Жаңалықтар

Кандидаттар өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарламамен таныстырды

ашық дереккөзі

Кандидаттар өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарламамен таныстырды

“AMANAT” партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған бір топ республикалық және облыстық штаб мүшелері Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылының ақсақалдары мен ауыл билерімен кездесті.

Қазығұрттық жұртшылықпен кездесу үшін республикалық штаб мүшелерінен Қамзабекұлы Дихан, Ринат Зайтов, Мәжіліс депутаттығына үміткер Әбдібақыт Мақұлбаев, облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Нұржан Аширов пен Жанар Темірбекова және облыстық штабтың мүшесі Жандос Әзімбай, партияның өңірлерді дамытуға бағытталған жүйелі бағдарламасымен таныстырды.

Біздің Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік! Ендеше ел аманатын арқалайтын ауыр жолда бірге болайық – деді штаб мүшелері. Сондай-ақ Сенімді болайық! Сенімді жоғалпайық! 19 наурыз күні өтетін сайлауға белсенді қатысып, «AMANAT» партиясын қолдап дауыс берейік, - деді өз сөзінде Дихан Қамзабекұлы.

Жиынға келген ауыл ақсақалдарының біршамасы партия бағдарламасы аясында берілетін 2,5 пайыздық несие бойынша сұрақтар қойды. Облыстық штаб мүшесі Жандос Әзімбай өңір қарияларына несие алу тиімділігін айтып, түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттығына үміткер Әбдібақыт Мақұлбаев, қазығұрттық жұртшылықты бірігіп ел болуға шақырды.

Кездесуден кейін ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, 19 наурыз күні сайлауға қатысуға ниетті екендерін білдірді.