Жаңалықтар

Түркиядағы бауырлар үйлі болғанша киіз үй жеткізіп тұрамыз – Гүлім Қайырденқызы

ашық дереккөзі

Түркиядағы бауырлар үйлі болғанша киіз үй жеткізіп тұрамыз – Гүлім Қайырденқызы

Бүгінде бортсерік болуды армандайтын ару көп. Гүлім де кішкентайынан осы арманның жетегінде жүретін. Алайда ауылда өсіп, қарапайым отбасында дүниеге келген оған мұндай мәртебелі маман болу қол жет­пес белестей көрінетін еді. Десе де, туған жер­дің төсінде жатып қиялымен көкке сам­ғайтын. Бала арманының қанатынан тас қы­лып ұстаған ол бүгінде расымен әуеде қыз­мет етіп жүр. Жер бетіндегі адамдарға жа­нашыр болуды да ұмытқан емес. Мысалы, жа­қында жойқын жер сілкінісімен зардап шек­кен Түркия еліне көмекке барған азамат­тарға киіз үйлерді жеткізуге көмектесті. Әр жолаушының өмірі – аманат Қарағанды облысының Ақтоғай ауы­лын­да дүниеге келген Гүлім Қайырденқызы бортсерік болуға туысқан әпкесі түрткі бол­ғанын айтады. Қонаққа келген сайын сәнді киі­ніп, көлік мініп келетін оған қызыға қа­рай­тын. Ал ол сөйлескен кезде әуекомпанияда жұ­мыс істейтінін, еңбекақысы жақсы екенін айт­қан. Әпкесінің бұл сөзі Гүлімді одан сайын қызықтыра түскен. Алайда ол кезде қа­зіргідей екінің бірі шетел асып жүретін уа­қыт емес еді. Өзге елді көру ауыл баласы үшін қол жетпес дүниедей болатын. Бірақ ар­­­­маншыл қыз болашақтан үмітін үзген емес. Мектепті ойдағыдай бітіріп, алдына үлкен мақ­сат қойып, табандылығы мен еңбек­қор­лы­ғының нәтижесінде сол арманына жетті. «Бұл мамандық шапшаңдық пен қыра­ғы­лықты талап етеді. Көзің алыстағы дүниені кө­ре білуі керек. Өйткені қауіп төніп тұруы мүм­кін. Соны дер кезінде байқау керек. Бортсерік болып, авиация әлемінде жұ­­мыс істеу – өмір бойы оқушы болу де­ген сөз. Бұл – ерекше мамандық. Әр жолау­шы­ның өмірі – аманат. Әр рейс сайын борт­серіктердің жо­­­лаушыларға «Сіздің қауіп­сіз­дігіңіз – біздің басты мақсатымыз» деп айтуы бекер емес», – дейді ол. Тұмауратып тұрсаңыз, ұшаққа мінбегеніңіз жөн Күніне кем дегенде 300-400 жолаушы­ны тасымалдаған соң адамдармен тіл та­­­быса білу де маңызды дүние. Сол үшін борт­серіктер әрқайсысының көңілін табуға ты­рысады әрі қолынан келгенше кикілжіңге жол бермейді. Бортсерік қыз ұшаққа кірген әр жолаушымен амандасқан сәттен-ақ әр­­қайсысына психологиялық портрет бере ала­тындай деңгейге жеткенін айтады. Бұл, әрине тәжірибемен келетін нәрсе. «Апаттық жағдайда ұшақ ішіндегі түрлі оқи­ға назарымызды басқа жаққа аударып жі­беруі мүмкін. Жолаушылармен жұмыс іс­теуде өзіміздің құпияларымыз бар. Күніне бір­неше жолаушымен жұмыс істегенде адам ав­томатты түрде психолог болады. Оның сөйлегенінен, сөйлемесе де қимылынан, бет әл­петінен қандай көңіл күйде тұрғаны білі­ніп тұрады. Біреу қайғыға, енді бірі қуанышқа, ал келесісі іссапарға бара жатады. Жолау­шы­ның көңіл күйін байқап, ыңғайына қарай бейім­делуге тырысамыз. Мынадай жағдай жиі болады: жолаушылар бортсерікті шақыру ба­тырмасын басқанда «Шөлдеп отырған шы­ғар» деп су ала барамыз. Бірақ көрсетпей тұра­мыз. «Шөлдеп отырмын, су бар ма?» де­ген­де бере қоямыз. Сол кезде «Қайдан біліп қой­дыңыз» деп таңғалады», – дейді ол. Түркиядағы жағдай өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті Жақында ел азаматтары халықпен бірі­гіп жылу жинап, жойқын жер сіл­кінісінен зардап