Жаңалықтар

«AMANAT»: ауыл шаруашылығын дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі

ашық дереккөзі

«AMANAT»: ауыл шаруашылығын дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатында Түркістан облыстық сайлауалды штабының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы бастаған штаб мүшелері, мәслихат депутаттығына үміткерлер мен сенімді өкілдер Ордабасы ауданындағы «Байдәулет» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесуде алғаш болып филиал төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы сөз алып, партияда орын алған өзгерістер жайлы баяндап берді. Сонымен бірге, партияның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп жатқанын айтып, бірқатар жоспарлармен таныстырды. - Ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамыры. Ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Біз ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасын іске қостық. Бұйыртса, мамыр айынан бастап жүзеге аспақ. Ал, сәуір айынан бастап біз, аманаттықтар, жоба аясында алынған жеңілдетілген несиені пайдалану бойынша сала-салаға бөліп, тұрғындарды тегін оқытуды көздеп отырмыз. Негізінен, жоба бойынша 5 млн. теңгеге дейін, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру көзделген. Ал, мал бордақылау үшін 8,6 миллион теңге 7 жылға берілетін болады. Қазірдің өзінде жобаны жүзеге асыру үшін республикада 125,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 11 миллиарды біздің облысқа бағытталмақ. Бүгінгі таңға облыс бойынша 8 ауыл тиісті талаптарға сәйкес болғандықтан аталған жобаның шарапатын көрмек. Оның ішінде осы Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылы бар. Біз жоба аясын кеңейту үшін қосымша 14 миллиард теңге сұратып отырмыз, - деді штаб төрағасы. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан Әбдібақыт Мақұлбаев, Бахыт Еркінбек, Әділет Әбухайыров, Жандос Әзімбай, Жансерік Жұман сынды депутаттыққа кандидаттар мен сенімді өкілдер былтыр «Жер аманаты» жобасы аясында Ордабасы ауданында 41,3 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын және биыл тағы 10 мың гектар жер қайтарылатынын айтты. Оған қоса, Ордабасы ауданында ауыспалы егістің көлемін 69,6 мың гектарға арттыру, жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологиясын 5,5 мың гектар жерге енгізу, бордақылау алаңдарының санын 80-ге дейін көбейту жоспарланғанын жеткізді. Одан бөлек, жиын барысында Бөржар ауылында жеміс және көкөністі өңдеу және Шұбар ауылында ет өнімдерін өндіру кәсіпорнын ашу жоспарланғаны мәлім болды. Өз кезегінде, еңбек адамдары балабақша салу, азық-түлік бағасын арзандату, жылыжайларға қажетті көмір тапшылығын болдырмау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру салаларындағы толғандырған сұрақтарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді