Қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романы қазақ тілінде жарық көрді

Қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романы қазақ тілінде жарық көрді

Қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романы қазақ тілінде жарық көрді
ашық дереккөзі
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясы шығарған заманауи қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты шығармасының қазақ тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерді халықаралық «Көршілес» журналының атқарушы бас редакторы Саят Қамшыгер жүргізіп отырды. Тұсаукесерде алдымен сөз ал­ған Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулының орынбасары Чжун Хуа екі ел арасындағы әдеби-мә­де­ни қатынастардың дамуы туралы сөй­леді. Өз сөзінде ол қа­зақ тілі­нен қытай тіліне, қытай тілінен қа­зақ тіліне аударылып жат­қан шы­ғармалар көршілес екі мем­­ле­кет халқының бір-бірін те­рең тү­сінуіне жол ашып, бір-бірі­нің та­лантты қаламгерлерінің шығар­ма­ла­рын оқу арқылы өзара мә­дени ық­палдастықтың артаты­нына се­нім білдірді. Одан соң экраннан жазушы Ван Мэннің бейнебаян­да­ма­сы берілді. Баяндамасын қазақ ті­лінде жасаған ол өзінің екі кітап­тан тұратын «Әсем көріністі өлке» аты романының қазақ тілінде жа­рық көргеніне қуанышты еке­нін білдірді. Ол өзінің анау бір кез­дері (өткен ғасырдың орта­сын­да Қытайда жүргізілген «Мәдени ре­волюция» науқанында) Шың­жаң­да жиырма жылдай өмір сүр­ге­н­ін, сол кезде жергілікті халық – қазақ, ұйғыр, дүнген ұлты өкіл­дері­мен араласқанын, олардың мә­дениетімен терең танысқанын, адам­дармен достасқанын, соған бай­ланысты «Әсем көріністі өлке» ат­ты қос томдық романын жазға­нын айта келіп, өз романын қазақ халқына ұсынып отырған баспаға ал­ғыс білдірді. Одан соң Қытайдағы «Жаңа әлем» баспасының дирек­то­ры Ли Чунькай онлайн бай­ла­­­нысқа шығып, Ван Мэннің «Әсем кө­ріністі өлке» романының ерек­ше­лігі туралы, бұл романның әлем тіл­деріне аударылуының мәні ту­ралы өз ойын білдірді. Сондай-ақ тұсаукесерде жа­зу­­шы, Р.Сүлейменов атын­­­дағы Шығыстану инс­титу­ты­ның директоры Дүкен Мәсімханұлы, Жа­зушылар одағы аударма сек­то­рының жетекшісі Заманбек Әб­деш­ұлы, М. Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты дирек­то­рының орынбасары Төреәлі Қы­дыр, Ұлттық мемлекеттік Кітап па­латасының төрағасы Әділ Қой­танов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шы­ғыстану факультеті дека­ны­ның орынбасары Салтанат Төлеу­қы­зы, қытайтанушы ғалым, про­фес­сор Нәбижан Мұқаметханұлы, Ұлттық кітапхананың Жоғары дең­гейлі 2-дәрежелі кітапха­на­шы­сы Қамия Қадай, «Әсем көріністі өлке» кітабының редакторы Ләйлә Ноғайбекқызы сөз сөйлеп, қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр­ған «Әсем көріністі өлке» ро­ма­­ны және Ван Мэннің шығар­ма­­шы­лығы туралы ойларын айтты. Қазір 88 жастан асқан қытай жа­зушысы Ван Мэннің тағдыр жо­лы қиындық пен өрлеудің кө­рі­ні­сіндей. Зиялы отбасында тәр­бие­лен­ген ол 1948 жылы 14 жасында Қы­тай коммунистік партиясы қа­тарына алынған. 