Қазақтың Құрманханы
Қазақтың Құрманханы
Құрманхан Мұқамәдиұлы – Моңғолия қазақтарының жаңа сипаттағы ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Ол Моңғолия қазақ әдебиетінің қалыптасу қарсаңында барлық жанрда дерлік қалам тартып, оның көбінің үлгілік жолдарын көрсетіп, алғашқы іргетасын қаласқан үлкен суреткер, мықты драматург, жазушы, ірі аудармашы ретінде бағаланады.
Сондай-ақ әдебиетті кәсіби харакеті болдырып қана қала бермей, қоғам өміріне белсене қатысты. Жауапты қызметтерге араласып, бастауыш мектепте мұғалім, Ішкі істер бөлімшесінде жауапты қызметкер, тіпті аймақ басшысына дейін көтерілді. Елдің халық депутатына сайланып, партияның орталық органына мүше де болды. Замана ағымына сай малшы қауымды ұжымдастыруға белсене қатысып, ұжымдық шаруашылықты басқарды. Әдебиеттен өмірінің соңына дейін қол үзбей, баспахана бастығы, әдебиет үйірмесінің жетекшісі, әдеби «Жас талап» журналының редакторы болды.
Осы жылдар табиғатынан кішіпейіл де көпшіл, халыққа етене жақын, іскер де ұйымдастырғыш қабілеті бар М.Құрманхан мемлекеттік қызметтерге белсене қатысып, уақытын жұмсағандықтан, қаламынан көлемді шығарма туа қоймағанымен, оның көп үйренген, әдебиет әлеміне бақылау жасап, әдеби білімін шыңдаған, өзін әзірлеген жылдар болды.
Сол қызметте жүре, қатал табиғаттың құшағындағы қазақ ауылдарының бай, кедей екі тұрпаттағы сипаты мен халық тұрмысының шынайы көрінісін бейнелеп, «Жұт ала ма, жұрт ала ма» деген әңгіме-белгілеу жазады. «Алғашқы қадам» атты әңгімесін моңғол тілінде жазып, ал 1961 жылы еңбектерінің жинағы моңғол тілдерінде басылды.
Бұл жылдары алғаш аудармамен де шұғылданып, моңғолдың жаңа заман әдебиетінің негізін салушылардың бірі Д.Нацагдоржның әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының либератосы мен бірнеше әңгіме, өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Құрмаш әдебиетке барлық ой-санасымен беріліп, өмірдің шындығына қоян-қолтық араласуы жөн деп көріп, үлкен лауазымнан бас тартты. Халық арасындағы серпіліс, ынта-жігерді көзбен көріп, қолмен жасау, оны өзінің шығармашылығында көрсетуді мақсат етті.
Сөйтіп, алғашқы көлемді туындысы – «Кезең үстінде» пьесасы өмірге келіп, ол Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің алғашқысы ретінде танылды. 1956 жылы шаңырақ көтерген ұлттық театрымыздың сахнасы осы пьесамен ашылды.
Кешікпей «Тау қойнында жеке дара», «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Жасыл дөң» пьесаларын жазды. Бұл еңбектерінде адамдардың жарасымды достығы мен алаяқтардың іс-әрекетін, жастар романтикасын, өлкедегі зиялы қауымның өсу, қалыптасу жолын тартымды көрсете білді. Сонымен бірге қазақ ауылының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін сенімді суреттеді.
60-жылдардың басында жазған «Тұлба көл шайқасы» Құрмаштың озық туындысы еді. Ол тарихи тақырыпқа қалам тартқан қалам иесінің тағы бір қырын ашып, көрермендерден жоғары баға алған. Кейін бұл еңбектен елімізде көркем суретті кино да жасалды.
Өмірінің соңын ала «Тоғысқан тағдырлар» атты пьеса, «Бөкен жарғақ» деген аңыз дастан бастаған еді, мезгілсіз ажал оларды аяқтатпады. Ол қаламы төселіп, әдеби таланты кемелденген шағында бар-жоғы 40 жасында қайтыс болды. Қия шапқан қылыштай, қамал алар қырықтың қақпасын енді ғана ашып, қақ төріне жете алмай қыршын кеткен қайран Құрмаш 30-40 арасында небәрі тоғыз жылдай ғана шынайы шығармашылықпен шұғылданыпты.
Құрмаш өзінің саналы өмірі мен тамаша талантын халқына қызмет етуге арнап, Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің қалыптасуына аса зор еңбек сіңіріп, жас әдебиетшілерді тәрбиелеуде үлкен міндет атқарып еді. Ол әдебиеттегі көркемдік пен шеберлік жайлы көптеген рецензия мен публицистикалық мақалалардың авторы.
Шығармашылығына шолу
Құрманхан творчествосының дені – драмалық шығармалар. «Кезең үстінде», «Жасыл дөң», «Тұлба көл шайқасы», «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Тамыр дәрі», «Тоғысқан тағдырлар» пьесалары мен «Алтыбақан» либераттосы оны үлкен драматург ретінде танытты.
