Жаңалықтар

Енді ЖОО түлектері конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке тағайындала алады

ашық дереккөзі

Енді ЖОО түлектері конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке тағайындала алады

Елордада «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр деп хабарлады turkystan.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада өткен онлайн-брифинг барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген инновациялар және басқа да өзекті мәселелер айтылды.

Мәселен, жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейлерде төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалу мүмкіндігіне ие. Ол үшін жастар, біріншіден, мемлекеттік тапсырыс аясында жоғары оқу орнын аяқтауы керек, екіншіден, GPA нәтижесі 3,33-тен төмен болмауы қажет.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік қызметке тағайындау құқығы бар лауазымды адам бекітетін болады. Бұл ретте уәкілетті органның немесе оның аумақтық басқармаларының келісімі алынады.

Биыл 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша пилоттық жобаны тестілеу басталды. Ілкі жобаның ерекшелігі – конкурс жеңімпазы барлық кезеңнің қорытындысы бойынша арнайы жүйемен автоматты түрде анықталады және конкурстық комиссияның шешіміне тәуелді емес. Дарынды, талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметтегі жұмысқа тарту мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы іске асып жатыр. Жастар үшін бұл жоба пайдалы. Оның арқасында жоғары оқу орындарында оқитын жастар мемлекеттік қызмет саласындағы пайдалы ақпаратты біліп, қызметтің жауапкершілік жүктемесін сезіне алады, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев.