Алқынып өткен ақ бұлақ
Алқынып өткен ақ бұлақ
Жақсы көрем бәріңді, барлығыңды, Бақытымды бөлісем, зар-мұңымды...
Жарасқан Әбдірашев.
Ақтөбеде 8 наурыз күні қыс ызғары кете қойған жоқ. Бұл ызғар 22 наурыз күні де жұмсаруы екіталай. Тіпті, сол күні қойын-қонышты тіміскілеген суық жел еліре соғып тұрса, еш таңғалмаңыз. Ақындар өте жақсы көретін, таласа-тармаса жырға қосатын наурыздың жайы бізде осындай. Олай болса, ондай тоңдыратын көктем туралы емес, тоңғандарды жылытуға тырысатын ақындар туралы әңгімелеп көрейік. * * * Қазақтың арғы-бергі ақындарына біз жақсылы-жаманды өлеңдер жазғаны үшін ғана емес, бәлкім, бізді де жақсылы-жаманды өлеңдер жазуға талпындырғаны үшін де қарыздар шығармыз. Сонда бізді кім талпындырды дейік? Арыға кетсек, мысалы ақжарма Төлеген мен тастүйін Қадырды айтар едік, тым беріге келсек, Есенғали мен оның бірер замандастарын атап өтпеске болмайды. Ал бұл екі ортада шамамен жиырма шақты жылды меншіктеп ұстаған бір топ ақын және бар. Осы екі ортадағы топ, қалай болғанда да, бізге тым жақындау, бөлекше жылылау болды. Өйткені Тұмағаңды, Фаризаны, Сағиды, Өтежанды... жағалау, «ағалау» мүмкін емес деп есептейтін біз өзімізден азды-көпті ересектеу осы екі ортадағы топ өкілдерін пір тұтпағанмен де, дүр тұттық. Ал бұлармен біз қалай таныстық? «Оңымнан соққан жел ме екен, Солымнан соққан жел ме екен, Салғырттау жүрген кезімде, Сабылып қайдан келді екен?» (Нұрлан Оразалин), «Сонау да сонау шалғайдан — Заңғарлардан самғайды ән. Ап келе ме аққулар Сағынышымды сарғайған» (Исраил Сапарбаев), «Мәулен бас шыңның ауасы сирек ұшары, Қашаған бұлтты кісенсіз жіпсіз тұсады» (Жұматай Жақыпбаев), «Қозы көш жерде, қол созым белде, көк шалғын, Көк шалғын қаулап, теңбілдеп кетті ақшал құм» (Кеңшілік Мырзабеков) деген тәрізді шумақтар бірден миымызға орнығып қалғанын, оны айтасыз, әлі күнге дейін оқта-текте санамыздың бір түкпірінен әлдеқалай жарқ етіп шыға қалатынын жасырғымыз келмейді. Ал Шөмішбай Сариевтің әлдебір республикалық жас қаламгерлер жиыны кезінде радиодан оқыған (ол кезде біздің ауылға телевизор келе қоймаған), кейін «Бір қуанту арманым» деген атпен жарияланған өлеңін тыңдағанда әлденеге тамсанып та алғанбыз. Енді бүгін жетіскен (бәлкім, жетіспеген де, тіпті ешуақытта жетіспейтін де) жазармандар өздерін сол ағаларымыздан үстем етіп көрсетуге тырысып, алаөкпе болып жүргендерін көргенде не деріңді білмейсің. Жо-жоқ, білесің. Олар білмейді. Есенғали бір сұхбатында әрісі Сырбай, Тоқаш, Ғафу, Қуандық, берісі Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Мұқағали, оларға ілестіре Жарасқан, Кеңшілік, Жұматайларды... айта келе, «Өлеңді мен сол кісілердің тұсында бастадым. Мені әдебиетке әкелген солар, солар маған «жаз!» деді», — дейтіні бар. Осы қисынмен келсек, бізге «жаз!» дегендердің бірі Жарасқан Әбдірашев еді. * * * Екі жағдай есімде қалыпты. Мектептің жоғары сыныбында жүргенімізде екі дүниені шұқына оқыдық. Бірі — «Лениншіл жас» газетінде жарияланған Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы. Бұл поэмаға кейін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Ол кезде жасық, жарымжан