ағарту ко­­миссары қызметіндегі еңбектері, баян­да­малары, сөйлеген сөздеріне қол жеткізу мүм­кін еместігі. Темірбек 1923 жылы Қазақ­стан­­ның Түркістан Республикасындағы өкі­летті өкілі қызметіне кіріскеннен Орта Азия елдерінің шекаралық межеленуге қа­тысты мәселелерімен айналысып, қазақ, қыр­ғыз, өзбек, түрікмен, тәжік, қарақалпақ ха­лықтарының тарихына, географиялық қоныстануына, демографиясына қатысты материалдарды жинақтады. «Орта Азия республикаларында тұратын қазақтардың жағдайы» атты тарихи-этнографиялық ең­бек жазды. Түркістан өлкесіндегі Жетісу мен Сырдария губернияларын Қазақстанға қосу мәселесінің оң шешілуіне ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Зерттеу-зерделеу материалдарын САГУ университетін бітірердегі «КСРО мен Қа­зақстанды әкімшілік-шаруашылық тұр­ғыдан аудандастыру мәселесі» атты дип­лом­дық жұмысымен түйіндеді. Мемлекеттік емтихан комиссиясы оны үлкен еңбек деп ба­ғалап, жеке кітап етіп шығару жөнінде ар­найы шешім қабылдаған. Орта Азия мемлекеттік университет профессоры Н.Фио­летов кітапшаға алғы сөзінде: «Бұл еңбек өзек­тілігімен, маңыздылығымен, тақырып­тың жан-жақты ашылғандығымен диплом жұмысы деңгейінен жоғары...» деп бағалаған. Т.Жүргенов университеттің мемлекеттік право факультетіне ғылыми қызметке қал­дырыл­ды. Темірбек Жүргенов неге атылды? Жоғарыда айтылған Мәс­кеудегі он­күн­діктен кейін нарком Т.Жүрге­нов­­тің ата­ғы жер жарды. Одақтық, респуб­ли­калық баспасөз ақпарат құралдары жа­бы­ла және жары­са жазып жатты. Мақтаса, ас­панға шығаратын, даттаса, жер­ге тығатын қа­зақтың қанына сіңген әсірешіл қасиетімен Те­мірбек Жүргеновтің сан қырлы та­ланты мен ұйымдастырушылық қабілеті жайлы мақ­таулар мен м­а­дақ, көтерме сөздер, тіпті арнау өлең­дер жазылып аты аңызға айналды. Сол кезеңнің ғасырлық құрылысы аталған «Түр­кістан – Сібір» темір жолы іске қосылып, қа­зақ даласында жүздеген жүк вагондарын тір­кеген паровоздар ағылып жатты. Рухы қай­та оянған әр қазақтың үкімет пен пар­тия­ға, оның «ұлы көсемі» Сталинге сенімі арт­ты. Мақтауға тұрарлық Темірбектей рух­ты перзенттерін өлеңге, әнге қосты. Ақын Әбділда Тәжібаев жазған «Паровоз» атты өлең­де – «Бастаушым компартия ұлы Ста­лин,/ Қолынан путевкасын берген маған./ Сон­дықтан Отанымды шыр айналып,/ Дауы­сым жер жарады дабылдаған./ Айналам жай­­­наған,/ Жайнаған./ Алтын таң./ Ұранын Те­мір Нарком орындаған,/ Аумаған, ауыс­па­ған құрыш табан./ Жарқырап жүз мың вагон же­тегімде,/ Әнімді естіртемін аңқылдаған./ Паровоз, арқыра, зуылда,/ Жарқыра өндірте, артылта-артылта!...» көріп отырғаныңыздай, Темір нарком – Жүргенов Темірбекті Ста­лин­ге жақындатып, паровозға теңеп отыр. «Па­ровоз» әні атақты әнші Манарбек Ержа­нов­тың орындауында қазақ аспанында қалық­тады. Темірбектің дұшпандары қызғаныштан іштері жарылардай күйінді. Жаулары көбей­ді. Естіген жұрт, қазақ ауылдарындағы, еңбек ұжым­дарындағы, мектептердегі көрке­мө­нер­паз үйірме мүшелері әнді қағып алып, ауыз­дан-ауызға көшіріп шаттана шырқап жүр­ді. 1937 жылы Мәскеу биліктің пәрме­ні­мен Т.