Жаңалықтар

«Ауыл» партиясының кандидаттары инклюзивті қоғам өкілдерімен кездесу өткізді

ашық дереккөзі

«Ауыл» партиясының кандидаттары инклюзивті қоғам өкілдерімен кездесу өткізді

Бүгін «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Ақмола облысы Қосшы қаласында ауылында инклюзивті қоғам өкілдерімен кездесу өткізді. Шараға «Ауыл» партиясынан кандидаттар Таңсәуле Серіков, Анас Баққожаев, Қайрат Айтуғанов, Ілияс Досхожаев, Николай Арсютин, Светлана Прокопьева, Қуаныш Сейітжанов және Айдар Саттаров қатысты. Кездесу Қосшы қаласында, негізінен, инклюзивті бағытта өтті. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың құқықтық, әлеуметтік жағдайы талқыланды. Жиын тұздығы ауылда тұратын мүгедек жандардың жағдайы, олардың орта, жоғарғы білім алуы мүмкіндігі болды. «Ауыл» партиясына не үшін келдім? Себебі «Ауыл» партиясынан жасымас жігерді көрдім. Оның ұстанымы халықтың, әсіресе ауылдықтардың ой-арманымен, мақсат-мүддесімен үндеседі. Партия бағдарламасы жаттанды құрғақ уәдеден ада. Ол ауылдық жерде кемінде 20 жыл жұмыс істеген азаматтарға зейнетақыны, онда тұратын ерекше қажеттіліктері бар барлық азаматқа әлеуметтік жәрдемақыларды ұлғайту, аз қамтылғандар мен әлеуметтік осал топтар өкілдері үшін азық-түлік төлем карточкаларын енгізу туралы мәселеге бастамашылық жасауға ұмтылу арқылы «Ауыл» шоқтығын басқа партиялардан биік ұстайды. Сондықтан мен «Ауыл» партиясын таңдадым», - деді кандидат, ҚР Ғылым және білім министрінің кеңесшісі Таңсәуле Серіков. Жиын соңында ерекше қажеттілігі бар жандардан құралған «Қанаттылар» теарты іс-шараға қатысушыларға театрландырған көрініс қойып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Кандидаттар инклюзивті жиыннан кейін Қосшы тұрғындарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оларға «Ауыл» партиясының сайлаудағы бағдарламасын, атап айтқанда қала тұрғындарын ауыл кәсіпкерлігін инвестициялауға тарту, қажетті экономикалық ынталандырулар мен құқықтық кепілдіктер бере отырып, «қалалық» бизнесті ауылдарға көшіру туралы талдап түсіндірді.