дүниелерге сыйлық берілмейтін. Сол себепті махаббатты ғана емес, ұждан, адамгершілік мәселелерін қоса қабат әспеттеген бұл әдемі шығармаға жолүсті тоқталмай-ақ қояйын. Екінші олжамыз — Жарасқан Әбдірашевтің 72 беттік, 23 тиындық «Найзағайлы жаз» өлеңдер жинағы. Әуелі қызықтырғаны — мұқабадан кейінгі бетке берілген автордың суреті. Жап-жас жігіт. Қара костюм, ақ көйлек киген, жіңішкелеу қара галстук тағынған. Желке шашы өсіңкіреп кеткені болмаса, былтыр ғана пединституттың физмат факультетін бітіріп, бізге мұғалім болып келген Марат ағаймен шамалас тәрізді. Алғашқы өлеңнің алғашқы жолдары әлдебір жылылығымен сүйсіндіріп тастады: Ақ бұлақтар! Алқынған ақ бұлақтар! Қазір — көктем, Алдың — жаз, Шапқылап қал.... Енді ойлап қарасақ, сол алқынған ақ бұлақтар біз екенбіз. Рас, кейін жаз түгілі күзді де көрдік, қысты да бастан өткердік. Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазын» оқыдық, Мұхтар Мағауиннің «Жыланды жазын» парақтадық. Дегенмен Жарасқанның «Найзағайлы жазы» бәрібір көкірегімізге мығым ұя салып алды. Әсіресе, «Ақ бұлақтар». ...Көкжиектен Күн аунап барады әні, қызарғаны — қоштасып қарағаны... Осылайша өтеді қайран уақыт, сені мәңгі қоймайды сайрандатып, Күз де келер, кем-кемдеп тартыларсың, Қыс та келер, біржола сарқыларсың, Ақ бұлақтар, Алқынған ақ бұлақтар, Қазір — көктем, Алдың — жаз, Шапқылап қал!.. Рас, талай тартылдық, талай сарқылдық. Мәңгі сайрандау, расында да, мүмкін емес екен. Дегенмен Жарасқанның осы бір өлеңінің орны бөлек. Рас, өмірді көнеден келе жатқан ұғым бойынша, айталық, аққан суға (соққан желге, т.б.) теңеуді жаңалық деудің жөні жоқ. Оның үстіне, бұл әдіс қазақ поэзиясында талай айшықты жырлармен көрінді де. Мағжанның әйгілі «Толқын» өлеңін білесіз: «Сылдыр, сылдыр, сылдырлап, Бірінің сырын бірі ұрлап, Толқынды толқын қуады. Жалына бал береді, Береді де өледі, Өледі, толқын тынады...». Ал Жарасқан өлеңінің өзгешелігі сонда, бұл — түптің түбінде әйтеуір бір келіп жететін тартылулар мен сарқылулардың емес, аман-түгел замандағы алаңсыз шапқылаулардың арманмен туыстас ақпейіл ариясы екен. Қайта оқып көріңізші, ақын ортайған көлдер мен қартайған шөлдерді айта келе, «Ақ бұлақтар, Алқынған ақ бұлақтар, Қазір — көктем, Алдың — жаз, Шапқылап қал!..» дейді; жер бетінен мың сан арна жоғалатынын еске сала отыра, тағы да «Ақ бұлақтар, Алқынған ақ бұлақтар, Қазір — көктем, Алдың — жаз, Шапқылап қал!..» дейді; тіпті мына жарық дүниемен күндердің бір күнінде біржола қоштасатыныңды да жасырмай жариялай келе, «Ақ бұлақтар, Алқынған ақ бұлақтар, Қазір — көктем, Алдың — жаз, Шапқылап қал!..» дейді. Бұл не сонда? Бұл (яғни, ақ бұлақтар), түптеп келгенде, Жарасқанның өзі екен, Жарасқанның өзінің өмірлік ұстанымы екен, Жарасқанның торықпай, қорықпай ғұмыр кешуді мақсат еткен әу бастағы ақжарқын ғұмырлық бағдарламасы екен. Жарасқанның мына өмірдің өткіншілігін уағыздауды емес (оны әркім де біледі), сол өткінші өмірді зарламай-зарықпай өткізудің бірмезеттік алдамшы сәттері де болатынын баян еткен жұбанышы екен. * * * Әсте өзін-өзі жұбатуға бейімі жоқ жан өзі де жылаумен күн кешеді, өзгені де жылатқысы