Тәтті өндірісі де тәуелділіктен алыс емес
Тәтті өндірісі де тәуелділіктен алыс емес
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміздегі кондитерлер жылды айтарлықтай өсіммен бастады. Қаңтарда шоколад пен қанттан дайындалатын өнімдердің өндірісі былтырғыға қарағанда 74 пайызға өскен.
Былтыр қант қат болғанда зардап шеккен сала құлдыраудың аз-ақ алдында тұрғаны айтылған болатын. Тек былтыр ғана емес, бірнеше жыл қатарынан саланың қарқыны бәсеңдеп келген. Биыл да қант төңірегіндегі мәселе тиылған жоқ, дегенмен өндірісте өсім байқалып отыр, бірақ баға айтарлықтай қымбаттаған. Өйткені мәселе жалғыз қантта ғана емес...
Тәттіге құмарлық – қажеттіліктен
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күнделікті тұтынатын қант мөлшерін 25 грамнан, шамамен 5,75 шай қасықтан асырмауға кеңес береді. Бірақ бұл ақыл-кеңеске құлақ асатындардың үлесі шамалы екенін дәлелдейтін дерек көп. Мәселен, азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) есептеуінше, жылына бір адам шамамен алғанда 22,3 келі қант тұтынады. Дегенмен жан басына шаққанда Израиль мен АҚШ тәтті жеуден көш бастап келеді, аталған елдердің азаматтары тұтынатын қант мөлшері бұл көрсеткіштен бірнеше есе асып түседі. Ал ашық деректердегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқы жылына шамамен 564,9 мың тонна қант тұтынады екен. Оның 219,1 мың тоннасы құрамында қанты бар өнімдер, яғни тәтті сусындар мен кондитер өнімдері болса, 345,82 мың тоннасы – күнделікті қолданылатын таза қант. Мәселен, дастарқанға қойылған қант, тосап қайнатуға, үйде, қолдан пісіретін тәттілерге жұмсайтын қант мөлшері, тағы да басқа. Бұл жаңа ғана мысалға келтірген елдерге қарағанда, әрине төмен көрсеткіш, дегенмен аз емес. Яғни, сұраныс жоғары. Зерттеушілер әлі күнге дейін қантты шамадан тыс тұтынудың салдары ауыр екенін айтудан жалыққан емес. Қанттың тәуелділік тудыратыны да әлдеқашан зерттеліп қойған. Осының бәрі белгілі бола тұра, қант тұтыну мөлшері көбеймесе азайған жоқ. Дегенмен қанттан мүлде бас тартудың да жағымсыз салдары болуы мүмкін. Мұның себебін ғалымдар ең алғашқы, ежелгі адамдардың өмір сүру салтымен байланыстырады. Қант – таза қуат көзі, яғни қуат алудың ең тез әрі оңай тәсілі. Ежелгі дәуірде адамзат қантты осы мақсатта пайдаланған. Бірақ олар, әрине өсімдіктер мен жемістердің құрамында болып келді. Біз осы әдетті эволюциялық жолмен мұра ретінде алғанбыз. Дегенмен бұл энергия қаншалықты тез нәтиже берсе, соншалықты тез сарқылып қалады екен. Ал қант қамысынан қант алып, оны қайнатып, қазіргідей кристалдауды адамзат тек мың жыл бұрын ғана меңгерді. Сөйтіп, неге болсын, қайда болсын қосуға болатын өнім ойлап тапты. Солай болды да. Содан бері ғалымдар қанттың орнын алмастыратын түрлі өнімдер ойлап тапса да, олар шын мәнінде оны алмастыра алған жоқ. Осылайша, тәтті өнімдер әлі күнге дейін энергия көзі, көңіл күйді көтеретін өнім ретінде өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Әуелде, айтып өткеніміздей, біздің елде де тәттіге сұраныс көп. Ал отандық кондитерлік өнімдер өндірісінің ішкі көлемі 100 мың тоннадан аспайды, бұл бізді импортқа айтарлықтай тәуелді етеді. Сонымен қатар биылғы қаңтарға дейін кондитер өнімдерін өндіру көлемі кеміп келген.
