Сәпиевпен жанжалдасқан спортшыны оқудан шығарды ма?
Сәпиевпен жанжалдасқан спортшыны оқудан шығарды ма?
Batyrball турнирінде бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевпен төбелесіп қалған Зелимхан Мусиханов колледжден шығарылған болуы мүмкін. Бұл жайында боксшы Аида Сатыбалдинова өзінің Instagram әлеуметтік желісінде видео жариялаған.
Оның сөзінше, балуанның спорт колледжін бітіруіне 2 ай қалған. Сонымен қатар, әлі расталмаған ақпарат бойынша, Мусихановтың туыстары да жұмыстан қуылған деген ақпарат айтылады.
"Олимпиада чемпионы мен Зелимхан Мусихановтың төбелесін бәріміз көрдік. Жігіттер қол алысып, жанжал сонымен бітті деп ойлап едік. Осы оқиғадан кейін не болды? Зелимхан білім алып жүрген спорт колледжінен шығарылды... Оның ағасы жұмыстан қуылған. Оның ата-анасы да жұмыстан қуылған деген ақпарат бар, бірақ нақты солай деп айта алмаймын. Артынан Александр Гольцман (Мусихановтың бапкері) осы іске араласып, Зелимханды қайтадан оқуға алдыруға тырысады, себебі ол жігітті осы оқиғаға бола оқудан шығару қате. Амалын тауып оны қайтадан алдырды", - дейді Сатыбалдинова.