келуге бейім тұрады. Дегенмен жылаумен өткендердің де, жылатумен кеткендердің де барлығын бір сапқа тұрғызып қойып сөге жамандаудың және жөні де жоқ. Сонда да солардың қатарында тап осы Жарасқан тәрізді ақындар болуы керек екенін тап осы Жарасқанның өлеңдерін оқығанда түйсіне түсетін тәріздіміз. Ақынның бертіндегі жырларының бірі «Ақырғы өлең» деп аталды. «Ақырғы, ең ақырғы, ақырғы өлең, Сұсты еді, суық еді атың неден!.. Сонда да қорықпастан, торықпастан Жыл санап мен өзіңе жақын келем...» деп басталатын өлең кез келген, әйтеуір бір уақыттарда, кез келген, әйтеуір бір ақын ақырғы өлеңін жазатынын еске салғанымен, ол (ақын) тап сол ақырғы өлеңінде не жазатынын тап басып айта алмайды. Ол түгілі өзінің де ақырғы өлеңі қандай боларын білмейтін Жарасқан, дегенмен бұл ретте де жан шошытар жамандықты аузына алмайды, түбегейлі қоштаспайды: «...Онда да берілместен зарға мұңды, Шолармын қазіргідей бар маңымды. Кеудесі көрінгеннің көтере алмас Кетермін арқалатып арманымды...». Осылай дей келе өлеңіне де, өзіне де сабырлы басу айтады: «...Қалай да жанарыммен қатар сөнбе, Тамшы бол тарыққандар татар шөлде! «Өмір!» — деп өрекпіген жүрегімнің Жан даусы жаңғырығып жатар сенде». Әне, қараңызшы, анау шартты түрдегі алғашқы өлең де (яғни, «Ақ бұлақтар»), мынау шартты түрдегі ақырғы өлең де көз алдымызға бәз-баяғы таныс сол бір ғана Жарасқанды елестетеді. Ертеңінің не боларын білмейтін ақ бұлақтардың ақтарыла шапқылауы қаншалықты эмоция мен динамикаға толы болса, сұсты, суық леп соққызатын соңғы өлең де соншалықты сезімтал, жанды, соншалықты ширақ, шымыр. Бұл, әрине Жарасқан поэзиясының өз ерекшелігі. Неге? * * * Жарасқан да әдебиет әлеміне өз қатарластары секілді қазақ поэзиясы еуропалық мәдениеттен әбден сусындап үлгерген шақта келді. Сол себепті ол кезде де ешкімнің алдынан «кел, келе ғой» деп ешқандай шөп баспаған дара даңғыл шыға келген жоқ. Ауылдан шықсаң, барар жеріңе адастырмай апаратын үлкенді-кішілі жолдар, ең болмағанда, сыңар соқпақтар жеткілікті еді. Бірақ жас ақын әуел бастан-ақ сол жолдар мен сол соқпақтарға түсіп алғандармен көже тату көп сапарластардың бірі болғысы келмеді. «Найзағайлы жаздан» соң бірден бір ғана тақырыпты қамтыған «Дала, сенің ұлыңмын» деп аталатын кітапты жазып шығуының себебі сол тәрізді. Дегенмен айналаңда неше түрлі (тіпті халықаралық, әлемдік) таңсық тақырыптар толып тұрғанда аяқ астынан бір тақырыпқа байлана қалу, оның үстіне бұл тақырыбыңыз ежелден сөз болып келе жатқан сол бағзы баба дала туралы болуы сынақтың көкесі еді. Және оған қоса Ілияс Жансүгіровтің әйгілі «Дала» поэмасының үзінділері мектеп оқулықтарында жүретіні тағы бар. Үдеден шықпасаң, үміт күткендерге не демексің? Жоқ, Жарасқан үдеден шықты. Даланың желі болып жүгірді, даланың белі болып бүгілді, даланың теңізі боп тулады, даланың орманы боп шулады, төзім болып тозды, тұлпар болып озды, дауыссыз дыбысты дауысты дыбысқа айналдырды, сұрақ белгісін леп белгісіне айналдырды... Ақын, не керек, қолына алған бұйығы оқырман іштей құштарлана қуаттанып отыратын, сыртта жүрген сырттандар саңқылдап оқитын өзгеше поэтикалық дүние ұсынды. Әттең, сол шақта осы кітаптың (расына келгенде, кітап авторының) соңына әлдебіреулер қызылкөздене түсіп кеп берді де, билікте отырған әсіре сақ белсенділер соларды қостай жөнелді. Естуімізше, мәселе тіпті де өлеңнің көркемдігіне емес, автордың (Жарасқанның) ортақолдардан озып кеткен оқшаулығына байланысты болса керек. Әйтпесе, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, Т.