Қаңсық пен таңсық немесе автонарықтағы ахуал

Қаңсық пен таңсық немесе автонарықтағы ахуал

Қаңсық пен таңсық немесе автонарықтағы ахуал
ашық дереккөзі
Өткен жылы болған әлемдік геосаяси оқиғалар еліміздегі автонарыққа айтарлықтай әсер етті. Бірқатар танымал көлік маркасы мен моделі сатылымға шыққан жоқ. Оның орнына Қытай көліктері көбейіп, сатылымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Автобизнес қауымдастығының дерегіне сүйенсек, былтыр елімізде ресми дилерлер 123 778 жаңа көлік сатқан. Бұл – кейінгі 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш екен. Ресми деректерден жергілікті зауыттар құрас­тыр­ған көлік саны өскенін байқауға болады. Сонымен қа­тар ескі көліктер де бұрынғыдан еселене түскен. Жеңілдетілген автонесиенің жыры, бір жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған утильалым, ескі көлік­тер­дің көбеюі, мультибренд көлік зауытының құры­лы­сы... Сонымен, 2022 жылы көлік нарығы қалай қо­ры­тындыланды? Қытайдан келген көлік 4 мың пайызға өсті Қазақстан автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) 12 ай­да елімізде жаңа 123 778 көлік сатылғанын мә­лім­де­ді. Бұл 2021 жылғымен салыстырғанда 5,3 пайыз­ға жо­ғары әрі кейінгі 7 жылдағы рекордтық көр­сеткіш болған. Айлар бойынша қарастырсақ, қаңтарда, жыл­дың алғашқы айында дилерлер 4 000 машина ғана сау­далаған. Бұған жыл басындағы қаңтар оқиға­сы­ның себебі болуы мүмкін екені айтылады. Ал ең көп кө­лік сатылған ай – желтоқсан. Жыл аяғында 13 759 авто­мо­биль сатылыпты, бұл 2022 жылғы ең үз­дік көрсет­кіш болды. Сонымен, 2022 жылы болған геосаяси оқи­ға­лар, Ресей – Украина соғысына байланысты кей­бір көлік маркалары мен моделінің сатылымы шек­телді. Атап айт­сақ, Toyota, Volkswagen, Nissan, Mazda брендінің кө­ліктері Ресейден шығып келген. Логистикалық тіз­бектің бұзылуы жеткізу қызметіне айтарлықтай әсер етті. Оның орнына отандық автонарықтағы Қытай көліктерінің үлесі артып, сатылымы өс­кен. Қазақ­стан­дық автобизнес қауымдастығының ста­тис­ти­ка­сына сәйкес, былтыр қытайлық өн­діру­шілердің елі­міз­дің автонарығындағы үлесі үш есе өс­кен. 2021 жы­лы 4 пайыз болса, 2022 жылы 11 пайыз­ға дейін жет­кен. Жалпы, Қытай мен арадағы импорт көлемі былтыр өскені туралы жазған болатынбыз. Осы жалпы импорттың өсуіне қытайлық көлік­тер­дің үлесі айтарлықтай әсер еткен екен. Energyprom.kz сарапшыларының дерегінше, қытай көліктері им­портының үлесі былтырғыға қарағанда 4 147 пайыз­ға өскен. Яғни, 2021 жылы 4,3 миллион АҚШ дол­лары болса, 2022 жылы 183,9 миллион долларға же­тіпті.
– Былтырдан бері Қытай маркаларының нарық­та­ғы үлесінің өсуі – ресейлік зауыттан жеткізілетін еуро­па және жапон брендтерінің танымал модель­дері­нің отандық нарықтан шығуына байланысты бол­ды, – деп мәлімдеген еді Автомобиль нарығын мо­ниторингілеу және талдау агенттігінің бас ди­ректоры Артур Мискарян.
