Елжанды Елжан жүйені өзгерте ала ма?

Елжанды Елжан жүйені өзгерте ала ма?

Елжанды Елжан жүйені өзгерте ала ма?
ашық дереккөзі
Өткен апта Үкіметтегі кадрлық ауыс-түйістер арқылы есте қалды деуге негіз бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қайтадан екіге бөлінді. Еліміздің бас дәрігері болған Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып бекітілсе, бұған дейін вице-министр қызметін атқарған Елжан Біртанов еліміздің бас дәрігері ретінде көпшілікке таныстырылды. Үкіметтегі бірқатар өзгерістерден кейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратылып, қайта құрылды. Елбасы Жарлығынан кейін аталмыш ведомстволар өз алдына дербес қызмет атқаратын болады. Жаңадан құрылған Денсаулық сақтау министрлігіне денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілсе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері тапсырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық экономика министрлігі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін Денсаулық сақтау министрлігіне қайтарып берді. Осыдан 3 жыл бұрын Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктері қосылып, Тамара Дүйсенова екі ведомствоның жүгін бірдей арқалаған еді. Енді Тамара Қасымқызы өзіне үйреншікті саланы басқарады. Ал еліміздің денсаулық сақтау саласына 45 жастағы медицина ғылымдарының докторы Елжан Амантайұлы жауапты. Елжан Біртанов Алматы мемлекеттік медицина университетін, Аризона штатының университетін, Ресей дипломнан кейінгі медициналық білім академиясын, Шарите Университеттік клиникасын (Германия), Тұран университетін,  Duke University, Fugua  School of Business (АҚШ),  Global Executive МВА магистратурасын бітірді.  Алматыда жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері болып істеген қазіргі министр кезінде Денсаулық сақтау вице-министрі болды. Ал 2015 жылдың 12 қарашасынан бері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарды. Қайта құрылған екі министрліктің де арқалар жүгі жеңіл емес екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе, осы уақытқа дейін басы дауға жиі ілігетін денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктермен күресу еліміздің бас дәрігеріне оңайға түспесі анық. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрінің медицина саласында жинақтаған тәжірибесі мен аталмыш ведомстводағы жағдайдың бәрімен таныс екендігін ескерсек, барлығы да оңтайлы шешілуі тиіс. Бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған жаңалықтар мен өндіріске енгізілуі тиіс жобалар да аз емес болатын. Солардың бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі. Қоғамда ұзақ уақыт талқыланған медициналық сақтандыру жүйесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Яғни, медициналық сақтандыруды енгізу белгіленген мерзімнен жарты жылға кешікпек. Тамара Қасымқызы басшылық етіп тұрғанда қабылданған міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосып, жұмысын жалғастыру жаңа министрге тапсырылды. Елжан Біртанов бұған дейін медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сауалдарға жауап беріп, жобаның кешіктірілу себебін де түсіндірген болатын. Оның айтуынша, емделушілерге медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемелерді жаңа талаптарға сай жабдықтауға уақыт қажет. Ал медициналық сақтандыруға төленетін төлем жүйесінің мөлшерлемесі 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен өседі. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін мемлекеттік төлемдер 4 пайыздан басталады және жыл сайын бір пайызға ұлғаяды. 2021 жылға дейін 7 пайыз болады. Жұмыс берушілер де ММСҚ-ға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметкердің жалақысынан 2 пайыз, одан кейін кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін жарна төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар, мигранттар, шетелдік азаматтар және басқалар да медициналық сақтандыруға қатысады, өйткені бұл жүйе – барлығымызға ортақ, міндетті. Минималды жалақының 2 пайызын ғана жарна есебінде салу керек. Айына, шамамен, 400-500 теңгеден бастап немесе жылына 5 мың теңге болады. Елімізде жарна салушылардың барлығына сақтандыру полистері беріледі. Барлық маманға бірдей қаралуға болады. Қажетті медициналық көмек алу мүмкіндігі ұлғайып, қарапайым халықтың ақылы медициналық қызметтерге төлейтін шығындары азаяды. Ал жарна төлемеген жандар кепіл берілген тегін медициналық көмекті ала алады. Минималды кепілдендірілген көмек – жедел жәрдем мен әлеуметтік маңызды ауруларға: өкпе ауруы, психиатрия, онкология, наркология көмегі. Бұл – мемлекеттің азаматтарға көрсететін минималды жәрдемі. Мұндай көмек алуға медициналық сақтандырудың бары-жоғы әсер етпейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректеріне сенсек, міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын жасақтау үшін 8,5 млрд теңге қажет екен. Қор қыруар қаржыны активтерден алынатын комиссиялық төлемдер арқасында өндірмек. Акционерлік қоғамның шоты тек ұлттық банкте болады. Қаржы тек медициналық қызметтерге жұмсалады. Акционерлік қоғамның басты міндеті – міндетті медициналық сақтандыру аясында қаржы жинау болмақ. Қордың қаржыны бақылап, қажет болған жағдайда медициналық орталыққа барып, тексеріс жүргізуге құқығы болады. Жалпы, қай салада болмасын, жаңа басшы келсе, қалыптасқан жүйеге өзгеріс енгізіліп, жаңа бастамалардың ұсынылатыны мәлім. Ал еліміздің бас дәрігері денсаулық сақтау саласына қандай өзгерістер енгізбек? Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған, алдағы уақытқа жоспарланған шаралар тұрғындар үшін қаншалықты тиімді? Даудан басы арылмайтын денсаулық сақтау саласына жаңа министр қалай басшылық етеді? Мұның бәрі келешектің еншісіндегі мәселелер. Дегенмен, жаңа жұмысына кіріскен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бастамалары қарапайым халық үшін игілікті жобалар болғай...