Молдағалиев тәрізді фамилияларды әріде деп есептегеннің өзінде, берідегі Т.Айбергенов, М.Шаханов, О.Бөкеев тәрізді есім-сойлардың тізімінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты ретінде Ж.Әбдірашевтің де аты-жөні тұрғаны тым түсінікті болған болар еді. Болғызбады. Бұлай кіржиіп қалатын тағы бір себебіміз, Жарасқан, қалай десек те, жас қаламгерлерге (жас ақындарға) ең жақын тұлға еді. Мұхтар Әуезов болмағанымен, қаламгерлерді іріктеп отыратын комиссияда, басқаларын айтпағанда, қос Ғабең (Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин) бар кезде бар-жоғы 21 жасында КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған Ж.Әбдірашев еді бұл. Сол жас шағынан «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жұлдыз» тәрізді газет-журналдарда жауапты қызметтер атқарып, талай балауса талапкердің өлеңіне бас-көз болып жүрген оны қалай ғана кейінгі жастар өзіне үлгі етпесін. Айталық, 1975 жылы алғысөзін Тұманбай Молдағалиев жазған, «Көктем тынысы» деп аталған 252 беттік жас ақындар жинағын («Жазушы» баспасы) талғампаздықпен құрастырған Жарасқан Әбдірашев еді. Кейін осы кітапқа енгендердің арасынан Жұматай Жақыпбаев, Нұрлан Оразалин, Жәркен Бөдешев, Исраил Сапарбаев, Тынышбай Рахимов, Көпен Әмірбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Шаһизада Әбдікәрімов тәрізді жалпы қазаққа танымал көрнекті ақындар шықты. * * * Жарасқан Әбдірашевтің бұдан кейінгі жыр кітабы «Соғыстан соң туғандар» деп аталды (1977). Жөні де, жосығы да өте орынды болды бұл атаудың. Шындығына келгенде де, 1948 жылы дүние есігін ашқан Жарасқан мен оның қаламдас құрбы-құрдастарының бұл кезде әдебиетке лек-легімен келіп жататын кезекті буын ретінде әбден қалыптасқан шағы еді бұл. «Ол өзі мен өзі қатарлас қаламгерлерді соғыстан соң туған ұрпақ санайтынын арнайы өлеңімен де, кітабымен де алғаш рет жарқын да талапшыл, батыл үнмен жария қылды», — деп жазды кейін көрнекті сыншыларымыздың бірі Бақытжан Майтанов осы кітап пен осы аттас өлең туралы. Осы ретте айта кеткеннің артықтығы жоқ, кезінде «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған шақта қазіргі Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осы журналға «Соғыстан соң туғандар» деп аталатын айдар енгізіп, соның аясына 40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдар шамасында туғандардың (әрине, сол кезде шығармашылықтары туралы белгілі бір дәрежеде тиянақты пікірлер айтуға болатындардың) жырларының таңдаулыларын ұсындырып жүрді. Қалай дегенде де, ақынның «Соғыстан соң туғандар» деп аталған өлеңі жалпыға белгілі шындықты жалқылап айтуы арқылы көңілдерге бірден қона кетті. ...Өйткені біз өрт ішінде өнгенбіз, өмір үшін — өлімге де көнгенбіз! Соғыс көрген әкелерден — Жаралып, соғыс көрген аналарды — Емгенбіз!... Ілгерілі-кейінге үңіле қарасақ, Екінші дүниежүзілік соғыстың зобалаңын тартудай-ақ тартқан Сағи, Қадыр, Тұманбай, Өтежан тәрізді ақындарымыздан кейінгі буын сол кездегі қасіретті өз көздерімен көрмегендері рас еді. Бірақ сол жылдардан қалған психологиялық зардаптың дерті түп-тұқиянсыз жоғалып та кетпегені мәлім. «Менімен байқап сөйлесіңдер, менің әкем контужный ветеран, содан туған менің де қаным бұзылған, мінезім жаман», — деп әзілдеп отыратын бір жеңгеміз. Әзіл ғой. Дегенмен осы әзілдің астарында шындық та бар. Расында да, соғыс көрген (яғни, қатерге бас тіккен, майданда ауыр жараланған, қолынан, аяғынан айырылған, түрлі күйзелісті бастан кешкен, т.б.) адамдардың балаларына әкесінің басынан өткен әлгі азаптар қан арқылы (ата-тек тамырын қуалау) арқылы психологиялық сырқат болып та келуі мүмкін екенін осы күні білмейтіні жоқ медицина ғылымы ептеп айтып отырады. Демек, Жарасқанның «соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды емгендер» туралы бөлектеп айтуының осындай соқталдай себебі бар екен. Бұған қосарымыз аз ғана сөз. 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында ауылын тастап, Алматыға, өлеңге келген осы буынның көшбасшысы (лидері) осы Жарасқан болып еді десек, мұнымызға көп ешкім таласа қоймайтын шығар. Өз қатарының алды болып жарқырап көрінген, жастайынан жақсы ағаларының ілтипатына бөленген, әдебиетке енді ғана енгісі келіп жүрген кейінгі буынға аты аңыздай болып тараған Жарасқан тәрізді балауса қалам иесі ол кезде көп болған жоқ, бәлкім, тіпті болған да жоқ шығар. Жарасқанның кейінгі, 50-жылдардың бер жағында туғандарға үлгі болған бір ерекшелігі — осы. * * * Арада пәленбай жыл өткен соң осы буынның шығармаларын қайталап оқып отырған сәттерде, әрине сол 70-80-жылдардың өзіміз көрген түр-сипаты бірден көз алдымызға келеді. Еш уақытта ешбір ақынның өлеңінен өзі өмір сүрген кезеңнің суреттері еш қалыс қалмайтынын қалай мойындасақ, сол суреттердің сол кездегі шындықтарын, ұнатсақ та, ұнатпасақ та, солай мойындағанымыз мақұл. Жарасқанның «Ақындар» деп аталатын өлеңі бар. ...Отырамыз қайда да дүрілдесіп, керең көзге қамсыздың күнін кешіп. Жоқ қайғыны Құдайдан сұрап алып, жылап алып, қайтадан күлімдесіп, отырамыз қайда да дүрілдесіп. Өмір бізге үйіндей әкеміздің, жібереміз әкесін қатеңіздің! Жабылмайды есігі жанымыздың, жабылмайды есігі кафеміздің, өмір бізге үйіндей әкеміздің! Бәріміз де сол үйдің жалғызындай, сәл бұзылып жүреміз, сәл бұзылмай. Шетімізден ғашықпыз сұлулыққа, ғашығымыз шетінен хор қызындай, Сәл бұзылып жүреміз, сәл бұзылмай... Туғандаймыз уақыттан ерте дара, ортаға да түсеміз, алқаға да! Ерке бала көнбейді қақпайлауға, таяқты да көп жейді ерке бала, туғандаймыз уақыттан ерте дара! Көктем кезде көрсетіп жаздық қылық, тағдырға да қоямыз назды ұқтырып. Бір адамның ғұмыры көптік қылып, бір ақынның ғұмыры аздық қылып, Тағдырға да қоямыз назды ұқтырып... Міне, тап сол жылдардағы тап сол ақындардың ұжымдық портреті негізінен осылай болып келетін. Аңқылдап амандасып, ашық-шашық сөйлесе салатын сол адал ақындар әлі