Тәтті өндірісі де тәуелділіктен алыс емес

Тәтті өндірісі де тәуелділіктен алыс емес

Тәтті өндірісі де тәуелділіктен алыс емес
ашық дереккөзі

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміздегі кондитерлер жылды айтарлықтай өсіммен бастады. Қаңтарда шоколад пен қанттан дайындалатын өнімдердің өндірісі былтырғыға қарағанда 74 пайызға өскен.

Былтыр қант қат болғанда зардап шеккен сала құлдыраудың аз-ақ алдында тұрғаны айтылған болатын. Тек былтыр ғана емес, бірнеше жыл қатары­нан саланың қарқыны бәсеңдеп келген. Биыл да қант төңірегіндегі мәселе тиылған жоқ, дегенмен өндірісте өсім байқалып отыр, бірақ баға айтарлықтай қым­бат­таған. Өйткені мәселе жалғыз қантта ғана емес...

Тәттіге құмарлық – қажеттіліктен

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күн­де­лікті тұтынатын қант мөлшерін 25 грамнан, шамамен 5,75 шай қасықтан асырмауға кеңес береді. Бірақ бұл ақыл-кеңеске құлақ асатындардың үле­сі шамалы екенін дәлелдейтін дерек көп. Мә­­селен, азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйы­мының (FAO) есептеуінше, жылына бір адам ша­ма­мен алғанда 22,3 келі қант тұтынады. Дегенмен жан ба­сы­на шаққанда Израиль мен АҚШ тәтті жеуден көш бас­тап келеді, аталған елдердің азаматтары тұты­на­тын қант мөлшері бұл көрсеткіштен бірнеше есе асып түседі. Ал ашық деректердегі мәліметтерге сүйенсек, Қа­зақстан халқы жылына шамамен 564,9 мың тон­на қант тұтынады екен. Оның 219,1 мың тоннасы құра­мын­да қанты бар өнімдер, яғни тәтті сусындар мен кон­дитер өнімдері болса, 345,82 мың тоннасы – күн­делікті қолданылатын таза қант. Мәселен, дас­тар­қан­ға қойылған қант, тосап қайнатуға, үйде, қол­дан пі­сіретін тәттілерге жұмсайтын қант мөл­ш­ері, тағы да бас­қа. Бұл жаңа ғана мысалға келтір­ген елдерге қа­ра­ғанда, әрине төмен көрсеткіш, де­ген­мен аз емес. Яғни, сұраныс жоғары. Зерттеушілер әлі күнге дейін қантты шамадан тыс тұтынудың салдары ауыр екенін айтудан жа­лыққан емес. Қанттың тәуелділік тудыратыны да әл­деқашан зерттеліп қойған. Осының бәрі белгілі бо­ла тұра, қант тұтыну мөлшері көбеймесе азайған жоқ. Дегенмен қанттан мүлде бас тартудың да жа­ғым­сыз салдары болуы мүмкін. Мұның себебін ға­лым­дар ең алғашқы, ежелгі адамдардың өмір сүру сал­тымен байланыстырады. Қант – таза қуат көзі, яғни қуат алудың ең тез әрі оңай тәсілі. Ежелгі дәуірде адамзат қантты осы мақ­сатта пайдаланған. Бірақ олар, әрине өсімдіктер мен жемістердің құрамында болып келді. Біз осы әдетті эволюциялық жолмен мұра ретінде алғанбыз. Де­генмен бұл энергия қаншалықты тез нәтиже бер­се, соншалықты тез сарқылып қалады екен. Ал қант қамысынан қант алып, оны қайнатып, қа­­зіргідей кристалдауды адамзат тек мың жыл бұ­рын ғана меңгерді. Сөйтіп, неге болсын, қайда бол­сын қосуға болатын өнім ойлап тапты. Солай болды да. Содан бері ғалымдар қанттың орнын алмас­тыратын түрлі өнімдер ойлап тапса да, олар шын мәнінде оны алмастыра алған жоқ. Осылайша, тәт­ті өнімдер әлі күнге дейін энергия көзі, көңіл күй­ді көтеретін өнім ретінде өміріміздің ажырамас бөл­шегіне айналып кетті. Әуелде, айтып өткеніміздей, біздің елде де тәт­тіге сұраныс көп. Ал отандық кондитер­лік өнімдер өндірісінің ішкі көлемі 100 мың тон­надан аспайды, бұл бізді импортқа айтарлықтай тәуел­ді етеді. Сонымен қатар биылғы қаңтарға де­йін кондитер өнімдерін өндіру көлемі кеміп келген.

