Павлодарда «Бір толқында» концерті өтті
Павлодарда «Бір толқында» концерті өтті
Бүгін Batyr Mall ойын-сауық орталығы мұз айдынында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «Бір толқында» атты үгіт-насихат концерті өтті. Шараның мақсаты - «AMANAT» партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлерді қолдау. Концертке елімізге белгілі әншілер – Садраддин, Ринат Мальцагов, рэпер Аман Тойлат және «Адай», «Samiyan» тобы қатысып, жиналған үміткерлерді қолдаушыларға әсем ән және күмбірлі күйден шашу шашты.
ҚР Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға үміткер азаматтарды қолдау форумының алғашқы сөзін «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко алып, барша үміткерлерге сәттілік тіледі.
Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің бірі – Серік Жартыбаев. Ол Успен және Павлодар аудандары бойынша ұсынылған және өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдарды жаңғырту, білім, мәдениет, медицина салаларын дамыту мәселелерін көтеруде.
- Менің депутаттыққа ұсынылудағы басты мақсатым - ауыл мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жандандыру. Елді мекендерге мәдениет, медицина нысандарын салу және жаңғырту! Сонымен қатар, ауылдық жердегі қызметкерлердің жалақысын көтеру. Мұның бәрі менің сайлауалды бағдарламамда қарастырылған, - деді Серік Жартыбаев.
Қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Санира Жүсіпова залда көптеген жастардың болғанына назар аударды.
- Бүгінгі жиынға тек павлодарлықтар емес, қаламыздың қонақтары да келді. Сіздердің әрқайсыларыңызды өз туған өлкеңізді шын жүректен сүйетін және қолдайтын адамдар деп білеміз. Негізі, көптеген жас үміткерлер сияқты менде де қорқыныш болды. Бірақ сіздердің қолдауларыңыз бізге үлкен сенім ұялатты. Барлықтарыңызды 19 наурызда сайлау учаскелеріне келіп, дұрыс таңдау жасауға шақырамыз, - деді Санира Жүсіпова.
Айта кету керек концертке 2200-ге жуық адам қатысты. Мерекелік кеш өңірімізге белгілі әншілер Серік Ырысбек пен Мадия Бақтияровтың әнімен түйінделді.