Ербол Хамитов, параспортшы: Әлем чемпионы атағы паралимпиадаға жетелейді
Ербол Хамитов, параспортшы: Әлем чемпионы атағы паралимпиадаға жетелейді
Ербол Хамитов қаңтар айының соңында Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Әлемнің 18 елінен келген 102 спортшының арасында топ жарып, арманына қол жеткізген Ербол алтын медальдан бөлек, парабиатлоннан екі қола жүлде еншіледі. Қазір Америкада Хрусталь Глобус үшін таласқа түсетін шешуші жарысқа жол жүріп бара жатқан Ерболға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Былтыр Бейжіңде өткен Паралимпиададан келгеннен кейін Қанат Бейсекеевке берген сұхбатыңызда ұнжырғаңыз түсіп, өз-өзіңізге көңіліңіз толмай отырғанын аңғарған едім. Араға бір жыл салып, Эстерсундте өткен әлем біріншілігінде әлем чемпионы атандыңыз. Әдетте төртжылдықтың басты додасына үздіксіз дайындалған атлеттер Олимпиададан кейін қарқынын бәсеңдетіп, кейде тіпті үзіліс алып жатады. Ал сіз керісінше...
– Біз «Намысты қолдан бермейік» дегенді жиі айтамыз ғой. Паралимпиадада көрсеткен сәтсіздігім менің намысыма тиіп кетті. Сосын бұрынғыдан бетер мықтырақ болуды көздедім. Қателіктермен жұмыс істеп, көп жаттықтым. Еш босаңсымадым.
– Сіздің жарақатыңыз туралы әртүрлі дерек айтылады. Анығын өз ауызыңыздан естісек.
– Петропавлдағы мейрамханалардың бірінде күзет қызметінде жұмыс істеп жүрген кезім. Ауысымым аяқталған соң жақын жерде орналасқан клубқа бардым. Онда бұрыннан жақтырмайтын таныстарыммен кездесіп қалдым. Сол кезде таныстарым кәмелет жасқа толмаған балаларды ішке кіргізуімді сұрады. Бас тартқан едім, сөзге келіп қалдық. Сосын кіреберісте әлгі таныстарым маған тесіле қарағандықтан, тағы сөзге келіп қалдық. Сол кезде біреуі ұрса, екіншісі оқ атты. Сол күйі ортақ мәмілеге келе алмай, келесі күні облыстық балалар емханасының қасында кездесеміз деп келістік. Бірақ ол күні сөзге келместен атыс басталып кетті. Ақырында, аяғыма оқ тиіп, жарақат алдым. Сол кезде үрейі қашқан достарым бір адым жерде орналасқан балалар ауруханасына жеткізген. Ол жерде ересектерді емдейтін маман жоқ. Ересектерге ота жасайтын хирург жоқ. Емханаға апарса, көп уақыт жоғалтып алармыз деп ойлаған жігіттер аурухана дегенге сол жерге алып келген ғой. Жастар ғой, көп нәрсені байыбына барып түсіне бермейді. Сөйтіп, балалар ауруханасында үш сағаттай жаттым. Онда көп қан жоғалттым. Ондай сәтте аяғыңды қозғалтсаң, бір жаққа қан ұйып қалады да, аяғың қарая бастайды. Кейін «жедел жәрдем» көлігімен емханаға апарып, дәрігерлер консилиум жасаған кезде тіпті ата-анама да ескертпей, бір аяғымды кесіп тастады. Өйтпесе, болмас еді. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан сәт.
– «Сол кезде ата-анама жылайтын болсаңдар, палатаға кірмеңдер» деп талап қойғаныңызды бір жерден оқыған едім.