Сүрінуден кейінгі серпіліс

Биылғы қаңтарда еліміздегі шоколад пен құрамында қант бар кондитерлік өнімдер өн­дірісі 8,1 мың тоннаға жетті. 2022 жылғы қаңтар­мен салыстырғанда көрсеткіш бірден 74,2 пайызға өскен. Алдыңғы жылдары секторда тек теріс динамика байқалып келген болатын. Мәселен, өндіріс 2022 жы­лы 2021 жылғы қаңтарға қарағанда 15,8 пайызға, 2021 жылы 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 26,4 пайыз­ға азайған еді. Әсіресе, қатты құлдырау 2021 жы­лы болып, өндіріс күрт қысқарған. Мұның себебін сол кезде сала мамандары еліміздегі қант тапшылығымен байланыс­тыра түсіндірген болатын. Ресей қант жеткізуді шек­тегеннен кейін жағдай қиындады. Халықты тәт­ті өнімдермен қамту үшін отандық кондитерлерге жы­лына 60 мың тоннадай қант қажет екен. Оның ба­сым бөлігі Ресейден импортталады, қалғаны отан­дық қант өндірушілерден алынады. Елімізде өндірілген қантты көбінесе шағын кондитерлер қол­данады. Ал ірі тәтті өндірушілер ресейлік ком­па­нияларымен келісімшартқа отырып, қантты тон­налап алады. Ал ішкі нарықты қантпен қамтуға отандық қант зауыт­тарының әлеуеті жеткіліксіз болып отыр. Қа­зір елімізде «Меркі», «Көксу», «Ақсу» қант зауыттары жұ­мыс істеп тұр, бірақ өндіріс қуаты аз. Шикізат та жет­кіліксіз, яғни қант қызылшасы алқаптары кемі­ген. Бұдан бұрын «Тараз», «Алакөл», «Бұрындай» сияқ­ты қант зауыттары болғаны есте. Сонымен қа­тар қант қызылшасын өсіруді атакәсіп еткен ә­у­лет­тер де көп болған екен. Қанттан бөлек, басқа да өндіріске керек шикі­зат­тың, атап айтқанда ұн мен майдың күрт қым­бат­тауына байланысты қиындық туындады. Кейіннен өңдеу үшін шикі қантты импорт­тау­дың орнына қант зауыттары дайын қант­ты импорттай бастады, оны кондитер кәсіп­орын­дарын айтарлықтай үстеме бағамен сата бас­та­ды. Осының бәрі шетел өнімімен бәсекелестікте он­сыз да шатқаяқтап келген отандық өндірушілерді мүл­де сарсаңға салды. Сөйтіп, еліміздегі ірі зауыттар кей­бір өнім түрлерін өндіруді қысқартуға мәжбүр бол­ған еді. Сонымен, құлдыраудан кейін былтырғы жыл қорытындысында оң нәтиже байқалып отыр. 2022 жылғы 12 айдың нәтижесі бойынша сек­тордағы өнім көлемі 96,9 мың тоннаға жетті. Бұл – 2021 жыл­ғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 8,4 пайыз­ға артық көрсеткіш. Дегенмен бір жыл ішінде өндіріс көлемімен қа­тар шоколад бағасы да 24,5 пайызға қым­бат­таған. Яғни, қант жеткізу мәселесі ше­шіліп, тап­шылық болмаса да, өндіріске қажет шикізаттың шет­тен келетіні әлі мәселе болып қала бермек.

Қол мен жолды байлаған импорт

Шоколадтың табиғатта тәтті күйде кездес­пей­тіні белгілі. Оның негізгі компоненті какао майы мен какао ұнтағы – ащы, қышқыл, яғни біз сүйсініп жейтін тәттіге мүлде ұқсамайды. Алғаш­қы какао бұршақтарын Оңтүстік Американың джун­глиіндегі аңшылар тапқан, содан кейін олар жер­гілікті тайпалардың ас мәзіріне кіріпті. Бірақ бұл да қазір біз шоколад деп атап жүрген өнім деп айтуға келмейді. Содан кейін еуропалықтар оған қант, ваниль, жаң­ғақ сияқты қоспалар қосты, өңдеп, қыш­қыл дәмін кетірді. Бұл үшін өнім қаншама сатыдан тұра­тын өңдеуден өтті. Алдымен, ол қазір какао деп ата­ла­тын сусын ретінде тұтынылды. Тек 1828 жылы қос­паға какао майы қосылған екен. Солайша, қа­тыры­лып, шоколадқа айналған. Айтпағымыз, шоколад өндірісі – көпса­тылы, өң­деуді қажет ететін, қосымша қаншама қоспаны, өн­діріс тілімен айтқанда, шикізатты қажет ететін күр­делі процесс. Әуелде айтып өткеніміздей, оның құр­амындағы қарапайым қанттың өзін көбірек шет­елден алатын болсақ, құрамындағы қалған ингредиенттер туралы айтпаса да түсінікті. Отандық кондитерлер қанттан бөлек, басқа елдерден какао бұршақтарын, кон­дитер май­ларын, қою және құрғақ сүтті, жапсырмаларды алады. Өзіміздің шикізаттан ұн, карамель мелассасы, алма пюресі сияқты ингредиенттер қолданылады. Дегенмен өзі­мізде бар шикізаттың қолжетімді болмауына бай­ланысты да мәселе көп. «Баян Сұлу» кон­дитерлік фабрикасының директоры Әли­хан Талғатбектің сөзінше, бізде ұн тарту өнер­кәсібінде проблемалар бар, ұн тартушы­лар­дың 50 пайызы бос тұр, өйткені біз ши­кізатты – астықты экспортқа сатамыз. Ал сүт өнеркәсібінде сәл де болса ілгерілеу бар. Сонымен, алдыңғы жылдары қанттан бөлек, майлар екі есе қымбаттаған, жап­сыр­ма­лардың бағасы екі есе өскен, ұн ба­ға­сы да еселенген. Ресей жағдайымен салыс­тырып айтар болсақ, ол жақта шикізаттың көбі өздерінен болғандықтан, баға біздегідей қымбат емес. Сондықтан кондитерлік өнім­дер­ді өндірудің потенциалы оған керек ши­кізат өндірісінің көлемі мен қуатына тікелей тәуел­ді. Осы фактордың бәрі саланың импорт тауар­ларымен бәсекеге қабілетін төмендетіп отыр. Осылайша, біз тұтынып жүрген тәт­тілер­дің ішін­де отандық өнімнің үлесі жал­пы тұ­тыну көлемінің жартысынан аз, им­порт тәттілері 52 пайыз екен. Сол шетелден ке­летін тәттілердің «құ­ны» жыл сайын 400 мил­лион долларға шығады. Бұл шығын кейін­гі бес жыл ішінде 25,2 пайызға өскен. Жалпы агроөнеркәсіп кешені өнім­де­рі­нің ішін­де шетелден келетін не­гіз­гі тауарлар – шоколад, кондитер өнімдері. 2021 жылғы дерек бойын­ша, ең көп өнім Ре­сей­ден (74 пайыздан астам) келген. Бұл пози­ция­ны Ресей 5 жыл қатары­нан сақтап келеді. Ал Кеден одағы құрылғанға дейін барлық им­порт тәттілерінің 85 пайызы Украинадан кел­ген. Одақ құрылғаннан кейін импорт құ­ры­лымы Ресейдің пайдасына ауысты: Украи­надан келетін өнімдер үлесі 10 пайызға дейін қыс­қарды. Ал басқа елдерден, яғни Германия, Түр­кия, Қытайдан қалған 5 пайызы келеді.

«Өз» өндірісіміздің ахуалы қандай?

Саланың импортқа тәуелді болуына қара­мас­тан, біздің өнімдер де экспортқа шығарыла­ды. Өндірушілер бұл үрдісті кеңейтуге де аса мүд­делі. Қазақстан кондитерлер қауымдастығының мә­ліметінше, жыл сайын Ресей, Кавказ, Қытай, Гер­ма­ния және Орталық Азия елдерінің нарықтарына 40 мың тоннаға жуық қазақстандық тәттілер жет­кізі­леді. Бір қызығы, Қазақстан экспортқа шығаратын өнім­дердің басым бөлігін, шамамен 58 пайызын Ре­сей сатып алады екен. Өнімдер ішінде кәмпит карамель (34,7 пайыз), ирис, карамель және нуга (28,8 пайыз), сондай-ақ пастила, мармелад, шайнайтын кәм­пит және cағыз (20,1 пайыз) көптеп өндіріледі. Ал өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, 2022 жыл­ғы 12 айда шоколад пен қанттан жасалған кон­ди­терлік өнімдер өндірісінің жалпы көлемінің 95 пайызға жуығы үш өңірде өндірілген. Алматыда – 44,8 мың тонна, Қостанайда – 32,2 мың тонна және Алматы облысында – 14,9 мың тонна. Одан кейінгі өндіріске едәуір үлес қосқан Шымкент қаласы болған. Мұнда 2,4 мың тонна өнім өндіріліпті. «Лотте Рахат» және «Баян Сұлу» компанияларының үлесі – елдегі барлық өндірістің шамамен 60 және 30 пайызы. Нарықта көшбасшы – LOTTE Confectionery компаниясына тиесілі «ЛОТТЕ Рахат» АҚ 1942 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол кезде фабрика «Алматы кондитерлік фабрикасы» болған. 1992 жылғы жекешелендіру кезінде фабрика сатылып, «Рахат» фабрикасына айналды. 2013 жылы фабрика акцияларының 76 пайызы Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery корпорациясына сатылды. Кейіннен үлесі біртіндеп ұлғая берді. 2021 жылы атауы «ЛОТТЕ Рахат» болып өзгерді. KASE дерегінше, қазіргі корей компаниясының үлесі – 95,57 пайыз. Зауыттары Алматы және Шымкент қалаларындағы екі алаңда орналасқан,14 түрлі топқа жататын барлық типтегі кондитерлік өнімдердің 400-ден астамын өндіреді. KAZAKHSTAN шоколады қазір көптеген елге танымал. Қазақстанның қант кондитерлік өнімдерінің өндіріс көлемі және нарықтағы үлесі бойынша екінші компания – «Баян Сұлу». Өндіріс 1974 жылы «Қостанай кондитерлік фабрикасы» ретінде іске қосылған, қазіргі атауы 1993 жылы қойылған, Фабрика кондитер өнімдерінің 300-ден астам түрін шығарады, өндірілетін өнімнің үштен бірі ТМД елдеріне, Германияға, Қытайға және Ауғанстанға экспортталады. Үшінші орында Алматы облысында орна­ласқан Түркияның Ülker корпорациясы­ның еншілес кәсіпорны тұр. 200-ден астам өнім түрін шығарады. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украинаға экспорттайтын өнімі жалпы сату көлемінің 30 пайызы. Одан бөлек, елімізде «Мақсат», «Сказка», F-Food, Snack Distribution, Agros Group Company сияқты дистрибьютер-импорттық компания­лар жұмыс істейді.

Саланың жағдайы өткен жолы талдаған жеңіл өнеркәсіп саласының ахуалына ұқсас. Екі сала импортқа тәуелді, импортпен бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Қорыта айтқанда, саланың, отандық фабрикалардың әлеуеті көп үміт күттіреді. Саланы дамыту үшін біз әуелі ресейлік компаниялармен бәсекелесе алуымыз керек. Ол үшін шикізат өндірісін жолға қою, өнім түрлерін, сапасын көтеру сияқты маңызды міндеттер орындалуы керек.