Жаңалықтар

Жамбыл облысында «Ауыл» партиясының республикалық слеті өтті

ашық дереккөзі

Жамбыл облысында «Ауыл» партиясының республикалық слеті өтті

Тараз қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының «Ауыл төрге шықсын!» атты ауыл тұрғындары мен кооперативтерінің республикалық слеті өтті. Жиынға партия төрағасы Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттар, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен ауыл тұрғындары қатысты. «Ауыл» партиясының үгіт-насихат жұмысы республика кооперативтердің слетінен басталды. Саяси доданың алғашқы жұмыстарының Жамбыл өңірінде тұсауы кесілуінің өзіндік сыры бар. Партия бағдарламасының, ұстанымының негізі ауылды қолдау, дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешу екені баршаға аян. Аталған мәселелерді шешудің бір жолы – ауыл кооперативтерін дамыту. Бұл тұрғыда Президент тапсырмасымен Жамбыл облысында іске асқан кооперативтік үлгі – Қазақстандағы ең үздік үлгілердің бірі болып есептеледі. Жамбылдық кооперативтер айналасы екі-үш жыл ішінде бұл жұмыста оң нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан екі жүзге жуық делегат бас қосқан республикалық жиын аталған облыстың әр кооперативінен мүше, әр ауылынан тұрғын шақырылып, өткізілді. Шараның және бір өзіндік ерекшелігі – оның ұлттық нақышта өтуі болды. Жиын өткен мәдениет үйінде облыс кооперативтері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. «Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаев, аталған партия атынан мәжіліс, мәслихат сайлауына түсетін кандидаттар кооперативтердің өнімдермен танысып, өз бағаларын берді.    Кооперативтер үй шаруашылықтарының табысын молайтуға бағытталған жобаларын көрмеде нақты көрсетті. Көрмеде кооперативтердің сатып алған ауыл шаруашылығы техникалары жұрт назарына ұсынылды. Шараға жиналғандар онымен танысып болған соң жиналыс басталды. Жиын барысында партия төрағасы Ә. Бектаев «Ауыл төрге шықсын!» атты үгіт-насихат науқанының негізгі бағытын, тақырыбын ашып, айқындап берді.