Сүрінуден кейінгі серпіліс
Биылғы қаңтарда еліміздегі шоколад пен құрамында қант бар кондитерлік өнімдер өндірісі 8,1 мың тоннаға жетті. 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда көрсеткіш бірден 74,2 пайызға өскен. Алдыңғы жылдары секторда тек теріс динамика байқалып келген болатын. Мәселен, өндіріс 2022 жылы 2021 жылғы қаңтарға қарағанда 15,8 пайызға, 2021 жылы 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 26,4 пайызға азайған еді. Әсіресе, қатты құлдырау 2021 жылы болып, өндіріс күрт қысқарған. Мұның себебін сол кезде сала мамандары еліміздегі қант тапшылығымен байланыстыра түсіндірген болатын. Ресей қант жеткізуді шектегеннен кейін жағдай қиындады. Халықты тәтті өнімдермен қамту үшін отандық кондитерлерге жылына 60 мың тоннадай қант қажет екен. Оның басым бөлігі Ресейден импортталады, қалғаны отандық қант өндірушілерден алынады. Елімізде өндірілген қантты көбінесе шағын кондитерлер қолданады. Ал ірі тәтті өндірушілер ресейлік компанияларымен келісімшартқа отырып, қантты тонналап алады. Ал ішкі нарықты қантпен қамтуға отандық қант зауыттарының әлеуеті жеткіліксіз болып отыр. Қазір елімізде «Меркі», «Көксу», «Ақсу» қант зауыттары жұмыс істеп тұр, бірақ өндіріс қуаты аз. Шикізат та жеткіліксіз, яғни қант қызылшасы алқаптары кеміген. Бұдан бұрын «Тараз», «Алакөл», «Бұрындай» сияқты қант зауыттары болғаны есте. Сонымен қатар қант қызылшасын өсіруді атакәсіп еткен әулеттер де көп болған екен. Қанттан бөлек, басқа да өндіріске керек шикізаттың, атап айтқанда ұн мен майдың күрт қымбаттауына байланысты қиындық туындады. Кейіннен өңдеу үшін шикі қантты импорттаудың орнына қант зауыттары дайын қантты импорттай бастады, оны кондитер кәсіпорындарын айтарлықтай үстеме бағамен сата бастады. Осының бәрі шетел өнімімен бәсекелестікте онсыз да шатқаяқтап келген отандық өндірушілерді мүлде сарсаңға салды. Сөйтіп, еліміздегі ірі зауыттар кейбір өнім түрлерін өндіруді қысқартуға мәжбүр болған еді. Сонымен, құлдыраудан кейін былтырғы жыл қорытындысында оң нәтиже байқалып отыр. 2022 жылғы 12 айдың нәтижесі бойынша сектордағы өнім көлемі 96,9 мың тоннаға жетті. Бұл – 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 8,4 пайызға артық көрсеткіш. Дегенмен бір жыл ішінде өндіріс көлемімен қатар шоколад бағасы да 24,5 пайызға қымбаттаған. Яғни, қант жеткізу мәселесі шешіліп, тапшылық болмаса да, өндіріске қажет шикізаттың шеттен келетіні әлі мәселе болып қала бермек.
Қол мен жолды байлаған импорт
Шоколадтың табиғатта тәтті күйде кездеспейтіні белгілі. Оның негізгі компоненті какао майы мен какао ұнтағы – ащы, қышқыл, яғни біз сүйсініп жейтін тәттіге мүлде ұқсамайды. Алғашқы какао бұршақтарын Оңтүстік Американың джунглиіндегі аңшылар тапқан, содан кейін олар жергілікті тайпалардың ас мәзіріне кіріпті. Бірақ бұл да қазір біз шоколад деп атап жүрген өнім деп айтуға келмейді. Содан кейін еуропалықтар оған қант, ваниль, жаңғақ сияқты қоспалар қосты, өңдеп, қышқыл дәмін кетірді. Бұл үшін өнім қаншама сатыдан тұратын өңдеуден өтті. Алдымен, ол қазір какао деп аталатын сусын ретінде тұтынылды. Тек 1828 жылы қоспаға какао майы қосылған екен. Солайша, қатырылып, шоколадқа айналған. Айтпағымыз, шоколад өндірісі – көпсатылы, өңдеуді қажет ететін, қосымша қаншама қоспаны, өндіріс тілімен айтқанда, шикізатты қажет ететін күрделі процесс. Әуелде айтып өткеніміздей, оның құрамындағы қарапайым қанттың өзін көбірек шетелден алатын болсақ, құрамындағы қалған ингредиенттер туралы айтпаса да түсінікті. Отандық кондитерлер қанттан бөлек, басқа елдерден какао бұршақтарын, кондитер майларын, қою және құрғақ сүтті, жапсырмаларды алады. Өзіміздің шикізаттан ұн, карамель мелассасы, алма пюресі сияқты ингредиенттер қолданылады. Дегенмен өзімізде бар шикізаттың қолжетімді болмауына байланысты да мәселе көп. «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының директоры Әлихан Талғатбектің сөзінше, бізде ұн тарту өнеркәсібінде проблемалар бар, ұн тартушылардың 50 пайызы бос тұр, өйткені біз шикізатты – астықты экспортқа сатамыз. Ал сүт өнеркәсібінде сәл де болса ілгерілеу бар. Сонымен, алдыңғы жылдары қанттан бөлек, майлар екі есе қымбаттаған, жапсырмалардың бағасы екі есе өскен, ұн бағасы да еселенген. Ресей жағдайымен салыстырып айтар болсақ, ол жақта шикізаттың көбі өздерінен болғандықтан, баға біздегідей қымбат емес. Сондықтан кондитерлік өнімдерді өндірудің потенциалы оған керек шикізат өндірісінің көлемі мен қуатына тікелей тәуелді. Осы фактордың бәрі саланың импорт тауарларымен бәсекеге қабілетін төмендетіп отыр. Осылайша, біз тұтынып жүрген тәттілердің ішінде отандық өнімнің үлесі жалпы тұтыну көлемінің жартысынан аз, импорт тәттілері 52 пайыз екен. Сол шетелден келетін тәттілердің «құны» жыл сайын 400 миллион долларға шығады. Бұл шығын кейінгі бес жыл ішінде 25,2 пайызға өскен. Жалпы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің ішінде шетелден келетін негізгі тауарлар – шоколад, кондитер өнімдері. 2021 жылғы дерек бойынша, ең көп өнім Ресейден (74 пайыздан астам) келген. Бұл позицияны Ресей 5 жыл қатарынан сақтап келеді. Ал Кеден одағы құрылғанға дейін барлық импорт тәттілерінің 85 пайызы Украинадан келген. Одақ құрылғаннан кейін импорт құрылымы Ресейдің пайдасына ауысты: Украинадан келетін өнімдер үлесі 10 пайызға дейін қысқарды. Ал басқа елдерден, яғни Германия, Түркия, Қытайдан қалған 5 пайызы келеді.
