Жаңалықтар

ҚХП ана мен баланы қолдайды

ашық дереккөзі

ҚХП ана мен баланы қолдайды

7 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Қахарман Жақсылық «Талдықорған облыстық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Ол Халық партиясы әйелдердің 58 жастан зейнетке шығу қозғалысын қолдағанын, нәтижесінде 61 жастан зейнетке шығуға 5 жыл мораторий жарияланғанын атап өтті. «Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көпбалалы аналарға, толық емес отбасы мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарға қолдау көрсетуге басымдық берілген», – деді Қахарман Жақсылық. Оның сөзінше, партияның саяси платформасында әйелдердің, ерлердің зейнет жасын төмендету мәселесі ерекше назар аударылған. Партия әйелдердің зейнетке шығу жасын – 58, ал 4 және одан көп бала тәрбиелеп отырған аналарды 55 жасқа дейін зейнетке шығаруды талап етеді. Айта кетейік, сайлауалды бағдарламада партия тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жазаны қатаңдатуды ұсынды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті балаларға тағайындалатын жәрдемақымен алмастыруды және жәрдемақының қазіргі 13 мың теңге көлеміндегі мөлшерін ұлғайту бастамасын көтерді. «Әйелдердің даналығы мен қайратының арқасында түрлі қиындықтарды еңсеріп келеміз. Әйелдер дүниеге ұрпақ әкеледі, бала тәрбиесімен айналысады. Парламентте біз әйел-аналарды қолдайтын заң қабылдаймыз!» – деді Қахарман Жақсылық.