Қауымдастықтың дерегіне сүйенсек, Қазақстан на­рығына 2022 жылдың мамырында кірген Exeed Қазақстанда ең көп сатылатын брендтердің онды­ғына еніп үлгеріпті. Orbis Auto (брендтің ел нарығындағы ресми өкілі) компаниясы биыл Exeed автокө­лік­терін сатуды 3 есе өсіруге ниетті екенін ресми мә­лім­депті.
– Астанадағы Exeed дилерлік орталығының құры­лысына салынған инвестиция – 3,7 миллион доллар. Бұл біздің компания жаңа премиум брендке қандай үміт артып отырғанын байқатады. Алғашқы жыл­дағы сатылымнан-ақ бұл үмітіміз ақталғандай: Қа­зақстанда қазірдің өзінде 1 876 автомобиль са­тыл­ды. Елордамызда автоорталық ашу арқылы бренд тұтынушыға жақындай түседі, – деп мәлім­де­ген болатын компанияның ресми өкілдері.
Сондай-ақ көшбасшылар арасында Қазақ­стан­да тек 2021 жылғы желтоқсанда сатыла бас­таған Chery мен JAC сияқты басқа да қытайлық бренд­­тер бар. JAC Қостанайдағы «Сарыар­қаАвто­Пром» зауытында құрастырылатынын айтып өту керек. «Астана Моторс» қазақ мотор компаниясының бас­пасөз қызметі қытайлық көліктердің танымал болуы­на көлікті зауыттан тікелей жеткізуден бөлек, ба­ға­сына сапасының сай және технологиялық тұр­ғыда озық болуы әсер еткенін айтады. Жалпы, әлемдік масштабта қарасақ, Қы­тай­дың автомобиль өнеркәсібі қар­қынды дамып келеді. Өткен жылы Қытай Германиядан озып, әлемдегі екінші ірі автомобиль экспорт­тау­шы­сы болған. Қытай шетелге барлығы 2,5 мил­лион­нан астам жеңіл автомобиль шығарған. Осы­лайша, жаңа нарықтарға шығып, оларды жаулап алып үл­геріп жатыр. Сарапшылар бұл процесс үдей түс­песе, кемімейтінін айтады. Осы орайда Қытайдан кел­ген басқа да жаңа брендтерді көруіміз мүмкін. Одан бөлек, Алматы индустриалдық айма­ғын­да салына бастаған Haval, Chery және Changan сияқты автоалпауыттардың көлігін өндіре­тін қытайлық мультибренд зауыттың құрылысы 2022 жылғы отандық автоөнеркәсіптің басты жаңа­лығы болған еді. Ол «Астана Моторс»-пен еншілес кәсіп­орын болмақ. «Астана Моторс» 2023 жылы индустрия­лан­дыруға, өндірісті дамытуға және тереңдетуге ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеген болатын. Қазір Алматы Индустриалдық аймағында технопарк құрылып жатыр, онда Hyundai, Chery, Haval, Changan авто­көліктерінің өндірісінен бөлек, Hyundai автокө­ліктерін шығаруға арналған автокомпоненттер өндірісі жолға қойылады деген жоспар бар. Автокөлік нарығын талдау және бақылау орта­лығының бас директоры Артур Мискарян елімізде қытайлық автобрендтер шығаратын көлік санының өсуі жергілікті өндірістің дамуына байланысты бо­ла­тынын айтып өтіпті. Себебі импортпен салыстыр­ғанда баға әлдеқайда арзан болмақ. Биылдың өзінде «СарыарқаАвтоПром» базасында қытайлық Jetour брен­дін шығармақ. Orbis Auto оған қоса Exeed ав­токөліктерінің өндірісін біздің елде бастауды жос­парлап отыр. Отандық өндірістің ахуалы қандай? 