Жаңалықтар

Дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

ашық дереккөзі

Дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Семейде дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінің жекелей сайысында медаль саны бойынша Абай облысы (3 алтын, 1 күміс) көш бастады. Ақтөбе облысы (2 алтын, 2 күміс) құрамасы екінші орыннан көрінсе, Қостанай облысының (2 алтын)  жас дзюдошылары үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан чемпионатының соңғы жарыс күнінде 19 команда аралас-командалық жарыс бойынша үздікті анықтады. Нәтижесінде, Жамбыл облысының жас татами шеберлері қарсылас шақ келтірмей, аралас-командалық жарыстың жеңімпазы атанды. Финалға шыққан Қарағанды облысы күмісті місе тұтса, Қостанай облысы мен Алматы қаласының құрамалары қола жүлдені өзара бөліп алды. 4 күнге созылған Қазақстан чемпионатына Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ, еліміздің 16 облысынан барлығы 517 спортшы қатысты. «Абай-Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан ел біріншілігінің ашылу салтанатына Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев,  Дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев, Абай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Ержан Әбілқасымов және Абай облысының дзюдо федерациясының президенті  Әділ Медеуов қатысты.