Жаңалықтар

Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті

ашық дереккөзі

Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті

Еуразия ұлттық университетінде Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған «Жаһандану кезеңіндегі заманауи телерадио журналистиканың даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Телевизияның болашақ даму үдерістеріне арналған халықаралық жиында жаңа ойлар мен тың көзқарастар айтылды. Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов бүгінгі замандағы телевизия, оның қоғамды дамытудағы орнын, Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалардың еңбегін атап өтті. Халықаралық конференцияда негізгі баяндаманы белгілі тележурналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялардың адамзаттың руханиятына әсерін  зерттеумен айналысатын филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Есенбекова жасады. Профессор Есенбекова технологиялық ғасыр мемлекеттің ақпараттық кеңістігін ұлттық мүддеге жұмыс істейтіндей етіп қайта жаңартуға жол ашқанын, осындай биік мақсатқа бастайтын төте жол – ақпарат құралдарының жаңашыл жұмысы екенін айтты. Әлемдегі бірде-бір көшбасшы ақпарат құралы ұзақ мерзімді даму тұжырымы мен стратегиялық жоспарсыз алапат бәсекеге төзе алмас еді. Жеңістің басты құпиясы да осында. Цифрлық дәуірдің күрделі проблемаларын зерттеуші Ұлбосын Есенбекова әлеуметтік желілердің аудиториясы телеарнаға қарағанда бірнеше есе көп болғанымен, интернет бүкіл отбасын экран алдына жинай алмайтынын, ал телеарна отбасын біріктіретін, тәрбиелейтін феномен екенін дәлелдеді. Конференция секциялық тақырыптар бойынша жұмысын жалғастырды. ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ конференцияны қорытындылай келе, Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған ғылыми шараның жақсы деңгейде өткенін атап өтіп, конференцияға онлайн қатысқан әріптестер ғалымдарға алғысын айтты. Конференцияны ұйымдастырушы Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, факультет деканының орынбасары Дана Байғожина, кафедраның аға оқытушылары Римма Шакуова мен Айжан Пернебекова, Эльмира Ибраева, Айбарша Жақсылық пен Күлнаш Қошанова, Ардақ Мүтәрбек және басқа оқытушылар секция отырыстарының мазмұнды өтуіне үлестерін қосты.