есте. Егер сенбесеңіз, Кеңшілік, Тынышбай, Шөмішбай, Дәуітәлі... туралы естеліктерді оқып көріңіз. Сол себепті де Жарасқанның жырлары өз заманының тастаңба мөрі басылған архивтік анықтама тәрізді даусыз дәлел ретінде көрінетіні де бар. Бұлай дегенде, біз қалың оқырман қауымның есінде жүретін бірқатар басқа шығармасын да айта кетер едік: «Ақын кетіп барады», «Ауылға оралу, «Атақ жоқ менде,...», «Қысқаша өмірбаян», «Тарих заңы», «11000 күн», «Мен туған ауыл», «Кенже бала», тағы басқа өлеңдері, «Дәуір дабылы» поэмасы, «Мезгіл миниатюралары», «О, махаббат, сегіз әріп, бір арман...» деп өрнектелетін махаббат жырлары, бірін-бірі толықтырып тұратын топтамалар... көп, өте көп... Мысалы, осылардың арасында «Кенже бала» өлеңінің орны өзгеше. Өткен жылы өзіміздің «Ақтөбе Медиа» шығаратын журналға «Ұлттық болмыс» деген айдармен бір бетке екі өлең әзірлеп бердім: Қадыр Мырзалиев, «Кенже» және Жарасқан Әбдірашев, «Кенже бала». Қадекеңнің тиянақты қолтаңбасы баршаға белгілі, отбасындағы кенже баланың сыр-сипаты туралы ағамыз әдеттегіше ұлттық өрнекпен көмкерілген әдемі өлең жаза қойыпты. Ал Жарасқанның өлеңі басқаша, кішігірім драма деуге тұрарлық дүние. Анасының азасынан соң Арал қаласынан ауылына (Алматысына) қайтуға әзірленіп жатқан ағасына інісі (әрине, «шешесінің сүйікті сүткенжесі» Әуезхан) жер шұқып отырып бірер әңгіме айтады. «Әкең де жоқ, шешең жоқ үйімізде, келмейсің ғой сен енді жиі бізге» деп назын білдіреді, осы шаңырақтың отын сөндірмеу үшін кезінде өз кеудесіндегі отын өзі сөндіргенін айтады, «Жолға қара деген соң, жөнге қара, Ие болдым отын-су, мал қораға... Кенже бала — алатын сауапты да, Жауапты да беретін — кенже бала» деп тағы біраз сыр шертеді, «Тым құрыса жылына бір соғыңдар, Тұрмағанмен тықақтап айына кеп» деп өтінішпен тұйықтайды сөзін. Ал ертеңіне... Автор: «...Ертеңіне — Апайым, Мен және Аға — Әрқайсымыз аттандық әр қалаға. Қақпа алдында қол бұлғап қала берді, Қала берді кемсеңдеп... Кенже бала...». Осы өлең көлемі шағын демесеңіз, мысалы, Төлен Әбдіковтің атақты «Әке» повесі тәрізді, барлық бауырмал жүректі қыжылдатып-ақ жіберетін сезімтал туынды, тіпті режиссер Рүстем (Жарасқанұлы) ініміз фильмге өзек етуге де болатындай қатпарлы оқиға. * * * Өмірде де, өлеңде болдым ашық, тамырымды талайлар көрді басып... Ақынның бір өлеңі осылай басталатыны бар. Осы сөзі сөз-ақ. Жарасқан өмірде де, өлеңде де ашық болды, үнемі жұрттың көз алдында жүрді. Құпияланып тірлік кешуге құлқы да соқпаған сияқты. Сол себепті де бізге Жарасқанның өмірі мен творчествосын елдің бәрі бес саусақтай анық білетін сияқты болып көрінеді. Расында да, өлеңі өзіне, өзі өлеңіне ұқсап тұратын ақындар көп болмағанымен, аз да болса, бар. Солардың бірі Жарасқан еді. Бірақ ол өлеңін өзіне толықтай ұқсата алмады. Әлденелер жетіспеді. Жоқ, талант емес; жоқ, қабілет емес, басқа; дәлірек айтқанда, бәлкім, идеологиялық еркіндік. Нені қалай жазуды білгенмен, жастайынан мемлекеттік басылымдарда (одан басқа басылымдар жоқ та еді) қызмет еткен ақынның, нені қалай қайда өткізудің қитұрқыларын білмегені де рас. Бәлкім, білуге талпынбаған да шығар. Тіпті, былай қарағанда, әлгі «Көше тәртібі» деген өлеңіндегі: «...