«Бюджеттің дұрыс бөлінбеуіне қарсы болған бірде-бір депутатты көрген жоқпын» – Бақытбек Хамит

«Бюджеттің дұрыс бөлінбеуіне қарсы болған бірде-бір депутатты көрген жоқпын» – Бақытбек Хамит

«Бюджеттің дұрыс бөлінбеуіне қарсы болған бірде-бір депутатты көрген жоқпын» – Бақытбек Хамит
ашық дереккөзі
Respublica өкілдерінің Атырау халқымен кездесуі кезінде Парламент мәжілісінің депутаттығына кандидат Бақытбек Хамит елдегі саяси науқанның маңыздылығын, қазіргі жүйесіздіктерді айтты. Ол экономикалық-әлеуметтік өзгерісті сабырлы, саналы түрде жасауға болатынын жеткізді.
«Көтеріліске шығып, жаға жыртысып, қырылып жатудың қажеті жоқ. Біз тек жалқаулық танытып жүр екенбіз. Бес жылда бір келетін сайлау кезінде аз-маз уақытымызды бөліп, бір жапырақ қағазға белгі қойып кетсек болды. Өзгеріс орнайды. Ал біз соған бармаймыз, сосын ойы, ниеті басқа азаматтар біздің дауысымызды өздерінің мақсатына пайдаланып кетеді. Ең сорақысы, жалқаулығымыздың зардабын өзіміз тартамыз. Сөйтіп жүргенімізге отыз жылға тақап қалды», – деді кандидат.
Respublica партиясының өкілі содан соң Президент әкім-министрлерді айналасы үш-төрт күннің ішінде ауыстырып тастайтынын еске алды. «Ал оны бәріміз талқылап кетеміз сол кезде. Бізге пайдасы тиетіндей», – дейді ол. Осы орайда, спикер, көпшілікке ой салатын мысал келтірді.
«Сондай кездері жазушы Рақымжан Отарбаевтың айтатын бір мысалы бар еді. Бірде бір топ үйрек мекен етіп жүрген көлін тастап, әлдебір жаққа ұшып барады екен. Алдарынан бүркіт шығып, «Әй, үйректер, қайда ұштыңдар?» депті. Сонда ішінен бір үйрек шығып, «Өй, мынау көл сасып кетті, анау жақта басқа көл бар екен, тап-таза. Соған ұшып барамыз» деген екен. Сонда бүркіттің айтқаны ғой: «Анау көтендерің аман болса, ол көлді де сасытарсыңдар». Сол сияқты жағдай бізде де, жетпіске келгені де, сексенге таяғаны да билікке тас кенеше жабысып алған. Жібермейді, бермейді жалындап тұрған жастарға. Бір-екі жас бара қалса, түрлі сылтаумен ығыстырып-ығыстырып жіберіп, не түрмеден, не басқа жақтан бір-ақ шығарады. Шетелге қашып кететіндері бар», – деді Бақытбек Хамит.
Ол негізі, өзгеріс жасайтын уақыттың келгенін айтты. Шешетін де, айтатын да, істейтін де мәселе көп.
«Олай болмаса, біз бұл жерге келмес едік. Сайлау деген еріккеннің ермегі көрінуі мүмкін. Бірақ біз үшін ешкім ештеңені істеп бермейді. Өзіміз белсенділік танытуымыз керек. Егер мәселе болмаса, біз шұрық тесік жолдармен жүрмейтін едік, Атыраудағы көпір құламайтын еді, мыңдаған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрар еді мұнда, салықтан да проблема тумас еді... Негізі әкімдердің тағайындалуына келісім беретін, бюджетті бекітетін депутаттар. Бірақ мен осы уақытқа дейін бюджеттің дұрыс бөлінбеуіне қарсы шыққан бірде-бір депутатты көрген жоқпын. Депутаттар әкімдерге жұмыс істейді, негізі әкімдер депутаттарға жұмыс істеуі керек еді», – деп атап өтті кандидат.
Б.Хамит осы Атырау облысындағы Құлсары ауданы туралы айтты. Қазақстан мұнайының 20 пайызы сол жердегі Теңізде өндіріледі. Ал, ауданның жағдайы мүшкіл, жолдары нашар, үйлері сұрықсыз. Сол ауданнан шыққан үш азамат әлемдік байлардың тізімінде жүр. «Форбс» журналына шыққан.
«Сол азаматтар өздері ұялмай ма екен ауылдарына барғанда?», – деді Respublica өкілі. Біздің міндет-мақсат – осы жағдайды өзгерту. Ол үшін сіздердің дауыстарыңыз өте маңызды. Егер өзгеріс қажет болмаса, 19 наурызда дауыс бермей-ақ қойыңыздар, сайлауға бармай-ақ қойыңыздар. Бірақ бес жыл бойы ешкімге ренжімеңіздер», – деді содан соң Бақытбек Хамит.