Порошенко: Украинаның НАТО-ға қосылуы бойынша референдум өтеді

Порошенко: Украинаның НАТО-ға қосылуы бойынша референдум өтеді

Порошенко: Украинаның НАТО-ға қосылуы бойынша референдум өтеді
ашық дереккөзі
Украина президенті Петр Порошенко германиялық ақпарат құралдарына Украинаның НАТО-ға кіруі мәселесін референдумға шығару жоспары барын мәлімдеді. Порошенконың сөзіне қарағанда, сауалнама нәтижесі украиндықтардың 54 пайызы НАТО-ға кіруді қолдайтынын көрсеткен.
"Төрт жыл бұрын Украинаның НАТО-ға қосылуын халықтың 16 пайызы ғана қолдаған. Қазір бұл сан 54 пайызды құрайды" деді Порошенко бүгін немістің Funke Mediengruppe басымылында жарияланған сұхбатында. "Президент ретінде, мен өз халқымның пікіріне құлақ асамын және НАТО-ға мүше болу мәселесі бойынша референдум өткіземін" деді Порошенко. Ол егер халық қолдаса трансатлантикалық альянсқа мүше болудың қолдан келер барлық әрекетін жасауға уәде берді. Порошенко Украинаның қорғаныс саласын НАТО стандарттарына сай реформалауды 2020 жылға қарай аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. НАТО мен Украина 1990 жылдардың басынан бері тығыз өзара байланыс орнатқан. Альянс сайтында НАТО серіктестерінің арасында Украинамен байланыс "ең маңыздылардың" бірі саналатыны айтылады. Бірақ НАТО-ның Украинаны құрамына қосу жөніндегі кез-келген әрекеттерінен соң Ресеймен шиеленіс күшейе түседі. Порошенко сонымен қатар Funke Mediengruppe-ге Украинаның коррупциямен күрес және бюджет дефицитін азайту шараларын қабылдап, Еуропа Одағының (ЕО) құрамына қосылуға бет алғанын да айтты. "ЕО Украинамен қарым-қатынас орнатса барынша қауіпсіз, сенімді әрі бақытты болатынын түсінуі тиіс" деді Порошенко.