Жаңа саяси партиялар – реформалардың қарқынды жүруіне үлесін қосады – саясаттанушы

Жаңа саяси партиялар – реформалардың қарқынды жүруіне үлесін қосады – саясаттанушы

Жаңа саяси партиялар – реформалардың қарқынды жүруіне үлесін қосады – саясаттанушы
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейтіндігін айтқан болатын. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтуды жөн санаған Президент өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілетіндігін жеткізді.  Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту турасында Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов өз пікірін білдірді.
«Қазіргі таңда елімізде біз саяси реформалардың, жалпы мемлекетіміздегі саяси жүйенің қайта құру, трансформациялау үрдісін өткізіп жатырмыз. Шын мәнінде бұл реформалар еліміздегі демократияны заңдастыру үшін жасалған қадамдар. Бұл туралы Президент былтыр наурыз айында жасаған Жолдауында, сонымен қатар Үкіметтің біріккен отырыстарында да ашық және айқын айтқан болатын. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде еліміздегі саяси плюрализм, саяси саналуандылықты дамытуда бұл нақ демократияның көрінісі», - деді саясаттанушы.
Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, еліміздегі саяси партиялардың, партия құрылысының бағыттарын өзгерту, қайта құру өте маңызды.
«Өйткені, жаңа саяси партиялардың келуі, бұл – еліміздегі реформалардың қарқынды жүруіне өз үлесін қосады. 2019 жылдан бері саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Оның ішінде, мысалы, саяси партияларды тіркеу үшін әу баста 40 мың азамат болса, одан кейін 20 мыңға түсірді. Енді оны тағы да 4 есе, яғни 5 мың азаматқа дейін тіркеушісі бар, қолдаушысы бар қоғамдық ұйымдар партия ретінде тіркелу мүмкіндігін алды. Оның айқын көрінісі Мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысып отырған 2 жаңа партиямызды айтуға болады. Алдағы күндері саны одан да көбеюі мүмкін. Өйткені елдегі саяси белсенділіктің қаншалықты артқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге бұл жаңа саяси күштердің пайда болуы ертеңгі күні Парламент қабырғасында, қоғамдағы түрлі саяси көзқарастағы азаматтардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, саяси партиялардың көптүрлілігі айқын бәсекелестіктің көрінісі ретінде алдағы уақытта таңдаудың пайда болуына септеседі.
«Алдағы сайлау нәтижесі 2 жаңа партияның әлеуетін көрсетеді. Өйткені, басқа партияларға қарағанда, жаңадан құрылған саяси күштер қаншалықты өз сайлаушыларымен жұмысты қарқынды жүргізе алғандығының көрсеткіші болмақ. Саяси партиялар додасындағы күретамырға қан жүгіртетін оқиға ретінде есте қалады. Сондықтан бұл жасалып жатқан реформалардың еліміздегі түрлі көзқарастағы азаматтардың мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін қадамдардың бірі», - деді Қазбек Майгелдинов.