Алматы облысында жүрегі оң жағында орналасқан ерекше адам тұрады

Алматы облысында жүрегі оң жағында орналасқан ерекше адам тұрады

Алматы облысында жүрегі оң жағында орналасқан ерекше адам тұрады
ашық дереккөзі
Базар Кенжебеков Алматы облысы Шеңгелді ауылында тұрады. Зейнет жасына жеткенімен қимылы ширақ. Өмірлік бейнетті көп тартқанымен, бүгінгі жағдайына налымайды. Оның жүрегі туабітті оң жағында орналасқан деп хабарлады turkystan.kz. Елден ерекше жаратылғанын жеткіншек жасында медициналық тексеріске барған сәтінде білген. Massaget.kz тілшісі ерекше жанмен сұхбаттасты.
«Есегімді арбаға жегіп, күн сайын ауыл көшелерін тазалауға шығамын. Зейнеткер екенмін деп үйде жата бергім келмейді. Тіршілік тоқтамайды. Барынша әрекет ету керек. Жолға шыққанда әрдайым керек-жарағымды, құрал-сайманымды алып жүремін. Арбамды өзім жөндеп аламын», - деді Базар аға.
Ауыл тұрғындары оның әрдайым еңбекке адал адам екенін айтады. Ол ауылдың тазалық жұмысына атсалысады.
«Жүрегім ешқашан мазалаған емес. Ол ауырмау үшін уайым-қайғыға салынбай, тек еңбек ету керек. Жиырма жыл темекі тарттым. Қойғаныма біраз болды. Өткенде өкпемді тексертейін деп  рентгенге түстім. Дәрігер «таза» деді. Жаттығу жасап, спортпен шұғылданамын», - деді зейнеткер.
Базар Кенжебеков дәрігерлік тексерістен өтуді де ұмытпайды. Қан қысымы  мен жүрек қағысы қалыпты. Жүректің кеуденің оң жақ тұсында орналасуын медицина ғылымында «декстрокардия» дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, ол 15 мың адам ішінде бір ғана адамда болуы мүмкін екен.
«Бұл - сирек кездесетін жағдай. Бірақ ауру деп саналмайды. Ағамыздың жүрегі жақсы, қалыпты жұмыс істеп тұр. Ешқандай шағымы жоқ. Қан қысымы дұрыс», - деді ауылдық амбулатория дәрігері Рауия Ағамбаева.