2022 жылы елде сатылған 124 мыңға жуық жаңа автомобильдің 114 мыңын өзіміздің жергілікті зауыттар құрастырған екен. Оның көбі, нақты айтқанда 103 345 данасы – жеңіл көлік. Ал Kolesa.kz редакциясының есебінше, Қазақ­стан азаматтары өз күшімен елге әкелген жаңа және ескі көлік саны 50 мыңнан асады. Жалпы, Ұлттық статистика бюросының мә­ліметінше, 2022 жылдың он екі айында елі­мізде 113 925 дана баршаға арналған қоғамдық кө­лік шығарылған, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан ай­ларымен салыстырғанда, өнім 21,9 пайызға ар­тық өндірілген. Көлік өнеркәсібінің жалпы нәтижесі ақ­шамен есептегенде, өткен жылдың сәйкес нәти­же­сінен асып түсті, яғни 1,2 триллион теңгеге жетті. Зауыттар арасында Қостанайдағы «Сарыарқа­АвтоПром» 70 029 автокөлікпен көш бастап тұр. Онда Chevrolet мен Kia-ның барлық топтамасы шы­ғады. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 37 205 өнім шығарыпты. Оның 82 пайызын кәсіп­орын отандық нарыққа шығарса, қалғанын ТМД елдеріне экспорттапты. Ұлттық статистика бюросы жариялаған негізгі тауарлардың экспорт құрылымының статистика­сын­да «Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, ас­пап­тар мен аппараттар» санаты бойынша 3,8 мил­лион тауар экспортталыпты. Көп сатылған қай көлік? 2022 жылы ең көп сатылған көлік маркаларының ішінде Chevrolet көш бастап тұр. 12 айда Chevrolet мар­касының 34 289 көлігі сатылған, бұл бір жыл бұрын­ғы көрсеткіштен 17,8 пайызға жоғары. Ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt, бұл модель марка саудасының 68 пайызын ұстап отыр. Chevrolet Nexia да елімізде ең көп сатылған көлік моделінің үштігіне енген. Nexia екінші орынға шығуы да мүмкін еді, бірақ 2022 жылы модельдің Өзбек­стан­дағы негізгі өндірісі 22 мың данаға дейін қысқарып, жыл аяғында конвейерден алынды. Екінші орында 28 864 көлігі өткен Hyundai тұр, олар 2021 жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп са­тыл­ған. Hyundai Tucson ең көп са­тыл­ған модель­дер ішінде екінші орында тұр. Hyundai Elantra, Hyundai Sonata 10-дыққа кіреді. Бір қы­зығы, марканың ең «қалта көтеретін» моделі Accent өте аз саудаланды. Оған Ресейге салынған санк­ция әсер етті. Үздік үштікті Kia түйіндеп тұр, марканың 14 421 көлігі иесін тауып, жалпы нәтижесі 48,6 пайызға өсіп­ті. Ал Toyota саудасы 2021 жылғы деңгеймен салыс­тырғанда 21 пайызға құлдырап, төртінші орынға түсті. Өнімдерін бір жылға жуық жеткізе алмаған жапондар 9 622 машина сатыпты. Toyota Camry және RAV4 сияқты танымал модельдер ең көп сатылған модельдердің қатарында жоқ. Аталған модельдер Қазақстанға Ресейдегі зауыт­тардан дайын өнім түрінде немесе біздің елде құрас­тыру үшін көлік жинағы ретінде келетін. Accent пен RAV4 жыл аяғына қарай автосалондарға оралды, ал Camry мен Creta әлі келген жоқ. «Автоваз» 2022 жылы біздің елге көлік кіргізе алмаса да, «Лада» 7 386 дана сатылып, рейтингте бесінші орынды сақтап қалды. Қытайлық Chery-дің нарыққа шыққан алғашқы жылы болса да, 4 464 дана көлігі сатылып, алтыншы орында тұр. Ал сатылым көлемі бойынша Jac маркісі жетін­ші орында тұр: 3 371 автокөлік саудалаған. Жоғары­да