Бүгін 10 облыста дауылды ескерту жарияланды

Бүгін 10 облыста дауылды ескерту жарияланды

Бүгін 10 облыста дауылды ескерту жарияланды
ашық дереккөзі
Қазақстанның он өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды деп хабарлады turkystan.kz.  Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысында тұман түседі. Ал солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде аздаған бұрқасын, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде желдің екпіні 23-28 м/с жетеді. Петропавлда қарлы боран күтілуде. Оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады. Қостанай облысының солтүстігінде, батысында түнде жаяу бұрқасын, күндіз көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың батысында 15-20 м/с болуы ықтимал. Қостанайда таңертең және күндіз көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні - 15-20 м/с. Ақмола облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын болады. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман, күндіз батыс пен солтүстікте көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні - 15-20 м/с. Көкшетауда қарлы боран соғады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел екпіні - 15-20 м/с. 9 наурыз күні күндіз Павлодар облысының солтүстігінде, батысында жаяу бұрқасын күтіледі. Батыстан соғатын желдің екпіні - 15-20 м/с. Павлодарда күндіз батыстан жел соғады, екпіні 18 м/с болады. Түнде Шығыс Қазақстан облысының шығысында қалың қар жауады. Облыстың солтүстігінде, шығысында  қарлы боран, көктайғақ болады деп күтілуде. 9 наурызда Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, батысында көктайғақ болады. Жел оңтүстіктен, солтүстікте оңтүстік-батыстан соғады, батыста, облыс орталығында екпіні 15-20 м/с-ге жетеді. Оралда түнде көктайғақ күтіледі. Оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні - 18 м/с. Күндіз Маңғыстау облысының шығысында шаңды дауыл тұрады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел облыстың оңтүстігінде, шығысында 15-20 м/с болады. Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында, таулы аймақтарында солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, екпіні - 15-20 м/с. Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда күндіз найзағай күтіледі. Шығыстан, солтүстікте оңтүстік-шығыстан соғатын жел таулы аймақтарда 15-20 м/с-ге жетеді. Шымкентте күндіз найзағай ойнайды. 9 наурызда түнде оңтүстікте, Алматы облысының таулы аймақтарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы ықтимал. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аймақтарында тұман, түнде жолдарда көктайғақ болады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні - 15-20 м/с. Қонаев қаласында түнде тұман күтіледі. Сондай-ақ қардың еруіне, қар жамылғысының тұрақсыз жай-күйіне, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде күтілетін қатты жауын-шашынға байланысты қар көшкінінің жүру қаупі сақталады.