шеккен Түркия еліне кө­мек ретінде киіз үй апарып құрған болатын. Қа­зақ халқының бұл көмегі далада қалған т­а­лай жанға пана болды. Осы орайда Гүлім Қайыр­денқызы киіз үйлерді жеткізу мәсе­лесін өз мойнына алып, азаматтық іс атқар­ға­нын айтпай кетуге болмас. Ел азамат­тары­ның бауырлас елге көмек қолын созуға әре­кет жасап жатқанын естіп, өзі хабарласқан екен. «Осы уақытқа дейін біраз елді араладым. Бауыр­лас Түркия елі ерекше ыстық. Жақсы көр­генім соншалық, тілін де үйреніп алдым. Бұл елде болған апат жаныма қатты батты. Ол жақта достарым да көп. Сондықтан көрші елге қолымнан келгенше көмектескім келді. Киіз үйге дейін де киім-кешекпен, заттай кө­­мектесіп жаттық. Азаматтарымыздың әрекет жасап жатқа­нын естіп, Нұрбек мырзаға хабарлас­тым. «Киіз үйді қалай жеткізейін деп жатыр­сыз­дар?» деп сұрағанда, «Түркия елшілігі фурамен жет­кіземіз деп айтты» дейді. Бұл ұзақ уақыт жү­ріп жетуі мүмкін. Сондықтан «Ұшақпен жет­кізейік» дедім. Ол жақ суық, қарлы жер. Со­ған рұқсат алып, Cargo жүк ұшағы қона­тын­дай жасауымыз керек болды. Осы салада жүр­гендіктен, бұл істі біреуге сілтемей, мой­ныма алу азаматтық міндетім деп есептедім. Дала­да қалған жұртты ертерек киіз үйге кір­гізуді ойладық. Сөйтіп, Түркия тарапымен сөй­лесіп, жүк қандай ұшаққа тиелу керек еке­нін шештік», – дейді бортсерік. Кейіпкеріміз жүктің бәрін жібергеннен кейін өзі де жолға аттанғанын айта­ды. Өйткені ол Астанада отырып ұшақтың ұшып-қонғанын бақылап отырған еді. Түр­кияға аттанған ұшақ Қахраманмарашқа аял­дауға мүмкіндік болмағандықтан, 100 ша­қырымдай жердегі Инджирлик деген әс­кери әуежайға қонған болатын. «Ұшақ жет­кеннен кейін біздің азаматтарымыз әуежайға барып, сегіз фура жүкті артып-түсірді. Бұл – үлкен жұмыс», – дейді бортсерік. Гүлім зар­дап шеккен халықты өз көзімен көргенде көз жасына ерік бергенін айтады. Расында, бұл жүрек ауыртатын көрініс еді. «Киіз үйді құрып болғаннан кейін Қах­ра­манмараш қаласын екі сағаттай араладық. Жағ­дайды сөзбен сипаттау өте қиын. Өзім көргенімді айтайын. Он бес қабатты үйлер са­лынып тұрған екен қатарымен. Зілзала сол үй­лердің астынан болған. Жер үш метрге дейін ашылып, отыз метр тереңдікке дейін жеткен. Он бес қабатты үйлер опырылып құла­ғанда, он екі қабаты жер астына кіріп, үш қабаты ғана жер бетінде қалған. Көрші ел­дегі жағдайды барып көргеннен кейін өмір­ге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Өмірде адам үшін не құнды? Алдымен соны ойлай бастайды екенсің. Адамдардың суреттері, оқу­шылардың кітаптары шашылып жатты. Бұл кісілер кеше ғана бақытты отбасы еді ғой. Ен­ді, міне естеліктері ғана қалды. Бұл – адам­ның жанын күйзелтетін жайт... Біз барған кезде жағдай тынышталған екен. Көп адамды үйіндіден шығарған. Әлеу­мет­тік желіде «мәйіттердің исі шығып жа­тыр» деп шулап кетті ғой. Алайда мен он­дай жағымсыз иісті сезбедім. Адам қайтқанда жән­наттық болса, хош иіс шығып жатады деп ес­ті­генім бар еді. Мен керісінше, сондай хош иіс­ті сездім», – дейді Гүлім Қайырден­қызы. «Дінмұхаммед Қонаев атындағы ха­лық­аралық қор Димаш атамыздың орденімен ма­рапаттады. Елге келгеннен кейін Алматыда кә­сіп­пен айналысатын Түркия азаматтары да шақырды. Олар бізді көргенде сөйлей ал­май, көзіне жас алып, көңілі босады», – дейді Гүлім Қайырденқызы.