Құрмаш шығармаларының негізгі тақырыбы – ауыл өмірі, дәуір талабы мен замана үрдісіне дер кезінде үн қосып, адамдардың ұжымдасып бірлесіп, бірігіп жансақтаудағы қиыншылықтар, ондағы ескі мен жаңаның күресін, ой-санасындағы өзгерістерді, қажырлы еңбегін нанымды суреттей білгендігінде. Бірақ әр шығармасында оқиға қайталанбайды, тың жаңа ой, адам мінезі көрінуі оның үлкен талант иесі екенін дәлелдейді.
Драмаларындағы тағы бір жиі көрініп отыратын конфликт жаңа салт-сана мен ескі дағды сіңісіп, тозығы жеткен идея арасындағы қайшылықты көрсетуі бүгінде маңызы жоғары екенін өмір дәлелдейді. Адамдар біліміне, сауаттылығына, мәдени дәрежесіне, мінез-құлқына, көзқарасына, дүниетанымына жас ерекшелігіне сәйкес жіктеліп, Құрманхан шығармасында көрініс табуы – үлкен табыс.
Ол кейіпкері арқылы былай дейді:
«Қайғы қарабасыңдікі болса – жалғыздың ісі жазым, жылжып аққан бұлаққа батасың да кетесің. Қайғы көпке ортақ болса – түпсіз мұхит болса да түскенің көптің кемесі, мінесің де өтесің. Қуанышың өзіңдікі жеке болса – кездейсоқ түскен бір сағым, өтеді де, кетеді. Қуанышыңа көп ортақ болса – шашырап түскен күн нұры, ғұмырыңа жетеді» дегендей қанатты сөздері көп.
«Жасыл дөң» атты драмасында сол 40-50 жылға жалғасып келген асырасілтеушілік, әпербақан шолақ саясаттың шырғалаңдарын дер кезінде батыл сынаса, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген туындысында, парақорлық, рушылдық, тоғышарлықты әшкерелейді. Құрмаштың «Тұлба көл шайқасы» атты төрт перделі пьесасы – халқымыздың өткен тарихи жолын көркем әдебиетте тамаша бейнеленген тұңғыш туынды. Жаудың 5000 әсерінің шабуылына төтеп беріп, қоршауда 42 тәулік бойы қалған ержүрек 400-дей жасақтың жан аямай шайқасқан ерлігі мен қиыншылықты жеңудегі қайсарлығы шебер суреттелген. Елінің тәуелсіздігі, халқының бостандығы мен азаттығы үшін жанқиярлық күресі мен сондай қиын-қыстау кезде адамдардың мінез-құлқы, адамгершілігі сұрыпталып көрінетіні айтылады. Өмірдегі жағымды образ бен ұнамсыз типтердің шын бетпердесін жеріне жеткізе суреттеуімен ерекшеленген шығарма. Драмада шебер жасалған суреттер, тапқыр детальдар жиі кездеседі.
Автор қарама-қарсы екі күшті өзара салмақтап, іскерлік, моральдық, мінез-құлық сипаттарын үнемі қатар қою арқылы халық жағындағылар жеңіс иесі болатынын көрсетеді.
Шығармадағы ең басты нәр-се – тіл. Тілі көркем де бай, қарапайым халықтық тіл. Сол арқылы кейіпкердің кім екенін аңғарамыз. Мәселен, ой-парасатын, мінез-құлқы мен адамгершілігін, мақсат-мүддесін ұғамыз. Аталған батырлық драмада бас кейіпкер: – Қайғы-уайым қас дұшпаннан да қауіпті. Дұшпанмен кескілестің бітті, не өлтіресің, не өлесің. Сары уайымға салынсақ, кес-кестеп алдыңды орайды да тұрады, өмірдегі қызықтың бәрін жоқ қыласың, – деп ащы шындықты айтып жігерлендіреді. Тағы бір кейіпкер: Тәуекелдің таяғы күшті, бүгінгі асқақтап тұрған кезеңде сол ғана бізге сүйеу, тіреу бола алады, – дейді.
Құрманхан шығармаларының биіктігін танытатын бір қасиеті – тілінің поэтикалық мәнері. Кейіпкердің көңіл күйінің толқуына, мазмұнға сай сөзді ырғақ үндестікпен көркейтіп қолданатынында. Заман өзгермей тұрмайды. Кешегі лаулаған от, бүгін сөніп бықсып қалуы, кешегі толықсыған өмір бүгін қара күрке болуы оңай екенін кейінгіге сабақ ретінде:
Жатыр бықсып төрт-бес тезек,
Отыр шалы қолын қалап.
Оң білегін сыбанып тастап,
Кемпір отыр жамау жамап.
Осылайша, тұғырдан түскен кешегі мықтының бүгінгі күйкі тірлігін суреттейді.
М.Құрманханның әдеби мұрасының үлкен бір саласы – көркем аударма. Моңғолия әдебиетінің классигі Д.Нацагдоржның еңбектерінен аударғаны жеке бір кітап. Басқа да ақын, жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Оның ішінде Лодойдамбаның «Тұнық Тамир» атты романы да бар.
