Шығармашылық адамына кешіріммен қарау керек
Шығармашылық адамына кешіріммен қарау керек
Көрнекті актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бар өмірін өнерге арнаған Райымбек Ноғайбайұлының жарымен сұхбаттасу біраздан ойда жүрген тірлік еді. Райымбек даңғылы мен Жангелдин көшесінің қиылысында орналасқан Республикалық Тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институты ғимаратының екінші қабатындағы қызмет бөлмесіндегі әңгімеміз, әрине, Нинель Малдыбаеваның актермен қалай танысқанынан басталды.
– Менің қызмет орным С. Асфендияров атындағы Алматы медицина университеті. Медицинада қазақтілді оқулықтар мен мамандардың аздығынан зейнеткерлікке шықсам да, жарты айлықпен әлі күнге қызметтемін. Болашақ дәрігерлерге тек қана дәріс оқып қана қоймай, олармен тәжірибе жүзінде де іс жүргізу қажет-ақ. Сондықтан да, осы ғылыми-зерттеу институтында студенттермен бірге сырқаттарды көзбе-көз көріп, қандай ем-шара жүргізіліп жатқанын бақылап, тәжірибе-сабақтар жүргізіп отырамыз. Медицинаның теориясын ғана біліп қоймай, практика жүзінде оқылған дәріс пен сырқаттардың арасында жүріп, білікті маман болып шығуына жұмыс істейміз. 1963 жылы мединститутты бітірдім де, содан бері осы саладамын ғой.
Ал Райымбекке келетін болсақ, әрине, жалғыз біздің ғана емес, талайлардың тағдырына арқау болған, себеп болған Алматы ғой. Мектеп бітірген соң, Алматы медицина институтының емдеу факультетіне түстім. Үшінші курста ғой деймін, қасымда құрбым бар, кешкі серуенге шықтық. Ол кезде қала бойынша Панфиловшылар паркінде ғана би алаңы болатын. Студенттердің кешкі серуен құратын жері де, танысатын жері де, жиі бас қосатын жері де осы саябақ. Біз де келіп, бірақ биге кірісіп кетпей шет жағында студенттердің биін тамашалап тұрғанбыз. Анандай жерде екі жігіт тұр, біз жаққа қарағыштай береді. Соны сездім де, құрбыма «кетейікші, ана екі жігіт бізге тиіскісі келіп тұр» деп едім, биге құмарлау құрбым кеткісі келмеді. Айтқанымдай, әлгі жігіттер жақындап келіп: «Қыздар, танысайық, неге билемейсіздер?» деп еді, жұлып алғандай: «Жоқ, біз кеткелі тұрмыз» дедім. «Онда сіздерді шығарып салайық» – деп автобустың аялдамасына дейін шығарып салды.
Студенттерді егін жинауға, құрылыс жұмыстарына жіберетін. Тамыз айының басы болуы керек, ауылдан келіп, ауылшаруашылығы жұмысына дайындалу үстіндеміз. Құрбым Майраның үйінде тұрамын. Жолға дайындалып, азық-түлік алайық деп базарға келсек, Райымбек те жүр. Жағдай сұрастық та, өз жөнімізге кеттік. Ертеңінде вокзалға келсек, ығы-жығы студенттердің арасында тағы да Райымбек жүр. Сөйтсек, біздің институтта нағашы ағасы оқиды екен, соны шығарып салуға келіпті-міс.
Бұл үшінші кездесу. Бір айдан кейін сабақ басталды, келдік. Ол кезде хат-хабарды тек Бас поштадан ғана аламыз ғой. Біраз уақыт қалада болмай қалған кездері студенттердің бәрі поштаға ағылады-ай кеп. Біз де бардық. Бірнеше хат келіпті. Әрине, ауылдан, солардың ішінде бөтен бір жазу көзіме оттай басылды. «Бұл кімнен болды екен» деп асыға ашсам, Райымбектен. Олар да гастрольдік сапармен Нарынқол жақта жүрсе керек, сол жақтан жазылған екен.
7 қараша жалпыхалықтық мереке еді ғой, алаңға парадқа шығатынбыз. Сол күні тағы да кездесіп қалдық. Осылай басталған таныстық – сыйластыққа, сүйіспеншілікке ұласты. Біздің кезімізде жастардың баратын жері – театр болатын. «Беу, қыздар-айдың» қызу жүріп жатқан тұсы.
1964 жылы үйлендік. Ел арасында «әртіске тұрмысқа шығу» деген құлаққа түрпідей тиетін кез. Өзімнен кейінгі інім студент, хабарды содан айтып, ауылға жібердік. Әке-шешем: «әртісі несі, күйеусіз өтсе де рұқсат жоқ» – деп, қуып шығыпты. Дегенмен, қай ата-ана баласының бақытына қуанбайды дейсің, баталарын берді. Кейін әкем Райымбекті өте жақсы көріп кетті. Екеуі тез тіл табысып, күн-түн әңгімелері бітпейтін. Райымбек өте сабырлы, біртоға, салмақты еді, әңгімесі де солай болатын. Әңгімешіл еді.