– Иә, үйдегілерге «кім жылайды, сол палатаға кірмесін» деген ультиматум қойдым. Керісінше, мен оларды қолдадым. Бәрі жақсы болатынына сендірдім. Өз-өзіме деген сенімділігім, мінезім мені ол тығырықтан алып шықты. Мен қарапайым отбасында тәрбиеленгенмін. 6-сыныпқа дейін ауылда ата-әжемнің қолында өстім. Атам Хамит бала күнімнен «Шағым айтпа» деп тәрбиелеп өсірді. Ширату үшін асау атқа отырғызатын. Қалада оқығанда біраз қиындық көрдім. Сондықтан болар, жарақат алғанда өз-өзіме мойымау керек деп айтумен болдым. Сосын маған үнемі хабарласқан ММА федерациясының президенті Анатолий Кимнің де қолдауы көмектесті. Ол кісі «Байқа, теріс жолға түсіп кетпеші!» деп әркез ақылын аямайтын. Сөйтіп, тырысып-тырмысып, бір жарым жылдан соң Алматыға оқу жаттығу жиынына бардым. Онда Шавкат Рахмоновтармен бірге жаттықтым. Жалпы, мінез, тәрбие болмаса, түк өнбейді. Басыма қара бұлт үйірілген кезде менен жалт бұрылғандар көп болды. Тіпті, екі жыл кездесіп жүрген сүйікті қызым тастап кетті. Байланысты үзген достар, бапкерлер де бар. Алғашында екі-үш ай қолдады, бірақ кейін олардың көзінен «Ары қарай не істейді дейсің? Мүгедектіктен зейнеткерлікке дейін осылай отырады» дегенді оқып қойдым. Мен мұны мені аясын деп емес, басқаларға сабақ болсын деп айтып отырмын. Мені қиын кезде «жақындарыңды тастама!» деп тәрбиеледі. Әсіресе, атам бәріміз бірге тұрып, қолдау білдіріп жүруіміз керек екенін үнемі айтатын еді. Ол кезде оның бұл айтқанын түсінбейтін едім, нағыз тәрбиенің үлгісі екенін енді ұғып жатырмын. Ата-анамнан бөлек, әкемнің әпкесі үлкен қолдау көрсетті. Ол кісінің үйінде тұрғандықтан, жараларымды таңып, үнемі қарайласып отыратын.
– Бірақ кейін таңдау таразысына тартқан кезде парашаңғы спорты басым болды ғой?
– Иә. 2020 жылы ұлттық құрама қатарына қабылдандым. Шынымды айтайын, онда жалақы үшін бармадым. Шаңғы спорты ерекше ұнайды. Спортшы ақшаны бәрінен биік қойса, ешқашан жетістікке жетпейді. Мен ол спортқа із қалдыру, тарих жасау үшін келдім. Өткенде әлем чемпионатында әнұранымыз ойнап, Көк туымыз көкке көтерілген кезде көп нәрсені түсіндім. Одан бұрын Олимпиаданың ашылуында Қазақстан туып көтеріп шығуды маған сеніп тапсырды. Қарап отырсаң, бұл екінің біріне бұйыра бермейді ғой. Мұның бәрі өз ісімді шын сүйгендіктен деп білемін.
– Әлем чемпионатынан келген бетте облыс басшысы ақшалай сыйақы мен қызметтік пәтердің кілтін табыстады. Біздің білуімізше, қызметтік пәтер сіздің жеке меншігіңіздегі пәтер саналмайды ғой?
– Спортшыларға сыйақы тағайындау туралы жарлыққа сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында топ жарған үштікке алған орындарына байланысты бірнеше бөлмелі пәтер береді. Онда әлем чемпионаты жүлдегерлеріне үй беру туралы ештеңе жазылмаған. Бұл үйді облыс әкімі өз атынан берді. Олар менің бала-шағаммен Петропавлда пәтер жалдап тұратынымды естіген болса керек. Бұл қызметтік пәтерде спорттан қол үзгенше тұратын боламын.
– Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызда жастарды жігерлендіретін жазбаларды жиі жазатыныңызды байқадым. Біздің жас оқырмандарға айтарыңыз бар ма?
– Бастысы, жастар қыдырамын, қызық қуамын деп, басты құндылықтарды ұмытып кетпесін деймін. Жалқау болмасын. Еңбектенсін. Түнде көп далаға шықпасын. Ата-аналарымен жиі сөйлессін. Үлкендері де балалардың интернетте не қарап, не қойып жүргенін білсін. Бірақ, мойындау керек, жастарымыз жалқауланып барады. Олар қалаған нәрсесін бір шертіп-ақ алғысы келеді. Ал шынында, бәрі таза еңбекпен келетінін түсіне бермейді. Сондықтан бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлу қажет. Бірдеңе бүлдірсе, жазалау керек. Қазірден бастан шара қолданбасаң, ертең ол бала «Маған бәрі болады» деп танауын көтеріп шыға келеді. Ертең сенсіз-ақ оны жазалайтындар табылады. Заң жазаламаса да, Алла жазасын береді. Сосын тағы бір айтарым, батыс мәдениеті біздің жастарға теріс ықпалын тигізіп жатыр. Бізге бұлай еліктеген жараспайды. Бала кезден санамызға сіңіріп, құлағымызға құйып өсірген салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырымдарымыз бар. Осыларды жадымыздан шығармасақ болғаны.