Аудармашы – шығарманың екінші авторы дегенді бекем ұстанған ол, автордың стиліне, шығарманың мазмұн, құрылымының берік сақталуына көп мән береді. Аударманың тілі жатық, қазақ оқырмандарына етене түсінікті, ана тіліндегі туындылардай жылы қабылданады. Мысалы, моңғолшадан сөзбе-сөз аударғанда «Ақ ай мен қара жас» деп келетін еңбекті Құрмаш «Жылдың басы, көздің жасы», «Себепті үш төбе» дегенді «Жұмбақ төбелер» дегендей, тек атауын ғана емес, әр сөйлемді негізгі мағына, желісін бұзбай, қазақша аударғаны ерекше үлгі етерліктей.
«Жұмбақ төбелер» атты Моңғолдың әйгілі операсында:
Сүйгеніне қосылу
Бақытты жанға лайық
Жұбымен өскен аққудай
Бірігіп тұрмыс құрайық, – деген жолдары А.Пушкиннің «Онегин мен Татьяна» сөздерін қазақшаға аударған Абай жырларын үлгі еткенін көрсетеді.
Өмір жолы тағылымдарынан
Құрмаш партия, мемлекеттік, шаруашылық істерін тіпті 25-30 жасында атқарды. Өз ісіне сондай құштар, әр істің тетігін таба білетін. Құрмаштың азаматтық, қайраткерлік болмысы туралы басқа адамдардың ауызекі әңгіме, естеліктеріне үңілгенде оның ақыл-парасаттылығы, жан-жақты білімдарлығы, арамдықтан аулақ, туғанына тартпайтын турашылдығы ханды емес халықты пір тұтқан дегдарлығымен ерекшеленеді.
Өсіп кемелденуінің ең шыңы – Мәскеуде Чекистер мектебінде оқыған кезі. Аз уақытта орыс тілін тамаша игеріп, сол тілде баяндама жасағаны, дәрісті үш тілде, төрт түрлі (латын, кирилше, төте жазу және ескі моңғолша) жазумен жазатын. Қызметінің шектеулігіне қарамай, Кеңес жазушыларымен, мысалы А.Фадеевпен жақын байланыста болған. Кейін елге келіп лауазымды қызметте тұрғанда галстук тақпай жүргені үшін шенеуніктерден сөгіс алып, тіпті іс сапар жолдамасын алып тұрып, шетелге баратын құқықтан айырылғаны туралы деректер көп.
Ол қырық-ақ жас жасаса да көп еңбек етті. Артына өшпес тағылымдық із қалдырды. Бірақ көп еңбегі әлі жарық көрген жоқ. Оның Шығыс Түркістандағы Моңғолияның ресми өкілі ретінде азаматтық қозғалыс жетекшісі Оспан батырмен үзеңгілес болып, халықты азат ету майданына қатысқаны бір төбе тарих. Осы деректер ішкі істер мекемесінің мұрағатында немесе ұрпақтарының қолында болуы әбден мүмкін. Бұл – Құрманхантанудың алдағы нысанасы болуы тиіс.
Құрмаш сонау жылдары Баян-Өлгей аймағының бастығы болғанда да, ішкі істер мекемесін басқарғанда да зұлмат заман ағымына еріп, ешбір адамды нәубаттыққа ұшыратпаған адал, парасатты адам болғанымен тағы ерекше.
Құрмаш кешкен қилы ғұмыр мен шығармашылық тағылымын айтқанда төменгі жолдарды айтпай кетуге болмас деп ойлаймын. Қудалау көріп жанжүрегі жараланған кездері көп болса да, жігері мұқалмай бәрінің де жақсылықпен аяқталарына бекем сеніп, болашаққа үміт артқан жангештілігі көз алдыңа келгендей болады.
Ол заманының құралы да, өз уақытының құлы да болған адам емес. Егер олай болса өзін жазаламас та, тіпті өлмес те еді. Кейін тоталитар қоғамның шын мәнін де ұғып қарсы тұрды. Кезінде өңір зиялыларының бірі де бірегейі болған ол өзін-өзі жазалауға апарғаны – тарихи шындық. Бұған өкінген Алтай, Қобда беті қазақтарының абыз-ақыны Ақтан бірде:
Уа, қарағым Құрмашым,
Қалаулысы халықтың.
Мыңмен тең бір басың,
Ақылға келші аяңдап,
Асаулыққа берілмей.
Бүйте берсең, Құрмашым,
Табылмайсың сен бізге, – деп ақылын айтты.
Бірақ амал нешік, дәуірінің дара туған тұлғасы, қара сөздің қайығы Құрмаш өмірден ерте кетті.
Міне, осылайша Моңғолиядағы аз қазақтың әдебиетінің үлкен жаршысы болған Құрманхан Мұқамәдиұлы артына үлкен тағылымды із қалдырып, бүкіл қазақ әлеміне ортақ сөз зергері бола білді.
Хабсаттар ОМАРҰЛЫ
Моңғолиядағы Қазақ Қаламгерлер кеңесінің басшысы