Қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романы қазақ тілінде жарық көрді
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясы шығарған заманауи қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты шығармасының қазақ тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерді халықаралық «Көршілес» журналының атқарушы бас редакторы Саят Қамшыгер жүргізіп отырды.
Тұсаукесерде алдымен сөз алған Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулының орынбасары Чжун Хуа екі ел арасындағы әдеби-мәдени қатынастардың дамуы туралы сөйледі. Өз сөзінде ол қазақ тілінен қытай тіліне, қытай тілінен қазақ тіліне аударылып жатқан шығармалар көршілес екі мемлекет халқының бір-бірін терең түсінуіне жол ашып, бір-бірінің талантты қаламгерлерінің шығармаларын оқу арқылы өзара мәдени ықпалдастықтың артатынына сенім білдірді.
Одан соң экраннан жазушы Ван Мэннің бейнебаяндамасы берілді. Баяндамасын қазақ тілінде жасаған ол өзінің екі кітаптан тұратын «Әсем көріністі өлке» аты романының қазақ тілінде жарық көргеніне қуанышты екенін білдірді. Ол өзінің анау бір кездері (өткен ғасырдың ортасында Қытайда жүргізілген «Мәдени революция» науқанында) Шыңжаңда жиырма жылдай өмір сүргенін, сол кезде жергілікті халық – қазақ, ұйғыр, дүнген ұлты өкілдерімен араласқанын, олардың мәдениетімен терең танысқанын, адамдармен достасқанын, соған байланысты «Әсем көріністі өлке» атты қос томдық романын жазғанын айта келіп, өз романын қазақ халқына ұсынып отырған баспаға алғыс білдірді.
Одан соң Қытайдағы «Жаңа әлем» баспасының директоры Ли Чунькай онлайн байланысқа шығып, Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романының ерекшелігі туралы, бұл романның әлем тілдеріне аударылуының мәні туралы өз ойын білдірді.
Сондай-ақ тұсаукесерде жазушы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы, Жазушылар одағы аударма секторының жетекшісі Заманбек Әбдешұлы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Төреәлі Қыдыр, Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының төрағасы Әділ Қойтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті деканының орынбасары Салтанат Төлеуқызы, қытайтанушы ғалым, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, Ұлттық кітапхананың Жоғары деңгейлі 2-дәрежелі кітапханашысы Қамия Қадай, «Әсем көріністі өлке» кітабының редакторы Ләйлә Ноғайбекқызы сөз сөйлеп, қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отырған «Әсем көріністі өлке» романы және Ван Мэннің шығармашылығы туралы ойларын айтты.
Қазір 88 жастан асқан қытай жазушысы Ван Мэннің тағдыр жолы қиындық пен өрлеудің көрінісіндей. Зиялы отбасында тәрбиеленген ол 1948 жылы 14 жасында Қытай коммунистік партиясы қатарына алынған. 1956 жылы журналда басылған алғашқы әңгімесімен-ақ бүкіл Қытайға танымал болған. Алайда арадан бір жыл өткенде сол тұстағы «Мәдени революция» дауылы оны да соғып өтіп, партия қатарынан шығарылып, «еңбекпен түзеу» жазасын арқалатқан. Сөйтіп, 1978 жылға дейін Шыңжаңда айдауда болған. Сол кездегі көріп-сезгендері жайында ол «Әсем көріністі өлке» романына өзі жазған алғысөзде былай дейді:
«Ол кезде Шыңжаң қиын-қыстау дәуірді бастан кешіп жатқан-ды. Әсіресе, 1962 жыл көптеген адамның жүрегін қанжаржай тіліп өтті. Қытай мен КСРО жаугершілігі мен бүкіл елді жалмаған ашаршылықтың нәтижесінде Іле мен Тарбағатайда қайғылы оқиғалар болды. Сол өңірдегі шекара маңы тұрғындары Қытайдан қашуға тырысқан еді. Кейінірек 1963, 1964 және 1965 жылғы оқиғалар да көпшілікке оңай тиген жоқ».
Міне, осы жағдайларды көзбен көріп, қасіретін сезінген Ван Мэн бұл жайында роман жазу керек деген ойға келеді. Жоғарыда келтірілген романының алғысөзінде жазушы мұны былай тарқатады:
«Социализмді ауылда үйрену» қозғалысы мен төраға Мао Цзэдунның «форма бойынша – солшыл, іс жүзінде – оңшыл» мәселесі жөніндегі бағыты маған әдеби шығарма арқылы «солшылдың» жалған екенін әшкере етуге көмектесіп, мұның қоғам санасын улап, адам тағдырын күл-талқан еткенін көрсетуге мүмкіндік берді. Бір жағынан мен бұл романда сол кездегі жеке басқа табыну, таптық күрес, «империалистер жойылсын» және «ревизионистер жойылсын» деген түрлі ұғымнан толық арыла алмадым. Екінші жағынан қалыптасқан жағдайға сәл де болса сырттай баға беріп, бәрі «солшыл» туралы ұрандатып, жан-жақтан қыспаққа алғанда оның ауыр күйі мен жалған екенін әшкереледім. Және шығармамда ұлттық, діни, мемлекеттік сана-сезімді бақылап, суреттей алдым...
1978 жылы романның қолжазбасын аяқтаған кезде «мәдени төңкеріс» те мәресіне жетті. Бүкіл ел Цзян Цин мен оның «төртеудің бандасының» әшкереленуіне, оларды кінәлауға, «мәдени төңкеріске» қадалып отырған еді. Менің романым сол кездің талабына сәйкес келмейтіні анық болатын. Сондықтан қолжазбамды сандықтың түбіне сақтадым. Шаң басқан роман сол жерде 34 жыл жатты.
2012 жылы балаларым қолжазбаны ескі пәтерімнің шатырының астынан тауып алыпты. Шығармамды көріп таңданып, қатты қуанғаным рас. Балаларымның ықпалымен шағын өзгерістер енгізіліп, 2013 жылы басып шығардым».
Ван Мэн – Қытайдың ірі жазушысы, оның сол елде 23 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ оның шығармалары көптеген әлем тіліне аударылған. 2003 жылы оның Қытайда және Франция, Жапония, Германия, Италия, АҚШ, Ресейде 150 шығармасы басылып шыққан. 23 жасында саяси науқан кесірінен жазаланып, 20 жылдан аса уақыт айдауда болған ол кейін мансап жолында да үлкен жетістіктерге жеткен. Қытайдың мәдениет министрі болған. 1985 жылдан бері Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