Құстар мен ұшақтар ұқсас па?

Құстар мен ұшақтар ұқсас па?

Құстар мен ұшақтар ұқсас па?
ашық дереккөзі
Құстар... Жұмбақ жаратылыстар. Көк жүзінің қожайындары. Көк пен жерді қатар мекен ете алатын осыларда не хикмет жатыр? Дененің салмағы болады. Жер атмосферасы кеңістікке таралып кетпей барлық дененің бетіне қысым түсіреді, өйткені ауаның молекулалары жерге тартылады. Қысқаша айтқанда, барлық заттық дене жердің тартылыс заңына бағынады. Осы заңға бағынбай, қалаған уақытында қалықтай жөнелетін құстардың кеудесіне қандай аппарат орналастырылған? Қасиетті Құранның Нәхл сүресі, 79-аятында: «Олар аспан кеңістігінде Алланың әміріне, орнатқан заңды­лық­тарына толық бағынған күйде самғап ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды сол кеңістікте Алладан басқа ешкім құлатпай ұстап тұрған жоқ. Әлбетте, осының өзінде иман ететін қауым үшін көптеген белгілер, дәлелдер бар» делінген. Расында, аспан астындағы адамдарды көкірегімен көкті тіліп, зулап жүрген құстардың қылығы таңдандырмай қоймасы анық! Тегеуріні қасқыр, түлкіні теуіп үзердей әжептәуір салмаққа ие қырандарды құлатпай ұстап тұрған қандай күш? Құранда: «Төбелерінде қаз-қатар тізіліп, қанат қағып ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды әуеде Рахманнан басқа ешкім ұстап тұрған жоқ. Күмәнсіз, Ол барлық нәрсені толық көріп тұрады» деп баян етілген. Жалпы, жан-жануар, жәндік біткен өздеріне берілген міндеттерді атқарумен қатар Раббысына құлшылық қылуда. Құранда ол жайлы: «Көктегілер мен жердегілердің һәм қанат қағып, тізбектеліп ұшқан құстардың («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың» деп, әрқайсысы өз тілімен немесе іс-әрекетімен) Алланы дәріптегенін көрдің бе? Олардың әрқайсысы өз дұғасын, құлшылығы мен дәріптеу сөздерін өте жақсы біліп алған. Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерін толық біледі» немесе «Біз расында Дәуітке өз тарапымыздан артықшылық бердік. Сөйттік те: «Уа, таулар, онымен бірге Алланы («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың» деп, өз тілдеріңмен) ұлықтаңдар» дедік, құстарға да соны бұйырдық...» деген аяттан Дәуіт пайғамбармен бірге таулар мен құстардың жарыса зікір ететінін көреміз. Ұшу кезінде құстардан көп энергия бөлінгендіктен, жоғары калориялы қоректі қажет етеді. Тыныс алу жүйесі ұшуға байланысты ерекше өзгеріске ұшыраған. Ішкі органдары мен бұлшықеттері арасында және тері арасында көлемі өкпеден едәуір үлкен 9-10 ауа қапшықтары болады. Жалпы, құс біткеннің дене бітімі мен құрылымы өз алдына бір тақырып. Бір зертханада жаңа туылған құтан балапандарын бөлек ұстап, үлкен құстардан ажыратып алады да, келер жылы еркіндікке жібереді. Келесі көктемде белгі салынған әлгі құстар өз туыстастарымен бірге туған өлкеден табылады. Демек, жолды табу, бағыт-бағдарды анықтау құстарда тұқым қуалау механизмдеріне бағынады. Түнде ұшатын құстар ше? Олар бағдар ретінде жұлдыздарды қолданады. Тағы бір мәселе – навигация. Навигация дегеніміз қозғалысты бастайтын нүктені тауып алып, содан кейін ұшудың оңтайлы бағытын таңдау. Мысалы, пошта кептерін 1000 шақырым қашықтыққа алып кетсе де, ең қысқа жолмен өз ұясын та­уып алады. Бұл қасиет көптеген құстарда бар. Осы бір жаратылысқа адамның құштарлығы мен қызығушылығы баяғыдан келе жатыр. Мысыр аңыздарында күнді құс ретінде бейнелейтіндері бар. Аңыз бо­йынша, мұхиттан көтеріліп төбе көрінеді. Ондағы жер мен ылғалдың қосындысынан жұмыртқа пайда болып, соны жарып құс – күн шығады. Басқа біреуінде құдайлық қасиеті бар Гоготун қаз төбеге ұя салып, кейін күн құдайы шығатын жұмыртқаны туа­ды... Ежелгі Шығыс мифологиясы бейнелерінің ықпалымен архаикалық құмыра өрнектеу өнерінде арыстан денелі, әйел басты, құс қанатты сфинкс­тер, қанатты жылан, құйрықты дию-пері адамдар, бүркіт басты, қанатты арыстандар-грифондар, өлгендердің әруағы болып есептелінетін адам басты құстар – сиреналар және т.б. пайда болған. Әсілі бұл бұлттарды басып озған, көк иелеріне қызығушылықтан болса керек-ті! Ал құстар мен ұшақтардың ұқсастығы қандай? Адамзат ғылымда жетістікке жетуі үшін Жаратқаннан жіберілген кітаптар мен Пайғамбарлардың мұғжи­заларына мән беруі керек. Ғылым өздігінен пайда бола қалмайды. Оны бір құдірет білдірсе керек! Біздің заманымыздан бұрынғы адамдар мен өмір сүрген халықтар көкте самғауды арман еткен. Пирамидалардағы құстар мен ұшақтардың көнерген таңбасына қарасаң, таңдай қақпай қоймассың. Мая тайпасын 50 жыл басқарған Покаль Ботанның саркофагындағы бейнелерге зер сала қарасаңыз, құстар мен ұшақтарға ұқсайтын бейнелерді табуға болады. Су астында қалған Атлантида өркениетінде де көкте заулаған көліктер болғанға ұқсайды. Бұл ғалымдардың бас ауыр­тып анықтайтындарының бірсыпырасы. Біздің заманымызда ұшақтар қалай пайда болды? 1903 жылы ағайынды Райттар тұңғыш ұшақтың жобасын аяқтап, іс жүзінде тексерістен өткізеді. 37 метр биіктікте 12 секунд қана қалықтаған Орвилл Райт бауыры Уилбер екеуі одан әрі үлкен жетістіктерге жетеді. Ауадан салмағы ауыр құрылғыны көкке көтерген 1903 жылдың 17 желтоқсаны тарихта алтын әріппен қалды. Жалпы, ұшақ дегеніміз, күштік қондырғы көмегімен атмосферада ұшуға арналған, қозғалмайтын қанаты бар, ауадан ауыр ұшу аппараты. Бұл аппарат өз қозғалтқышының тарту күшімен белгілі бір жылдамдықпен қозғалған кезде қанатында пайда болатын көтергіш күш әсерінен аспанға көтеріледі. Екі қанатының көмегімен ауа­ны төмен қарай басады, егер ол орнында қозғалмай тұрып қалса, төмен қарай құлдилайды. Оны көтеретін ауа, ауа болмаса ұшақ та, құстар да көтеріле алмас еді. Бірақ, ұшақтың апатқа ұшырау қаупі көп. Әсіресе, құстардың кесірінен дүниежүзіндегі әуе компаниялары 1,3 млрд, Қазақстандық мекемелер 4 миллион долларға жуық шығын шегеді екен. 1960 жылы 72 адамды артқан Lockheed L-188 Electra атты ұшақ Бостон әуежайынан ұшып шығады. Көкке енді көтерілгенде бірін бірі қуған үш сауысқан ұшақпен қақтығысып қалады. Нәтижесінде ұшақтың моторы істен шығып, жерге құлайды. 62 адам мерт болған бұл оқиға құстан келген кесапат ретінде есте қалды. Ұшақ бір орында қозғалыссыз тұрса, соғылған бүркіттің де зияны жоқ. Ал енді көкте үлкен жылдамдықпен келе жатқан аэробусыңды қалбалақтатып жіберуге шымшықтың да шамасы жетеді. Айта берсе бұған ұқсас оқиғалар өте көп. Табиғатынан зерек жаратылған құстар аспан әлемін жүз он бес жылдан бері ғана бағындыруға көшкен адамзатқа өз қарсылығын білдіріп, көкте кімнің қожа екенін ұқтырғысы келетіндей. «Самолет, самолет, мені алысқа ала кет...» деп ән салып жүрген бала кезіміздің қақтығыссыз, апатсыз заулап жүрген құстарға назар салдырмағанын-ай! Күнделікті көз үйреніп кеткен тірлікке қалыпты қарайтын әдетіміз емес пе? Ой көзімен үңілсең, бәрінде бір-бір хикмет жатыр ішіне бүгіп... Құстардың жәннатта да өмір сүретіндігін хадистерге ишара етілген мына әңгімеден де аңғаруға болады: «Жәннатқа кірген мүминдер сол жерде мәңгі қалады. Қалаған әртүрлі тағамдар мен сусындар дайын күйінде алдына келеді. Пісіру, әзірлеу дегендерден ұзақ болады. Бастарының үстінен құстар ұшады. Мүминдер зәулім үйлерінде отырып: «Егер сен дүниеде маған осыншама жақын ұшқаныңда, мен сенен кәуап пісіретін едім» деген ой келген сәтте дереу нұрдан жасалған табақ үстінде, пісірілген күйде алдына келеді. Сүйектерін бір жерге жинап, көңілге тағы да «Қазір бұл қайтадан құс болса ғой» деген ой келген сәтте, ол бұрынғы қалпына еніп, құс болып ұша кетеді». Бұл қиялдан құрастырылған ертегіге ұқсап кетті ме?! Десек те, Құран мен хадистерде құстар жайлы көп айтылған. Тек оны ой көзімен зерделеп оқысақ ұғамыз. Ғылымға ишара жасайтын сүре, аяттарды ескерсек, Ислам өркениеті Еуропаны артқа тастаған баяғы ғасырға оралуымыз бек мүмкін! Жүсіп пайғамбардың тері сіңген жейдесі әкесі Жақыптың соқыр көзін шырақтай жандыруы, Нұх пайғамбардың бумен жүретін алғашқы кемені ойлап табуы т.б. Сіздерге бір сұрақ қойсам, құрметті оқырман! Көлік ішіне еніп кеткен құс қанатын қақпай, жәй қалықтап тұрса, жүйткіп келе жатқан көліктің артқы терезесіне соғылуы мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?  

Арман Жайықбаев