Жаңалықтар

Астанада инвестиция туралы тұңғыш қазақша кітаптың таныстырылымы өтті

ашық дереккөзі

Астанада инвестиция туралы тұңғыш қазақша кітаптың таныстырылымы өтті

Бүгін елордадағы  Ұлттық академиялық кітапханада «Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» инвестиция туралы қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптың тұсаукесері өтті деп хабарлады turkystan.kz. Авторлардың айтуынша, бұл жоба коммерциялық емес, ол жастардың қаржылық сауаттылығына бей-жай қарамайтын азаматтардың демеушілігінің арқасында жүзеге асқан. Сондай-ақ кітап университеттерге тегін таратылады. Оқу орындарына Алматыдан алып кетуге болады. Ол үшін Talentcorpkz@gmail.com поштасына жазсаңыз болды. «Елімізде қаржылық сауаттылық туралы қазақ тілінде және қарапайым түрде жеткізілген ақпарат аз. «Қалай ақшаны көбейтуге болады?», «қалай дұрыс жұмсау керек?» деген сұрақтар көпті мазалайды.  Сондықтан біз өзіміздің тәжірбиемізді, білімімізді жинақтап, барлығын бір кітапқа жазып шықтық. Сондай-ақ шетелдік экономикаға, қаржы сауаттылығына қатысты кітаптарды да біріктірдік», - деді кітап авторларының бірі Ерқанат Әбени. Аталған еңбекте миллиардер Тимур Турлов, қаржы блогері Дәулет Мұқаев, «Finmentor» жобасының негізін салушы Арман Батаев, Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев сияқты қаржы нарығындағы мамандардың сұхбаттары берілген. «Кітапты 1 жылдан астам уақыт жаздық. Онда түрлі сараптама жасалып, мысалдар келтірілген. Қаржылық сауаттылық тақыбырын зерттегенде ең алдымен қазақ менталитетінің тарихын көрдік. Көбі «қазақтар ақшаны үнемдей алмайды, еріншек, ақшаны тез таратады» деп ойлайды. Бірақ тарихты алып қарасақ, қазақтардың байлыққа деген ерекше көзқарасы болған. Сонымен қатар қазір белгілі инвесторлармен сұқбат құрып, олардың тәжірибесін жаздық. Кітап ең алдымен жастар үшін құнды. Себебі кітап жарық көргелі пікірлердің басым бөлігі жастардан түсіп жатыр. Бір айдың ішінде кітапты университеттерге тараттық. Кейін ол бойынша пікірлерлді жинадық. Нәтижесінде біз сұраныс ақшаны қалай жинау керегі жайында екенін байқадық, - деді идея авторы Бауыржан Шурманов.