Бейсенбі, 8 Маусым, 2023

Баласын ұрып-соққан елордалық әйелге айыппұл салынды

Астана қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен өзінің баласын ұрып-соққан әйелді әкімшілік жауапқа тартты деп хабарлады turkystan.kz.

Құзырлы органның мәліметінше, құқықбұзушылық жасаған әйел екі бүлдіршіннің анасы. Сотта оның баланы тәрбиелеу, білім беру және олардың құқығын қорғау сияқты ата-ана міндетін орындамағаны анықталды.

«2022 жылдың қыркүйегінде К. азаматтық некедегі күйеуімен арадағы кикілжің барысында өзінің қызын ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірген. Сотта К. өзінің құқықбұзушылық жасағанын мойындады.

Оның кінәсі көршілерінің куәлік етуімен, полиция қызметкерінің мәліметтері және сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен расталды», – делінген соттың ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Белгілі болғандай, жаза тағайындау кезінде жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ескерілген. Атап айтқанда, кінәні толық мойындау, жасаған ісіне өкіну және ауыр зардаптардың болмауын ескере келе, сот шешімімен әйелге 21 441 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button