Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады (550 жыл!)

Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады (550 жыл!)

Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады (550 жыл!)
ашық дереккөзі

Қазақстан президенті Н.Назарбаев келер жылы Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдық мерейтойының ел көлемінде атап өтілетіндігін мәлімдеді. Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдемеден кейін көп сериялы телехикая түсіру, ел аумағында спорттық шаралар өткізудің жоспарларын жедел ұсынды. Осыған орай, «Түркістан» газеті ұлт зиялыларына арнап дөңгелек үстел өткізген еді.Қатысқандар: Тарих ғылым­­да­рының докторы Талас­ Омарбек, жазушы-дра­ма­тург Дулат Исабеков, «Ақиқат» журналының бас редак­торы, ақын Аманхан Әлім, өнер­та­нушы ғалым Ғайнижамал Әбділ­дина, «Түркістан» газеті бас ре­дак­торының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы.

Дидахмет Әшімханұлы, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары:

− Қазір барлық ақпарат құрал­дары Қазақ хандығының құрылған­дығына 550 жыл болғанын жарыса жазуда. Осы тұста бір мәселенің басын ашып алуымыз керек сияқты. Тарихта «Қазақ хандығы», «Қазақ ұлысы» деген сөз бар. Жалпы, осы хандық деген сөз біздің бүгінгі мемлекет деген ұғымымызды бере ала ма?

Талас Омарбек, тарих ғылымдарының докторы:

− Біз Қазақ хандығының құрылғандығын Тәуелсіздік алған бетте мерекелеуді қолға алуымыз керек еді. Өйткені «Қазақ хандығы» деген сөз бұл тәуелсіздікпен ұғымдас, мағыналас сөз болып есептелінеді. Алғаш бұл сөз «ел» деген мағынада қолданылды. Мысалы Үйсін елі, Қаңлы елі дегендей. Кейіннен «ел» деген ұғымды «қағандық», «қағанат» деген атаулар алмастырды. Ал, Шыңғысхан жорығынан кейін бұл аймақ «ұлыс», «орда» деген атаулармен белгілі бола бастады. Осылайша эволюциялық сатыдан өткен ұғым бұл. Бірақ қалай атасақ та біздің мемлекетіміздің атауы. Сондықтан хандық сөзі қазақ мемлекеті деген ұғымды білдіреді деп есептейміз. Біздің осы қазақ мемлекеттігінің құ­рылуы­на байланысты бірден бір дерек жазба Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-рашиди» еңбегінде сақталған. Онан кейін осы тақырыпты Махмут Ибн Уәли деген тарихшы қозғайды.

Дидахмет Әшімханұлы:

– Нақты жылы айтылған ба сол жазбада?

Талас Омарбек:

– Нақты жылын айтқан Дулати. Оның дерегі бойынша Қазақ сұлтандарының билік етуі, хижра жыл санауы бойынша, 870 жылдан бастау алады. Бұл қазіргі жыл санаумыздың 1465-66 жылдарына тура келеді. Қазақ хандығының осы кезеңде құрылғаны анық. Өкінішке қарай, біздің кейбір тарихшылар Жәнібек пен Керейдің Ақорда аймағынан − Көшпелі Өзбек ұлысынан бөлініп шыққан себебін сан саққа жүгіртеді. Бірі: «Әбілхайырдың Сығанақ түбіндегі қалмақтардан жеңілуімен байланысты», − десе, енді бірі «Қара қыпшақ Қобыландының арғын биі Дайыр Қожаны (Ақжол би) өлтіруіне байланысты елдің екіге жарылуы», − дейді. Ал, меніңше, бұл мәселе Шайбан әулеті мен Жошы әулетінің таққа таласуынан келіп шыққан. Керей мен Жәнібек – Жошы хан ұрпақтары. Керей − Тоқтамыс және Темірмен теке-тірескен Орыс ханның немересі. Жәнібек – Барақтың тұқымы. Ал, Әбілхайыр болса кіші бұтақтан тарайтын ұрпақ болғандықтан хандық таққа Жошы ұрпақтары отыруы керек еді. Шайбан сонау Бату хан тұсынан кіші ұлысты басқарған адам. Мұнда Орда Еженнің жолы үлкен. Сондықтан Шыңғысханнан бері келе жатқан дәстүрмен қарағанда Керей мен Жәнібектің жолы үлкен еді. Ал енді, Қазақ хандығы құрылған жыл бұған дейін неге мерекеленбей келді десек, біздің зиялы қауым мен тарихшылардың ауыз бірлігінің болмауынан деп білемін.

Қазақ хандығы 1455-56 жыл­дары құрылды дейтін де, өз алдына 1470 жылға дейін жылжытқан ғалымдарды да білеміз. Атын атамай-ақ қояйын. Бірақ мұндай дерек еш жерде жоқ. Дәлел және жоқ. Ойдан құрылған сөз. Тағы бір мәселе мында, Дулатидің аталған еңбегі «Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталды» деген де, сол сөйлемнен кейін «Ақиқатын Алла біледі» деп жазған. Міне, тарихшылар осы сөзге жабысып қалады. Олар міне, көрдіңіздер ме, Дулатидің өзі «Ақиқатын Алла біледі» деп сенімсіз, күдіктеніп айтып отыр дейді. Бұл сөз, бұдан кейін де талай айтылады. Орта ғасырлық барлық жазбаларда Құран сүресін қолдану қағида болған. Мәселен Дулати тек бұл жерде ғана емес, «Ақиқатын Алла біледі» дегенді басқа тұстарда бірнеше жерде қолданады. Бұны тіпті Дулатиден бұрынғы Рашид-ад-Дин де жазбаларында жиі келтіріп отырған. Адам шындықты мойындағысы келмесе қиын ғой. Дулатидің осы сөзі тарихты бұрмалаушыларға жақсы болды. Енді осы Керей мен Жәнібекке ілесіп келген кімдер еді дегенге келейік. Бұл жерде де тарихшылардың аузына құм құйылады. Ру-тайпалардың атын атауға қорқады. Оларды атамайық десек, Қадырғали Жалайри 1602 жылы жазған «Жамиға-ат тауарих» еңбегінде «Алаш үш сан еді, үлкені Жалайыр» деп жазады. Ал, кейін Керей мен Жәнібек құр­ған Қазақ хандығының нығаюы алты сан алаштың арқасы. Алаш қауымдастығы қазақ қауым­дас­тығынан бұрын құрылған. Солар екі сұлтанды қолдағаннан кейін ғана хандық құрылды. Кез келген мемлекетті халық құрады. Міне, осы айтылғандарды ойда қорыта оты­рып, қазақ хандығының құрыл­ған уақытын 1465-66 жылы деп есеп­теуі­міз керек.

Дулат Исабеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург:

– Тарихты осы отырған үш-төрт адам анықтап бере алмаймыз. Дөңгелек үстелдің мақсаты тарихты түгендеу болса, ол бір ғана газеттің қолынан келмейді. Менің келген себебім, Президенттің мәлімдемесіне байланысты. Қазір Елбасы айтса, бәріміз атып тұрып кірісіп кетеміз ғой. Бұл мәселеде не жасасақ та асықпай байыппен істегеніміз жөн. Өткен жолы Путин: «Қазақтарда мемлекет болған жоқ», – деп соқты. Әрине, орыс президенті оны жанынан шығарған жоқ, ол бізден шыққан сөз. Соны жуып-шайып, түгендеу ме екен, 550 жылдық тарихты ел көлемінде атап өту басталып кеткен сияқты. Бастала сала, жиырма сериялы фильм түсіреміз деп жатыр министрлік. Бұл тым асығыс бола ма деймін. Оған дайынбыз ба? Талас айтқандай алдымен тарихтың жүйесін, жүлгесін жасап алып, тарихшылардың ұйғарымымен бір тоқтамға келуіміз керек. Бүгінде қазақ хандығының құрылғандығына нақты дерек ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазғанына бәрміз бірдей тоқталдық па? Әркімде әртүрлі пікір. Ертең фильм шыққанда, жазушы, журналистер олай дейді, тарихшылар былай дейді, фильмді жасаушылар ақталады, киногерлер сынайды. «Көшпенділер» киносы сияқты ұятқа қалып жүрмесек болды. Абылайды Абылай жасай алмағанымыздай, тағыда өкініп қаламыз ба деп қауіптенемін.

Сол «Көшпенділер» төңірегінде көп пікір айттым, киногерлерді жеңу мүмкін емес екен. Киномен айналысып жүргеннен кейін, бұның жай-жапсарын бір кісідей білеміз ғой. Кинорежиссерлердің бір осал тұсы да осында. Сондықтан Ғылым академиясы, Жазушылар Одағы, көптеген шығармашылық ұйымдары бірігіп, қазақ тарихына байланысты үлкен бір халықаралық деңгейдегі ғылыми конференция ұйымдастыруы керек. Оған Ресейдің Ғылым академиясынан, басқа да мекемелерден, көрші елдердегі мамандар келсе, кеңессек, пікір­лес­сек дұрыс болар еді. Ортақ пікір, нақты келісімге келіп, барша жұртшылықтың алдында, «Міне, біздің тарихымыз», − деп күдірейіп отырар едік. Ал қазіргідей арзан даумен, әркім өз дегенін алға тарта берсе, жұртқа күлкі боламыз. Сол үшін әлгіндей конференция ұйымдастырып, біз өз тарихымызды түйіндеп алғанымыз жөн еді. Фильмге сонан кейін кіріскеніміз дұрыс шығар? Ертең біреулер «Көшпенділердің» ар жақ, бер жағында фильм түсіреді. Сонан кейін олар: «Біз тарихи, документалды фильм жасап жатқан жоқпыз, көркем фильм түсіріп жатырмыз», − дей салады. Бұны бұрын да естігенмін. Шын мәнінде сол түсірген дүниелерінде көркемдік те кемшін. Абылай хан болғаннан кейін бізге айбынды, айлалы Абылай хан керек еді. Әлгіндейлерді жеңе алмадық. Оның үстіне бұлар міндетті түрде шетелден режиссер, сценарист шақырады. Баяғыда Рустам Ибрагимбековті шақырған еді ғой. Міндетті түрде сценарий құрамында бір тарихшы болу керек. Естуімше, жиырма бес сериялы фильмнің сценарийін Смағұл Елубаевқа берген көрінеді. Мен қызғанып отырғаным жоқ. Смағұл жақсы жазушы, бірақ бір адам жиырма бес серияны көтере алмайды және ол тарихты жақсы білуі керек. Өз басым − Мұхтар Мағауин сияқты адамдарды қосу керек деп ойлаймын. Әрі тарихты біледі, әрі көркемдік дегенді меңгерген.

Қырғыз президенті Алмазбек Атам­баев­тың: «Алтын Орданың бүгінгі еншігері − қазақтар», − дегені маған қатты ұнады. Қайдан алды? Қайдан алса да, осы пікірдің төңірегі бізге өте қажетті деп ойлаймын. Біз фильмді бастасақ, меніңше, оны Алтын Ордадан бастағанымыз жөн болар.

Талас Омарбек:

– Қазақ хандарының барлығы Шыңғысханнан, Жошыдан бастау алады. Сондықтан Дулат ағаның Алтын Ордадан бастау керек дегені өте орынды. Деректі фильмдерімізді ең соңғы ханымыз Тоқтамыстан бастап жіберсек қандай жақсы болар еді. Алтын Орда неге құлады? Баяғы билікке таласу. Осман империясының да, Аттила империясының да, Моғол мемлекетінің де түбіне жеткен сол – билікке таласу, табысқа мастану.

Дулат Исабеков:

− Мен жалпы 550 жылдыққа орай көп сериалы фильм түсіруге асықпасақ деген ойдамын. Баяғыда «Абай» романын экрандаймыз дегенде, Асқар Сүлейменов оны бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатқан екен. Ол: ««Абай» романынан кино жасасақ, ол − құлайтын фильм болады, әр ұлтты бір кезеңге жеткенде құлататын үлкен шығармасы болуы керек. Осы «Абай» романын құлатуды келешекке қалдырсақ қайтеді?», − деген екен. Сонымен кино түсіру тоқтап қалған. Яғни, бұндай тақырыптан аузымыз күйген сияқты.

Аманхан Әлім, «Ақиқат» журналының бас редакторы:

– Мен мынадай адамдардан қорқамын: біріншісі − қазақ тарихын бұрмалаушы тарихшылар, екіншісі − «тарихшымын!» деп төс қағатын ақын, жазушылар. Өйткені олар біраз кітап оқып алады да, мен білдім деп шыға келеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи и-Рашидиін» оқып алады да, мен болдым-толдым, тарихшымын», − дейді. «Ақиқат» журналына бас редактор болып келгеннен бері өзін тарихшы санайтын ақын-жазушылардың бірталайын көрдім. Олар: «Шыңғысхан – жалайыр, сен неге баспайсың мен берген мақаланы, Сен қазақтың патриоты емессің бе?», – дейді. Мен: «Егер «Шыңғысханды – жалайыр» деп баспағандықтан патриот болмайтын болсам, онда патриот болмай-ақ қояйын», – деп жауап бердім. Сол себептен, осы екі тенденциядан қорқамын. Біздің осы тарихи мерекеміздің, тойымыздың кешігуіне «История Казахстан: народы и культуры» дегенді жазған тарихшылардың кесірі болды ғой деп ойлаймын. Бұл туралы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала да жаздым. Масановтың 2001 жылы 19 шілдеде «Время» газетіне берген «Все мифная история» деген сұхбатында: «...все эти псевдоисторические легенды, например, об Отраре, который якобы был крупным городом, затем разрушенным, – не более чем миф. Сегодня такие мифы на руку власти, поскольку иллюстрируют «исторические традиции» казахстанского государства», − дейді. Тіпті, Масанов сол сұхбатында қазақ тарихын МИФ ретінде насихаттайды. Міне, осындай «тарихшылардың» пікірлері біздің тарихымыздың қалыптасуына үлкен кедергі жасаған. Сосын олар: «В советское время и по сей день история Казахстана представлялась прежде всего как история казахов, их этнических предков и их контактов с соседними народами. Однако по мере нарастания интеграционных тенденций и процессов миксации все больше начинает ощущаться потребность в написании интегрированной истории Казахстана как истории всех народов Казахстана», − дейді. Қазір осы тарихпен балалар оқиды. Осындай кітаптарға тыйым салу керек. І Александр патша Карамзинге тапсырма берген: «Орыстың тарихын жазып шық», − деп. Ол он екі жыл жазған екен. Карамзин: «Самая прекрасная выдуманная речь безобразит историю…», − деген. Бұл ойланатын сөз. І Александрдың Карамзинге тапсырма бергеніндей, мықты тарихшыларды шақырып алып, Президент тапсырма беруі керек деп ойлаймын. Біз Ибрагимбековті сыйлаймыз. Не болды? Ол тарихшы ма? Қазақтың тарихын білетін бе еді?

Дидахмет Әшімханұлы:

– Жақсы, бірақ осы жерде бір нәрсені мойындауымыз керек. Қазіргі заман басқа, Кеңес Одағының кезіне ұқсамайды. Керей мен Жәнібектің алғашқы хандық құрған заманы тіптен бөлек еді. Бірақ жазушыларымыз көркем әдебиет арқылы жалпы халықтың санасына тарихи ұғымды сыналап, сәулесін, ұшқынын түсірді. Біз тарихи тұлғаларды, оқиғаларды Есенберлиннің «Көшпенділерінен» білдік. Сондықтан Совет үкіметі кезіндегі тарихи тақырыпқа жазатын жазушылар өзін ақтады деп ойлаймын. Рас, қазіргі «жоспары­мыз­да» асығыстық бар. Ал кімдер асығады? Неге асығамыз? Әркімнің жеке мақсаты, ана жерден жейтін май шелпегі бар. Президент айтып еді, жаппай кірісіп кетіпті. Бұны біз тоқтата аламыз ба, тоқтата алмаймыз ба, білмеймін. Егер біздің сөзімізге ешкім құлақ аспай, түсіріп кететін болса, телехикая ойдағыдай шыға ма? Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясынан келген профессор, кинотанушы маман ретінде Ғайнижамалға сөз бергім келеді. Бұл фильмді түсіруге дайын режиссерлер, актерлер бар ма? Сіз көріп, зерттеп жүрсіз. Шын мәнінде, соған дайын ба адамдар?

Ғайнижамал Әбілдина, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры:

− Жалпы, сөздеріңізге қосыламын. Киноға маман дайындаушы, кинотанушы ретінде айтайын, ондай жігіттер табылады. Мысалға өздеріңіз шындап мойындасаңыздар, Талғат Теменов түсірген «Көшпенділерге» қарағанда, біздің Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» әлдеқайда көрерменін патриоттыққа баулиды. Біз әуелі, өздеріңіз айтып отырғандай, тарихымызды терең зерттеп алып, бір байламға келген соң, алдымен бірнеше сериялы деректі фильм түсіруге тиіспіз. Бұл тарихты деректі фильмде нақтылап, нығыздап, жүйелеп алмайынша, көркем фильмге баруға болмайды. Көркемдік дүние тарихта қалады, кеше Камал Смайылов ағамыз бастаған азаматтардың ерлігінің арқасында «Қыз Жібек» фильмі тарихта қалды. Біз жақында ғана «Бастау» деген кинофестивальда «Құрбанжан датқа» деген қырғыздардың киносын көрдік. Керемет. Өнер адамында адалдық, елге деген құрмет жоқ болса, оған мына сценарийден мынша ақша алсам, ана жерде түсірілімнен жымқырып қалсам деген арам ой кінәлі және бұл бәйгеге айналады. Қазақты құртатын – бәйге. Кезінде «Қазақфильм» телестудиясында он жыл қызмет атқарған тұста, «Алаш арыстары: Сәкен, Ілияс, Бейімбет» атты деректі фильм түсірген едік. Сол кезде бастан-аяқ кеңесшілікке тарихшыларды алдық. «Манас», «Едіге қаған» фильмдерінің сцена­рийін де алдымен тарихшыларға бір рет қаратып алдық. Өйткені әрбір шығармашылық адамы өз ісіне жауапкершілікпен қарауы керек. Иә, кезінде тарихты халық санасына сіңіруде көркем шығармалардың рөлі өте зор болды. Ілияс Есенберлин қазақтың хандық дәуіріндегі тарихын қайтып әкелді. Ал, телехикаяның сценарийін жазуды Смағұл Елубаевқа жүктеген екен. Замандасымыз кезінде керемет дүниелер жазды, бірақ қазақ хандығының тарихын көркем фильмге лайықтап жазу үшін документалист, драматург, тарихшы да керек. Бұл тарихи телехикаяда бір институт жұмыс істеуі тиіс. Бізде жақсы актерлер де бар. Әуезов, Мүсірепов театрындағы, тіпті облыстық театрларда жүрген көптеген актерлердің шеберлігі жетеді деп ойлаймын.

Дидахмет Әшімханұлы:

− Кино бөлек, театр бөлек дүние. Мен кейбір кемшіліктерді өзімше мынадан іздеймін. Киноға көбінде театр актерлерін шығарады. Ал олар тар сахнадан кейін кең даланы игере алмай қалатын сияқты. Қазақ киноларының ең басты кемшілігі − сөзі ылғи жасанды. Жасанды сөз қайдан шығады? Қалай десек те, біздің алтын қорымызға қосылған «Менің атым − Қожа» бар, сондағы бала «актерлер» кез келген көріністі қандай табиғи бейнелейді! Егер олар театрда кішкентайынан тәрбиеленген болса, кинодағы табиғилық болмас па еді. Сондықтан да кейде халық арасындағы таланттарды іздесе. Театрдың стиліне кетіп қалғандардан қашық жүрсек. Осыған қалай қарайсыз, мүмкін менікі қате ой ма?

Дулат Исабеков:

− Мен ылғи да кәрістің, түріктің, үндінің сериалдарын көріп отырып, біз де осындай дүние түсіре қалсақ, актерлер болар ма екен деп ойлаймын. Егер күндердің күні елу сериялы тарихи немесе бүгінгі күнге арналған телехикая түсіретін болсақ, біздің актерлеріміз, режиссерлеріміз бар ма, осыған дайын ба? Түріктің сериалдары неге көкейімізге қонып отырады. Мәселе, режиссердің ұлтшылдығында. Біздің қазақ киносында ешқашан да ұлтын сүйетін мықты режиссерлер болған жоқ. Сұлтан Қожықов бастаған марқасқалар кетті. Ал ендігілердің бәрі көп оқыған азимуттер, Мәскеудің тумалары ғой. Бірде сол жігіттердің біріне неге қазақша сөйлемейсіңдер дегенімде: «Какая разница, Дулат аға?», − деген. Міне, осы «какая разница» дейтін адамдар түсірмеуі керек фильмді.

Ұлттық киноны ұлтын сүйе­тін адамдарға беру керек. Сириялық­тар­дың түсірген «Бейбарыс сұлтаны» – жақсы кино. Бірақ олардың фильмдері мына түріктерге қарағанда мықты емес сияқты. Ал бізде актер бола ма? Ертең науқаншылдар президенттің айтқанымен көп сериялы фильмді қолға алдық деп бастап кететін шығар. Режиссерлер, актерлер дайын ба? Сатыбалдының өзі Мұстафа Шоқайды түсіргенде қырғыздың актерін алды ғой. Қазақтың сондай Мұстафа Шоқайы болатын жігіттеріміз көп еді... Түркияның фильміндегі «Сұлтан Сүлеймен» ашуланған кезіндегі бір көзқарасының өзі неге тұрады. Көздері атып жібере жаздайды. Осындай шебер актерлеріміз бар ма? Конкурстар жариялай ма, ел ішінен аламыз ба, тарихи тұлғаларды тек қана театрдан ала беретін болсақ, қателесеміз. Театр актерлері сахнада ойнап-ойнап образдан шыға алмай қалғандар. Актерге фактура, психология керек. Ең бастысы, біздің тарихи фильмдерде ұлтын сүйетін адам керек, сценаристен бастап, шоферға шейін. Сол кезде ғана фильм шығады. Ал егер де бұл фильмді ағылшын, француз, түрікке, итальянға да ортақ, жалпы адамзаттық деп жасайтын болсақ, онда біз ұтыламыз. Қазақ киногерлері адамзаттық дегенді қайдан тауып алғанын білмеймін. Жабысты да қалды. Сонда итальяндықтар, француздар бізден күткен екен ғой. Мен білсем, қазақтар ғана «адамзаттық» деп кино түсіреді екен. Ал әлемде француздар французды, итальян итальянды, жапон жапонды түсіріп, ұлттық тарихын, болмысын насихаттап жүр.

Талас Омарбек:

– Дулат ағамыздың айтып отырғанының жаны бар. Қытайдың «Шыңғыс хан», «Құбылай ханы» бар. Барлық жылдар берілген, тарихи тұлғалар қамтылған, олар шынында да бұрмаланбаған. Көркемдігін өздеріңіз көріп жатсыздар. Оңтүстік Корея түсірген «Ұлы әмірші Куаң Ге То» фильмі ІV ғасырдағы ірі-ірі тайпаларды біріктірген, корей халқының басын қосқан тарихи тұлға туралы. Сонда да режиссер кино желісінде жылдар мен оқиғаны ауытқымай дұрыс беріп отырады. Кезінде «Көшпенділерді» тарихшылардан ешкім оқыған жоқ. Сценариін Ибрагимбеков жазды. Тарихшыларды мойындамай, тарихи тақырыпқа кино түсіруге бола ма? Сценариін драматургтер, өнертанушылар жазсын, оған ешкім қарсы емес.

Дулат Исабеков:

– Фильм болу үшін Шыңғыс хан, Құбылай, Арық Бұға сияқты ұлы мақсатта күресіп жатқан басты кейіпкерлер болуы керек. Мәселен кім бізде басты кейіпкер болады, ол да қиын. Біреу анда, біреу мында тартып жатыр...

Аманхан Әлім:

− Міне, Ғайнижамал өте дұрыс айтып отыр. Ар-ұждан деген ұғым болуы керек. Онсыз тарих тарих болмайды. Алпыс-жетпіс жыл бойы санамызда қалыптасқан рулық, жүздік тартыстар, өз батырларын енгізу деген мәселелер ертең көрініс табатыны даусыз. Сондықтан жан-жақты көзқараспен, тарихи мәні, көркемдігі биік, кейіпкерге лайықты тұлғалық бейне жасай алатын актерлерді іріктеп алып кірісуіміз керек.

Дидахмет Әшімханұлы:

− Төрт адам жиналсаңыздар да көптің көкейінде жүрген дүниелерді айттыңыздар. Кейде қанша әңгімелесіп отырсаң да, түйін болмайды. Бірінші, анау-мынау демей, расында да бір тоқтамға келген дұрыс. Яки, Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі 1465-66 жылдар дегенге тоқтау керек. Екінші, ертең кино түсіріп жатқан жағдайда білікті тарихшыларды тартып, қосу керек. Ең бастысы, ұрандап, шапқылап, бірден кірісіп кетпей, асығыстық жасамау керек. Ғайнижамал заман­дасымыз өте дұрыс айтты, көркем фильм мен деректі фильм деген ұғымды қалыптастыру өте қиын. Деректі фильм көрерменге нақты ұғым, танымдық дүние бере алады. Сондықтан да, ең алдымен Талас айтқандай тарих төңірегіндегі түйінді шешіп алғанымыз орынды болар, ағайын. Бәлкім, біз аңдамаған, аттап өткен мәселелер де бар шығар. Ал редакциямызға арнайы ат басын бұрып, өз ойларыңызды бүкпесіз ортаға салғандарыңыз үшін бәрі­ңізге алғыс айтамыз.

Дайындаға Жәнібек ҒАЛЫМ