Кандидаттар Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде үгіт-насихат жұмысын жүргізді
Кандидаттар Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде үгіт-насихат жұмысын жүргізді
«Ауыл» партиясынан ҚР Парламеті Мәжілісінің депутаттығына және жергілікті мәслихаттарға кандидаттар 23 ақпанда Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Шараға мәжіліс депутаттығына кандидат – Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Дәурен Рахымбек, Дәулеткерей Кәпұлы және Жандос Тұрсынғалиев қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Ауыл» партиясы атынан түсетін кандидаттар мен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үгіт-насихат жұмысын күндізгі сағат 11.00-де қоғамдық қөліктердің соңғы аялдамасынан бастады. Алдымен автобустарды «Ауыл» партиясының сайлауға қатысты «Ауыл төрге шықсын!» тәрізді тақырыптағы үгіттік ұрандағы жарнамасымен әрлеген кандидаттар мен белсенділер үш топқа бөлініп, қала тұрғындары-жолаушылармен кездесті. Шара аясында автобус өз бағытымен бір айналым жасағанша көлікке кірген қала тұрғындары-жолаушыларға партия сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Халықтан жергілікті өкілді органның жұмысын жақсартуға арналған ұсыныстарды жинады.
«Партия әкімдер мен мәслихат депутаттарының халық алдындағы дербес жауапкершілігін күшейтеді. Ол үшін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы түбегейлі қайта қарайды. Олар халық алдындағы міндеттерін орындамаған жағдайда ең қатаң жазалау шараларын қолдануға қол жеткізеді», - деді ҚР Парламентінің Мәжілісі сайлауына «Ауыл» партиясы атынан түсетін кандидат Дәулеткерей Кәпұлы.
Қоғамдық көліктер ішінде қала тұрғындары-жолаушыларға жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарынан кейін кандидаттар өздері жүрген автобустар тиесілі автопаркке барып, көлік жүргізушілерімен кездесті. Көлік жүргізушілері өздерін толғандыратын мәселелермен, атап өтсек, жалақы, еңбек жағдайлары, жұмыс жүктемесі туралы сұрақтармен бөлісіп, еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы ұсыныстарын партия өкілдеріне жеткізді.
Кандидат Қайрат Айтуғановтың айтуынша, «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге қол жеткізеді. Сондай-ақ кандидат бұл мақсатта қолға алынатын әрекеттер жайлы айтты.