Жүргенов Семей сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кан­­дидат болып ұсынылды. Бұл деген, Т.Жүр­геновті Қазақстан үкіметінің басшысы немесе орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болатынының хабаршысы еді. Осының алдында Семей пароходствосының бастығы Чик деген азаматтың үстінен «Троц­кийшіл» деген арыз түсіп оның партиялық мәселесі қаралған бюро мәжілісінде сол кез­дегі Қазақстанның Ішкі істер комиссары За­лин: «Мынаның партиялық мәселесін ше­шіп беріңдер, бұл халық жауы, аттырып жіберемін», – деп қаһарланған. Үзіліске шық­қанда әлгі Чик өзі атылып өлген. Т.Жүр­ге­нов Залинге, – Сен не істедің, кінәсі дә­лелденбей жатып, оның үкімін шығарып, аза­маттың өліміне себепші болдың, деп әді­летсіз сөзін бетіне басқан. Залин, – Ол – қыл­мыскер, кінәсін білгесін атылып өліп отыр деп ақталған. Міне, Жүргеновтің жар­қырап жұрт алдына шыққаны, қызғаныштан көре алмаушылардың көбеюі, осыған дейінгі ұлан-ғайыр істері Темірбекті Жоғарғы Кеңес­­тің депутаты боп сайланып кетпей тұр­ғанда тұтқындау жоспарын құруға және оны жедел түрде орындауға итермеледі. За­лин зымиян ойын іске асырды. 1938 жылы 25 ақпан күні НКВД-ның жер­төлесінде атылып, мүрделері қапқа салы­нып, Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Сүлей­мен Есқараев т.б. барлығы 19 мемлекет және қоғам қайраткері құпия түрде Алматы қаласы жанындағы (Боралдай) «Қандысай» деген жерге апарып тасталған. Жерленбеген. Көз­дерін көр топырақ көмген. Сол жерді сая­жайға айналдыру шешімі шығайын деп тұрғанын білген Мардан Байділдаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері наразылық та­­­нытып сақтап қалған. 1992 жылы халық­тың талабымен қойылған ескерткіш белгі бар. Темірбектің әкесі – Қара Жүргенұлы Қара, (шын есімі – Сыр­лыбай) 1858 жылы дүниеге келген. Өз заманының көзі қарақты, ақылды, бай­лы­ғымен де, билігімен де елдің көшбасшысы бол­ған. Ордадай орны бас, хан басындай қа­дірі бар (Ұларбек) Кеңес жаналғыштары­ның әмірі орнағанға дейін Қараның сөзі жер­де қалмаған. Атағы жер жарған қазақтың кә­сіби палуаны Мұңайтпасұлы Қажымұқан өзі­нен мүшел жас үлкен даңқы асқан Қара­ны іздеп арнайы сәлем беріп келіп тұрған. Екеуінің сыйластығы, бірі-бірін қадір тұт­қан­дығы жайлы ел арасында айтылып жүр­ген әңгімелер баршылық. Қара ақсақал Қа­жымұқан палуанға бір келгенінде тайтұяқ ал­тын сыйлап, құрмет көрсеткен. Темірбектің Өзбекстан мемлекетінің Халық ағарту комиссары болып та­ғайын­далғанын әкесіне жеткізгенде, Қара: – Балам алдымен өзінің миын ағартып ал­сын, – деп ұлының Кеңес үкіметіне қызмет ет­кенін құптамай, наразылығын білдірген. Қара, 80 мың қой, 3000 жылқысы, 1000 түйе­сі бар деп көрсетіліп, малдары тәркі­ле­ніп, Қар­қаралыға үш жылға жер аударылған. Темір­бекке «халық жауы» деп айып тағылып, тұт­қындал­ғанын «Социалды Қазақстан» газе­тінен білген Қызылорда қаласындағы НКВД өкілі Пяткин деген сұрқия 80 жастағы Жүргенұлы Қараны 1937 жылы 27 қыркүйек­те Қызылор­дада аттырып жіберген. Рухы шат болғай! Темірбектің жары Дәмеш Ермекова – Жүргенова Ермекова Дәмеш Әмірханқызы – Те­мір­бектің адал жары, қайраткер ана. Таш­кенттегі Орта Азия мемлекеттік уни­вер­си­тетінің медицина бөлімін Темірбекпен бір­ге бітірген. Қазақ автономиясы шека­ра­сы­ның біртұтастығын жанқиярлықпен қор­ғаған «халық жауы» деген жаламен 1937-1957 жылдары екі рет сотты болып, түрме аза­бын тартқан Ермеков Әлімханның ағасы Әмір­ханның қызы. 1938 жылдың 25 ақпа­нын­да Темірбекке «халық жауы» деген жал­ған айып тағылып ату жазасына үкім шы­ғарыл­ғаннан кейін Дәмеш те «халық жауы­ның» әйелі болғандығы үшін 8 жылға сот­та­лып, «АЛЖИР»-ге (Акмолинский лагерь жен изменников родины) айдалады. Оның 7 жылын, алғашында Ақмола лагерінде, кейін Ре­сейде солтүстік Орал НКВД-ның түр­ме­сін­де отырған. Босағаннан кейінгі 12 жылы Бура­бай шипажайында, Қарағанды өкпе аурулары ауруханасында фтизиатр дәрігер бо­лып қызмет етумен өткен. Алматыға оралуы­на Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін ғана мүмкіндік жасалып, Алматы ме­ди­­циналық институтына орналасып, дәріс­кер қызметін атқарған. Үш әріп тыңшылары­ның қадағалауында бола жүріп, өмірінің соңына дейін Темірбектің өз халқына толық танылуына, оның еңбектерінің жинақталып, жарыққа шығуына, елі үшін атқарған жұ­мыс­тарының өз бағасын алуы жолында көп еңбек сіңірді. Мемлекеттік ұйымдардың есі­гінен жасқана сығалап, жазықтыдай име­не еніп, үміті бірде ақталып, бірде тапталып, та­лай табалдырықты тоздыра жүріп, бар қай­рат-күшін сарп етті. Темірбек Жүргенов тұтқындалғаннан атылғанға дейін 6 ай абақтыда отыр­ған­да, кеңес жаналғыштарының қолынан талай азаптау мен қорлауды көрді. Осындай қор­лауды Дәмеш те аз көрген жоқ. 7 жыл түр­ме мен 12 жыл ізін аңдыған тіміскілердің қор­лығына төзу үшін де қанша жүйке жұқа­рып, қаншама мазасыз күндер, ұйқысыз түн­дерді бастан кешірді десеңізші! Бәрінен де ауыры, кеше дос болып, бауыр болып жүр­ген жақыныңның саған күдікпен, үреймен қарап теріс айналатыны неткен сорақылық еді. Темірбек Жүргенов атындағы қоғам­дық қор атынан Дәмештің туған то­пы­рағы Қарағанды облысының басшылары­на әлденеше рет, осындай қайраткер ана­лар­дың есімдерімен білім нысандарын, көше атауларын беріп ұрпақ жадында сақталатын игі істер атқару жайлы ұсыныстарыма: Дә­меш Ермекова тарихи тұлға тізімінде бол­мауына байланысты ұсыныңыз орындалуға жатпайды деген жауап алып жүрмін. Қара­ғанды энциклопедиясында «Дәмеш Ермекова–Жүргенова, Қазақ КСР-ге еңбегі сіңген дәрі­гер, Алматы қаласының құрметті азама­ты» деген анықтама тұр. Қоғамдық қордың ұсы­нысымен Қызылорда қаласында бір кө­шені Дәмештің есімімен атауға қол жеткіздік.

Сәби Аңсат, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы