Терезені сындырып, үйге кірген: полицей бір отбасын ажалдан арашалады

Терезені сындырып, үйге кірген: полицей бір отбасын ажалдан арашалады

Терезені сындырып, үйге кірген: полицей бір отбасын ажалдан арашалады
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында тәртіп сақшысы иіс тиіп, есінен танып жатқан бір отбасының 5 адамын құтқарды деп хабарлады turkystan.kz.  Polisia.kz-тің дерегінше, оқиға 6 наурыз күні түнгі сағат 22:00 шамасында болған. Тараз қаласы ПБ 2-ші полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермеков мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаевамен бірге сабаққа келмеген оқушының үйіне барған. Олар оқушының не себепті сабаққа келмегенін білмек болған. Өйткені 8 жасар баланың ата-анасы қоңырауға жауап бермеген. Мекенжайға келген полиция инспекторы қақпаны қаққанда да оны ешкім ашпапты. Көршілерден сұрағаннан кейін, кешеден бері отбасын ешкім көрмегені белгілі болды. Көп ұзамай, Әлішер Ермеков көршісінің рұқсатымен үйдiң ауласына кiрген.
– Терезеден біз баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды, тұрғындардың көміртегі тотығынан уланғанын түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезені аштым, – дейді Әлішер Ермеков.
Барлық бөлмені аралап шыққан полиция қызметкері 58 жастағы отағасын, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, сондай-ақ 8 жасар ұлын далаға алып шықты. Полицей зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі қажетті көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Отбасы дереу ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, егер оларға көмек сәл кешiккенде, ешкімді құтқару мүмкін болмас еді.