Жалғызбасты әйел 27 жыл бұрын перзентханаға тастаған қызына іздеу салды
Жалғызбасты әйел 27 жыл бұрын перзентханаға тастаған қызын іздеп жүр. Бұл туралы тележурналист Гүлмира Абықай Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Жұмыс бітіп, пробкада тұрмын.
Безілдеген телефонды көтерсем, ар жақтан жыламсыраған әйелдің даусы естілді:
- Қызымды табуға көмектесіңізші, баламнан ажырап қалды - деді, жалынышты үнмен.
- Сіз кімсіз? Қызыңыз қайда? Қандай жағдайда ажырадыңыз? Оқиға қашан болған еді? - деп, сұрақты төндірдім.
Cөйтсем, ол 1974 жылғы Түркістан облысының тумасы екен.
- Жасым 50-ге таяп қалды. Ауырмайтын жерім жоқ. Денсаулығым нашар. Бағып-күтетін қыз керек, - дейді.
- Жоқ, енді қызыңыз қайда? Түсіндірсеңізші, десем:
- Бұрын 1996 жылы туып, перзентханаға тастап кеткенмін.
- Неге? Не себепті?
- Әке-шешем қатал қарсы болды. Жүкті екенімді білсе, мені өлтіріп тастайтын еді. Өзім жаспын, оқу жұмыс жоқ, қалай бағамын? Сосын, амалым жоқ перзентханаға тастап кеттім. Енді, соны іздеймін.
- Сосын?
- Не сосын?
- Жаңа туған әлдиді тастап, қайда бардыңыз?
- Үйіме бардым. Ештеңе болмағандай, әкем мен бауырларым білмейді. Көп ұзамай анам қайтыс болды. Бауырларым үйленіп, әйелімен кетті. Ал, мен сол күйі күйеуге тимедім. Енді міне 50-ге де келіп қалдым. Өзімді қарайтын адам керек, - деді.
- Ал, жақсы мен қызыңызды тауып беремін. Бірақ, ол қыз сізге құстай ұшады деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине! Жақсы отбасы асырап алған болса, өз өміріңізбен бірге оның да өмірін құртасыз ғой - деп, бастаған ем, телефонды өшіре салды» - деп жазды тележурналист.