Жастық пен достықтың спорт мерекесі

Жастық пен достықтың спорт мерекесі

Жастық пен достықтың спорт мерекесі
ашық дереккөзі
29 қаңтарда «Алматы Арена» мұз айдынында көптен күткен 28-ші Дүниежүзілік универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі болды. Әсем Алатаудың баурайындағы спорт мерекесінің шымылдығын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі ашып, қатысушы студент жастарды құттықтады. Салтанатты шараға БАӘ президент ісі жөніндегі министрі, шейх Мансұр ибн Зайд әл-Нахайян құрметті қонақ ретінде қатысты. Универсиада ойындарының ресми ашылуына жиналған қауым әуелі қазақтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпынан сыр шертетін сахналанған көріністі тамашалады. Киіз үй, қазақ көші, күмістен бұйым соққан зергер, жүн сабап, жіп иірген аналар, тағысын тағы. Көк аспанда қалықтаған құс еліміздің дербес, тәуелсіз мемлекет екенін паш еткендей. Ал апорт алмасымен әйгілі Алматы қаласының бойтұмары да жеміс ағашында самсап тұр. «Ұлы дала елі» концепциясы бойынша құрылған сахна жапырақ формасында жасалды. Ұйымдастырушылар «Жапырақ – өсу мен өркендеудің, дамудың, жастықтың символы» деп тәпсірлейді. Ең бастысы, тарихи қойылымда мифологиялық көріністер, қазақтың көне жәдігерлері, сақтар мен ғұндардың өмірі мен тәуелсіздігіне 25 жыл толған мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары көз алдымызға тізбектеліп келіп жатты. Одан бөлек Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – жасыл экономиканың символдары «Энергия: Жер-Cу-Жел-От» және «Болашақ» та көрініс тапты. Бәрінен де Универсиаданы өткізген елдердің туларын Ұлттық ұланның офицерлері халықаралық конкурстардың жеңімпаз балаларымен бірге алып шығып, Қазақстан Республикасының әнұранын орындағаны әсерлі болды.  width= Салтанатты шараның келесі бөлігінде спорт мерекесінің көркін қыздыратын 57 елден келген 2 мыңнан астам қатысушы жанкүйерлер алдында шерумен жүріп өтті. Cоның ішінде ең көбі Ресейден – 350, Қытайдан – 220, Жапониядан – 158, Кореядан – 158, Канададан – 122, АҚШ-тан – 114 спортшы келген. Ашылу рәсімінде спортшылар шеруін 28-ші Универсиаданың иесі – Қазақстан құрамасы аяқтады. Еліміздің байрағын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді. Ел намысын барлығы 175 спортшы қорғайды. Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды», – деді.  width= Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Универсиада қаланың спорт инфрақұрылымын дамытудың өзіндік локомотивіне айналғанын атап өтті. «Алматы қазірдің өзінде даусыз рекордтар көрсетіп отыр. Қысқы Универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа шағын ауданды құрайды. Универсиада әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы бір миллиардтан астам адамды қамтиды. Универсиаданың қанатын кеңге жайғанын, өзінің басталуының тарихи сәтіне дайын екенін көріп отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Алматы – 1000 жылдық тарихы бар қала, Қазақстанның жаңа дәуірі бастау алған алтын бесік. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан, заманауи қала, іскерлік орталығы және ел экономикасының қозғаушы күші. Жастар қаласы. Студенттер қаласы. Қазақстанның жоғары оқу орындарының үштен бірі осында орналасқан, оларда 137 мың студент білім алуда. Аты аңызға айналған және бәріміз жақсы көретін «Медеу» мұз айдыны бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қайтадан ауқымды жарыстардың атмосферасын сезіндіретін болады. Іле Алатауы бөктерінде «Шымбұлақ» алмастай жарқырап тұрады. Универсиада саламатты өмір салтының рәмізіне айналады. Оның нәтижесін ұлтымыздың денсаулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен салыстыруға болады. Атақты ғалым Анджелло Моссо «Спорт жүздеген емнен артық, бірақ, ешбір ем спорттай бола алмайды» деп бекер айтпаған. Бұл – өте дұрыс айтылған сөз», – деді Қазақстан Президенті. Расында, Алматы қаласы 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын өткізуге дайындалған бес жыл ішінде түрлі спорт нысандарымен толықты. Мұның бәрі халық игілігі үшін. Бұдан былай бұқаралық спорт дамып, салауатты өмір салтын ұстану сәнге айналса ғажап емес. Ал Универсиаданың Алматыда өтуі қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуіне септігін тигізгеннен бөлек, қала бюджетіне де әжептәуір қаржы құймақ. Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, Универсиада ойындарына қатысушы мемлекеттерден Алматы бюджетіне 1 млн еуро ақша түседі. Демек, атлетикалық ауыл Универсиада ойындары кезінде де, кейін де құтты мекенге айналмақшы. «Универсиада өтетін күндері әрбір шетелдік турист Алматыда орташа есеппен бес тәулік қонақ болады. Global Destination Cities Index бағалауынша, шетелдік туристер Алматыда күн сайын 245 доллар жұмсайды. Ендеше, күтілген 5 мың шетелдік қонақ қала бюджетіне, жергілікті шағын және орта бизнеске 2 миллиард теңгеден артық кіріс түсіреді» деген Алматы қаласының әкімінің сөзі тағы бар. Ал FISU президенті Олег Матыцин: «Сіздерді осы жерде көру үлкен құрмет! Біріншіден, FISU командасының атынан осы Универсиаданы қазақ жерінде өткізу үшін барын салып атсалысқандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ұйымдастырушы комитет пен осы шараның өтуі үшін күндіз түні тер төккен адамдарға алғыс білдіремін. Себебі Универсиада дайындығы біз күткеннен де жоғары деңгейде», – деді. Осылайша, Елбасы Н.Назарбаев дүниежүзілік додаға келген спортшыларға сәттілік тілеп, ойындарды ашық деп жариялаған соң, Халықаралық спорт федерациясының жалауы көтеріліп, әнұраны айтылды. Сондай-ақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Иманбек спортшылар атынан, ал шаңғы спортынан төреші Асқар Уалиев барлық төрешілердің атынан ант берді. Салтанатты шараның мерекелік думанында өнер көрсеткендердің қатарында Қытайда өтіп жатқан I’am a singer байқауының екінші кезеңінен өткен әнші Димаш Құдайбергенов, сондай-ақ бір топ эстрада әншілері мен 1500-ге жуық әртістер бар. Ал ашылу салтанаты еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан қатысып отырған 16 алаугер Универсиада ойындарының басталуын білдіретін алау тостағанын жақты. Олардың қатарында Әділбек Ниязымбетов, Жазира Жапарқұл, Екатерина Ларинова, Иван Дычко, Жәнібек Әлімханұлы бар. 2 сағат 15 минутқа созылған ашылу салтанатының қоюшы режиссері Шара Айдарова. Халықаралық мәртебесі бар салтанатты шараларды ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар маман дайындық барысында 2013 жылы Қазанда өткен жазғы Универсиаданың ашылу салтанатындағы кейбір элементтерді ескерген. Әрі шараға тек қана қазақстандық өнімдер қолданылған. Сонымен, ресми ашылған Универсиада ойындары «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы, «Медеу» спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешені, Б.Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, Мұз сарайы, Мұз аренасы және Алматының орталығындағы уақытша спорт кешенінде өтуде. 10 күнде спорттың 12 түрінен 85 медаль сарапқа салынбақ. Айта кетейік, еліміз Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында 700 спортшы 125 медаль жеңіп алды.