1956 жылы жур­налда басылған алғашқы әңгі­ме­сімен-ақ бүкіл Қытайға танымал бол­ған. Алайда арадан бір жыл өт­­­кенде сол тұстағы «Мәдени рево­лю­ция» дауылы оны да соғып өтіп, пар­тия қатарынан шығарылып, «ең­бекпен түзеу» жазасын арқалат­қан. Сөйтіп, 1978 жылға дейін Шың­жаңда айдауда болған. Сол кез­дегі көріп-сезгендері жайында ол «Әсем көріністі өлке» романына өзі жазған алғысөзде былай дейді: «Ол кезде Шыңжаң қиын-қыс­тау дәуірді бастан кешіп жатқан-ды. Әсіресе, 1962 жыл көптеген адам­ның жүрегін қанжаржай тіліп өтті. Қытай мен КСРО жаугершілігі мен бүкіл елді жалмаған ашар­шы­лық­тың нәтижесінде Іле мен Тар­бағатайда қайғылы оқиғалар бол­ды. Сол өңірдегі шекара маңы тұр­­­­ғын­дары Қытайдан қашуға тырыс­қан еді. Кейінірек 1963, 1964 және 1965 жылғы оқиғалар да көпші­лік­ке оңай тиген жоқ». Міне, осы жағдайларды көз­бен көріп, қасіретін се­зінген Ван Мэн бұл жайында ро­ман жазу керек деген ойға ке­ле­ді. Жоғарыда келтірілген ро­ма­ны­ның алғысөзінде жазушы мұны бы­лай тарқатады: «Социализмді ауылда үйрену» қоз­ғалысы мен төраға Мао Цзэ­дун­ның «форма бойынша – сол­шыл, іс жүзінде – оңшыл» мәселесі жө­ніндегі бағыты маған әдеби шы­ғарма арқылы «солшылдың» жал­ған екенін әшкере етуге көмек­тесіп, мұның қоғам санасын улап, адам тағдырын күл-талқан еткенін көр­сетуге мүмкіндік берді. Бір жа­ғынан мен бұл романда сол кездегі же­ке басқа табыну, таптық күрес, «империалистер жойылсын» және «ре­визионистер жойылсын» деген түр­лі ұғымнан толық арыла ал­мадым. Екінші жағынан қалып­тас­қан жағдайға сәл де болса сырттай ба­ға беріп, бәрі «солшыл» туралы ұран­датып, жан-жақтан қыспаққа ал­ғанда оның ауыр күйі мен жал­ған екенін әшкереледім. Және шы­ғармамда ұлттық, діни, мемле­кет­тік сана-сезімді бақылап, сурет­т­ей алдым... 1978 жылы романның қол­жаз­басын аяқтаған кезде «мәдени төң­­керіс» те мәресіне жетті. Бүкіл ел Цзян Цин мен оның «төртеудің бандасының» әшкереленуіне, олар­ды кінәлауға, «мәдени төң­керіс­ке» қадалып отырған еді. Ме­нің ро­ма­ным сол кездің тала­бы­на сәйкес кел­мейтіні анық бо­ла­тын. Сон­дық­тан қолжазбамды сан­дықтың тү­біне сақтадым. Шаң басқан ро­ман сол жерде 34 жыл жат­ты. 2012 жылы балаларым қол­жаз­баны ескі пәтерімнің шаты­ры­ның астынан тауып алыпты. Шы­ғар­мам­ды көріп таңданып, қатты қуан­ға­ным рас. Балаларымның ық­па­лы­мен шағын өзгерістер ен­гі­зіліп, 2013 жылы басып шығар­дым». Ван Мэн – Қытайдың ірі жазушысы, оның сол елде 23 томдық шығармалар жинағы жа­рық көрген. Сондай-ақ оның шы­ғармалары көптеген әлем ті­лі­не аударылған. 2003 жылы оның Қы­тайда және Франция, Жапония, Германия, Италия, АҚШ, Ресейде 150 шығармасы басылып шыққан. 23 жасында саяси науқан кесірінен жа­заланып, 20 жылдан аса уақыт ай­дауда болған ол кейін мансап жо­лында да үлкен жетістіктерге жет­кен. Қытайдың мәдениет ми­нистрі болған. 1985 жылдан бері Қытай Жазушылар одағы төра­ға­сының орынбасары қызметін ат­қарып келеді.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