Жаңалықтар

Ақтөбеде күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

ашық дереккөзі

Ақтөбеде күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

Ақтөбе облыстық ауруханасында тағы бір маңызды операция жасалды. Оралдық Назгүл Баймұқановаға күйеуі Еркін Баймұқановтың бүйрегі салынды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Оралдық Назгүл Баймұқанованың бүйрегі 2007 жылы сыр берді. Содан бері түрлі ем қабылдап, ауруханаға жиі барды. Бірнеше дәрігерге қаралып, ота да жасатты. Алғашқы операция Алматы қаласында өтті. «Мен қаржыгермін. 20 жылдан бері банк қызметкері болып жұмыс істеймін. 2007 жылдан бастап дертке шалдықтым. Ал 2016 жылы қатты ауырып, алғаш рет бүйрек ауыстырдым. Бұл ағамның бүйрегі болатын. Сол бүйрекпен 4,5 жыл жүрдім. Кейін қайта ауыра бастадым. Екі жыл бойы гемодиализ қабылдадым. Сол кезде күйеуім екеуміз тағы да осы қадамға баруға шешім қабылдадық», - деді Назгүл Баймұқанова. Қазіргі кезде олар толық емді қабылдап, Оралға аттанды. Дәрігерлер алдағы үш айда бақылауын жалғастырады. «2014 жылы Ақтөбе медицина орталығында трансплантология бөлімі ашылды. Содан бері 80-ге жуық бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Көбіне туыстық донор операциясына жүгінеміз. Ал біз мәйіттік донорды дамытуымыз керек. Себебі, бұл қауіпсіз. Жыл сайын Ақтөбеде 350 адам инсульт алып, көз жұмады. Ал олардың жақындары ағзасын беруге қарсы шығып жатады. Бұл дұрыс емес. Егер біз 2014 жылдан бері мәйіттік донорды пайдаланған болсақ, қазір кезекте тұрған адамдардың бәрін емдеп, ота жасар едік. Өкінішке қарай, менталитет қолбайлау болды», - деді хирург-трансплантолог Мылтықбай Сағынбекұлы. Ал Оралдан Ақтөбеге ем іздеп келіп, үлкен үміті ақталған ерлі-зайыпты Баймұқановтар қазір өздерін бақытты сезінеді. Ұл тәрбиелеп отырған олар болашақта әлем аралап, саяхаттауды жөн көріп отыр. Бұл күнді сыйлаған ақ халаттыларға алғысы шексіз. Тіпті, әрқайсысының аты-жөнін жаттап алған. «Хирург-трансплантолог Ғани Құттымұратов, Мылтықбай Есмаханов, анестезиолог Камалхан Ермағамбетов, Ербол Жұмабеков, Ерлан Мусинге алғыс айтамыз. Біз 20 сәуірде келген едік. Еш қобалжу болмады. Осы дәрігерлерге сендік. Олар бәрі жақсы болатынын айтты. Үш аптада біз шипажайда болған секілді күй кештік. Осы жайлылықты сыйлаған кіші қызметкерлердің бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен бірге жоспарлы хирургия және трасплантология бөлімінің меңгерушісі Ерболат Өтеулинді де айта кеткім келді. Аға мейіргер Нұрсұлтан Әйтекешев күтім жасады. Мейірбикелер Нұргүл Тәңірбергенова, Тамара Жұматова, Жанар Хангереева, Айгерім Қайратқызы, Аружан Қайырқызы, Ақерке Өмірзаққызы, Камила Абдрахманова, Анаргүл Төреғалиқызы, Маржан Сәрсенова, Марал Баешева, Ақтоты Алдашева, Айнұр Сапарғалиева, Махаббат Еркебұланқызы, Аяулым Естілеуованың да еңбегін жоғары бағалаймыз. Біз шетелге жүгіре бермей, өз мамандарымызды бағалауымыз керек. Отадан соң да еш ауырмадым. Тіпті дәрігеріміз Жанәділ Алмырзаұлы қалжыңдап, көңіл-күйімізді көтерді», - деді Еркін Баймұқанов. Назгүл мен Еркін Баймұқановтар осыдан 28 жыл бұрын отау құрды. Қан тобы бірдей, бір айда өмірге келген. «Теңізге барғым келеді. 6 айдан кейін рұқсат береді екен. Бүйректі ауыстырғанына 3 апта болды. Өмір түбегейлі өзгерді», - дейді Назгүл Баймұқанова.