айтып өткеніміздей, қытайлық кәсіпорындар алдағы уақытта рейтингтегі орындарын жоғары­латудан аса мүдделі болып отыр. Үздік ондықты 2 540 көлікпен Lexus, 1 876 кө­лік сатқан Exeed және 1 500 көлігін өткіз­ген Haval брендтері түйіндеп отыр. Отандық автопарк – «кәрі» көліктердің көші Ұлттық статистика бюросы берген мәлімет бойынша, елде 4 миллион 449 мың авто­мо­биль тіркелген. Олардың 87,9 пайызы – жеңіл авто­көлік, 10 пайызы – жүк көлігі, 2,1 пайызы – автобус. Жеке тұлғалардың иелігінде 3 млн 696 мың 600 жеңіл көлік бар. Орта есеппен респуб­ли­када әр 100 адамға 18,6 көліктен келеді екен. Сол көліктердің жартысының қолданыста жүр­геніне 20 жылдан асқан. Әсіресе, кейінгі төрт жылда көліктердің «қартая түскені» байқа­лып­ты. Осылайша, елімізде жаңа көліктердің саудасы­мен қатар ескі көліктердің саны да қатар өсіп отыр. Нақты сандарға сүйенетін болсақ, 2018 жылы Қа­­­зақстанда ескі көліктер жалпы автопарк­тің үш­тен бірін құраса, биыл 1 қаңтарда шыққанына 20 жыл­дан аса уақыт өткен машина саны 51 пайыз­ға же­тіпті. Сонымен, елімізде қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан машиналардың үлесі 51 пайы­зы, 10-нан 20 жыл аралығындағылар – 21 пайыз, 7-10 жыл бұрын шыққандар – 14 пайыз, 3-7 жыл бол­­­ғандар – 6 пайыз, ал 3 жыл болмаған техника үле­сі 8 пайыздан аспайды екен. Үлкен мегаполистерде жаңа көліктер ауыл-аймақтар мен моноқалаларға қарағанда кө­­бірек екені анық. Осы орайда елдегі ескі көлік­тер­ді жою былай тұрсын, санын сәл болсын азайту мүм­кін болмай отыр. Оның, әлбетте зияны да, шы­ғыны да шаш етектен. Алматыдағы ауаның бұрын-соңды болмаған дәрежеде ластануына да қа­ладағы көлік нөпірінен, соның ішінде ескі кө­лік­тердің көптігінен екені айтылып жүр. Алматы әкімі үш жыл ішінде барлық дизельді ав­тобусты қаладан шығаруға уәде берді. Жауаптылар ме­гаполистің кейбір аудандарында автоэкомар­киров­ка енгізу және экологияға зиян көліктердің қозғалысын шектеуді жоспарлап отыр екен. Ал Еуропарламент жаңа экологиялық стан­дартты мақұлдады. Оған сәйкес, 2035 жылдан бас­тап жаңа көліктер атмосфераға бір грамм кө­мір­қышқыл газын шығармауы керек. Ал бізде басқасын былай қойғанда, утильалы­м­ның жұмысы да жүйеленбей отыр. Былтырғы Қаң­тар оқиғасынан кейін бір жылдан астам уақыт өтсе де, жұмысы әлі тоқтап тұр. Бұл бір жағынан қан­дай жағдай болмасын, біздің елде ескі көліктің «жер­де қалмайтынын» байқататындай. Қолданыс бар, «қоқыс» жоқ Kolesa.kz дерегінше, порталда бағасы 400 мың теңгеге дейін 1,8 мыңнан астам ескі көлік са­ты­лымға қойылған. Бұл санаттағы көптеген авто­мо­биль есепте және апаттан ұшыраған көлік екен. Естеріңізде болар, Қаңтар оқиғасынан кейін опе­ратордың өкілеттігі шұғыл түрде мемле­кетке, «Жасыл Даму» АҚ-ға берілді. Елімізде апатта қира­ған көліктерді утильалымына, яғни қайта кәдеге жаратуға қабылдау тоқтаған болатын. Бұл ком­пания алдымен құжаттарды қабылдады, 2022 жыл­ғы ақпанда көлік қалдықтарын сатып алуды бас­тауға уәде берді, содан соң ескі көліктер үшін өте­мақы бұрынғы оператордың қызметін тергеу аяқ­талғаннан кейін ғана төленетінін мәлімдеді. Оператордың кейбір басшылары ұсталды, бір жауап­ты басшы қаза тапты. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, утильалымның жұмысы әлі тоқтап тұр. – Қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Оның қашан аяқ­талатынын әлі айта алмаймыз. Ескі көліктерді кә­де­ге жарату бағдарламасы Құқық қорғау орган­дары­ның ұсыныстарына сәйкес пысықталатын болады, – деп жауап берген болатын Экология ми­нистрлігі. «Ал ескі көліктер мен қоқыс қайда кетіп жа­тыр?» деген заңды сұрақ туады. Байқағанымыздай, қоз­ғалуға жарағанының барлығы көшеде жүр. Қоз­ғалуға жарамайтындары – гараждарда, аулаларда... Осылайша, өзіміз шетелдің үлкен бір утильалы­м­ның алаңына айналып отырмыз. 18 cекундтық талас Еліміздегі ескі көліктердің санын азайтып, автопаркті «жасартуға» тиіс жеңілдетілген автонесие бағдарламасынан әзірге көңіл толатын нәтиже байқалмай отыр. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 761 азамат авток­ре­дит алуға өтініш бергенін хабарлады. 2023 жылғы 22 ақпанға дейін бағдарламаға қатысып жатқан банк­тер 569 өтінім мақұлдаған, оның жалпы сома­сы 5 миллиард теңгеден асады. 195 автомобиль (1,696 миллиард теңге) өз иесін тапқан. Бір қарағанда, бәрі дұрыс, десек те өтініш қа­былдау 18 секундтан кейін мүмкін болмаған. Яғни, 195 адам 18 секунд ішінде өтініш тіркеудің бірнеше сатысынан өтіп үлгерген. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры портал қосылған сәттен соң 18 секунд ішінде 761 адам өтініш беріп үлгерді деп мәлімдеді. Дегенмен бұл мүмкін емес жылдамдық екені одан соң қызу талқыланды. Одан бөлек, өтініш берушілердің көбі техникалық ақауға шағымданған. Нақтырақ айтсақ, өтініш беру үшін тіркеліп, артынша сайтқа жеке мәліметтер енгізу қажет. Дәл осы кезеңде қиындық туған. Сервис үміткерлердің көбіне автоөндіруші таңдауға мүмкіндік бермепті, ал онсыз жалғастыру мүмкін емес.
– Алғашқы минутта сайтқа кіргендер саны 125 мыңға жетті. Аutonesie.kz сайты жүктемеге қара­мас­тан пул құруды қамтамасыз ете алды. Шектен асқан­нан кейін өтініш қабылдау автоматты түрде аяқ­талып, функция істен шықты. Кейбір пайдалану­шы­лар автоөндіруші таңдай алмаған, бұл да ли­мит­ке байланысты», – деп түсіндірді қор өкілдері.
Әйтсе де, жауаптылар тарапынан айтылған қан­шама түсіндірулерге қарамастан, жеңілдетілген авто­несиенің «жарысы» сол түсініксіз күйде қалды. Қорыта айтқанда, статистика еліміздегі көлік нарығында өсу бар екенін айтады. Дегенмен іс жүзінде әлі де байқала қойған жоқ. Оған қоса, ескі көліктердің үлесі азайғанның орнына артып барады. Талдап өткеніміздей, геосаяси оқиғалар біздің автонарыққа біраз өзгеріс әкелді. Автокөлік өндірісіндегі серіктестіктер мен жаңа зауыт құрылыстары да бұдан әрі өзгерістерге ықпал етуі мүмкін деген болжам бар, әсіресе Қытай автомобильдерінің үлесі жаңа деңгейге жететін сияқты.