Бәрінен бұрын жолды алар, Беделді көлік ол да бар. Қағып та кете жаздады Қайқиған қара «Волгалар» деген шумақ үшін қазақстандық комсомолдың Орталық комитетіндегілердің шала бүлінуінің өзі неге тұрады? Бұның мәнісі, ол кезде (80-жылдар ғой) қара түсті «Волганы» ірі шенеуніктер мінетін еді. Демек, сол өлеңде келтірілген автобустар, трамвайлар, таксилер... басып кете жаздаса, аса айып емес екен де, «Волганың» қағып кете жаздауы саяси қате екен (Түсінік үшін айта кетелік, ол кезде «Көше тәртібі» өлеңі жарияланған «Пионер» журналын комсомолдың Орталық комитеті бақылап отыратын). Әрі-беріден соң қызығы бұл ғана емес, қызығы — ақынның 1993 жылы шыққан «Соғыстан соң туғандар» деп аталған алғашқы таңдамалысында осы шумақтың өлеңнен алып тасталғанында. Міне, осындай көзге көрінетін, көрінбейтін кедергілердің кесірінен ақын қалам тарта алмаған тақырыптар қанша болғанын біз білмейміз. Білетініміз — ақын қандай тақырыпқа қол созса да ішіне сыр жасырып қалғысы келмегені. Және поэзияда сол тақырыптарды емін-еркін қаузаудың мүмкіндігі бола бермейтінін ұққаннан соң шығар, ақын бірнеше рет ат ауыстырды: сын, сатира, аударма, балалар поэзиясы, эпиграмма, эпитафия... Және айта кеткен жөн, осылардың қай-қайсысына да ол өзіне ғана тән қолтаңбасымен кірікті. Мысалы, ақынның эпиграммаларын сөз еткенде, айталық, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Шаханов, Жұматай Жақыпбаевтар жөнінде жазылған шумақтар сұр мергеннің ондықтың нақ ортасына дәл тигізген оғы секілді қыбыңды қандыратынын айтпай кетсек обал болар еді. Немесе палестиналық ақын Муин Бсисудің Рембоға арнаған өлеңінің аудармасы Жарасқанның төл туындысы тәрізді болып қабылданып кеткенінің де себебі әбден қалыптасқан шеберлікте еді: «...Бұл заманда көп ақындар тартынбастан сатып құл, жатса-дағы қазынаға белшесінен батып бір, неше түрлі қисса жазып, дастан жазып көлемді, тастар емес ақындықты, қояр емес өлеңді;.. Кейбіреуі делдал болып (мамандық қой қашанғы), өзін сатып, сөзін сатып, сезім сатып жасанды, алдаса да, арбаса да көп адамды, көп елді, тастар емес ақындықты, қояр емес өлеңді;.. Кейбіреуі сұлтандардың сарайына өлеңнен, өрнек салып — кілем жайып, құрметке бір бөленген; ...Кейбіреуі әр кітабы, әр жол үшін сый алып, орден алып, медаль алып, жүрсе дағы... Ұялып, қысылмастан қисса жазып, дастан жазып көлемді, тастар емес ақындықты, қояр емес өлеңді...». Ақынды, ақындықты шаң тигізбей әспеттеп, оған (оларға) қарсы аз-кем сыни пікір айтқандарды біржола әдеби жау көруді қос қолды көтере қолдай жөнелудің де дұрыстығына мынадай өлеңдерден соң күдік келтіретіндейсің. Осыдан 75 жыл бұрын, ол жылы да дәл мына қазіргідей Алматы бусанып жатқан көктемде дүниеге келген Жарасқанның творчествосын қайта шолып шыққанда көңіліміз әр нәрсені еске түсіре беретіні де сондықтан шығар. Алдында жаз, күз, қыс тұрғанын елегісі келмейтін көктемгі мөлдір ақ бұлақтарды сағынатынымыз да содан болар. Жарасқанның ақ бұлақтары суалмайтынына да сенетініміз сондықтан-ау...Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақтөбе қаласы