«Өз» өндірісіміздің ахуалы қандай?
Саланың импортқа тәуелді болуына қарамастан, біздің өнімдер де экспортқа шығарылады. Өндірушілер бұл үрдісті кеңейтуге де аса мүдделі. Қазақстан кондитерлер қауымдастығының мәліметінше, жыл сайын Ресей, Кавказ, Қытай, Германия және Орталық Азия елдерінің нарықтарына 40 мың тоннаға жуық қазақстандық тәттілер жеткізіледі. Бір қызығы, Қазақстан экспортқа шығаратын өнімдердің басым бөлігін, шамамен 58 пайызын Ресей сатып алады екен. Өнімдер ішінде кәмпит карамель (34,7 пайыз), ирис, карамель және нуга (28,8 пайыз), сондай-ақ пастила, мармелад, шайнайтын кәмпит және cағыз (20,1 пайыз) көптеп өндіріледі. Ал өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, 2022 жылғы 12 айда шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісінің жалпы көлемінің 95 пайызға жуығы үш өңірде өндірілген. Алматыда – 44,8 мың тонна, Қостанайда – 32,2 мың тонна және Алматы облысында – 14,9 мың тонна. Одан кейінгі өндіріске едәуір үлес қосқан Шымкент қаласы болған. Мұнда 2,4 мың тонна өнім өндіріліпті. «Лотте Рахат» және «Баян Сұлу» компанияларының үлесі – елдегі барлық өндірістің шамамен 60 және 30 пайызы. Нарықта көшбасшы – LOTTE Confectionery компаниясына тиесілі «ЛОТТЕ Рахат» АҚ 1942 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол кезде фабрика «Алматы кондитерлік фабрикасы» болған. 1992 жылғы жекешелендіру кезінде фабрика сатылып, «Рахат» фабрикасына айналды. 2013 жылы фабрика акцияларының 76 пайызы Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery корпорациясына сатылды. Кейіннен үлесі біртіндеп ұлғая берді. 2021 жылы атауы «ЛОТТЕ Рахат» болып өзгерді. KASE дерегінше, қазіргі корей компаниясының үлесі – 95,57 пайыз. Зауыттары Алматы және Шымкент қалаларындағы екі алаңда орналасқан,14 түрлі топқа жататын барлық типтегі кондитерлік өнімдердің 400-ден астамын өндіреді. KAZAKHSTAN шоколады қазір көптеген елге танымал. Қазақстанның қант кондитерлік өнімдерінің өндіріс көлемі және нарықтағы үлесі бойынша екінші компания – «Баян Сұлу». Өндіріс 1974 жылы «Қостанай кондитерлік фабрикасы» ретінде іске қосылған, қазіргі атауы 1993 жылы қойылған, Фабрика кондитер өнімдерінің 300-ден астам түрін шығарады, өндірілетін өнімнің үштен бірі ТМД елдеріне, Германияға, Қытайға және Ауғанстанға экспортталады. Үшінші орында Алматы облысында орналасқан Түркияның Ülker корпорациясының еншілес кәсіпорны тұр. 200-ден астам өнім түрін шығарады. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украинаға экспорттайтын өнімі жалпы сату көлемінің 30 пайызы. Одан бөлек, елімізде «Мақсат», «Сказка», F-Food, Snack Distribution, Agros Group Company сияқты дистрибьютер-импорттық компаниялар жұмыс істейді.
Саланың жағдайы өткен жолы талдаған жеңіл өнеркәсіп саласының ахуалына ұқсас. Екі сала импортқа тәуелді, импортпен бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Қорыта айтқанда, саланың, отандық фабрикалардың әлеуеті көп үміт күттіреді. Саланы дамыту үшін біз әуелі ресейлік компаниялармен бәсекелесе алуымыз керек. Ол үшін шикізат өндірісін жолға қою, өнім түрлерін, сапасын көтеру сияқты маңызды міндеттер орындалуы керек.