Елдік мұраты

Елдік мұраты

Елдік мұраты
ашық дереккөзі
Жұмыр жер, дүбірлі дүние буыр­қа­нып тұр. Түбегейлі өзгерістер, дәуір толқындары дамылсыз есік қағуда. Жолайрыққа тіреліп, тар өткелге таян­дық. Болашағымызға қам қылатын, нақ­ты бағытымызды айқындайтын сәт туды. Ашығын айтсақ, әлдеқашан пісіп жетілді. Ал­дамшы арманның, тәтті ертегінің еле­сіне елтіп, сағым қуып жүре берудің уа­қы­ты өтті. Ендігі кезекте «Елдігіміздің ертеңі қандай болмақ? Түпкі мұратымыз не? Ата-баба арманы мен аманаты қандай еді? Оған қаншалықты қол жеткізе алдық? Мем­лекетіміздің мақсаты қандай? Әлемде алар үлесі мен берері не? Әлем қайда бет ал­ды, біз қайдамыз?» деген секілді сансыз сауал­дарға бірлесе жауап іздеу аса маңызды. Ал олардың оң шешімін табу, ойласып тап­қан ортақ мақсатқа нық бекіну – бар­ша­мыз­ға асыл парыз. Сол жолда қоғамды ұйы­тып, бүкіл әлеуетімізді осыған жұды­рық­тай жұмылдыру – басты міндет. Осы шағын мақалада ел болашағына, ұлт мұратына қатысты түйген ой­ла­рымды, ұсыныс пікірлерімді көппен бө­лісуді жөн көріп отырмын. Бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Ах­мет Байтұрсынұлы «Қазақ өкпесі» ат­ты мақала жариялап еді. Ұлт ұстазы «Қа­тер­лі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өк­пелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп жаз­ған болатын. Бұл ой қазір де өзекті. Жаһан­да жүріп жатқан ауқымды дүние­лер­дің астарына ден қоймай, тек заман алға тарт­қан ағымдағы шаруалармен айна­лы­сып жүре берсек, тағы да қапы қалмасы­мыз­ға кім кепіл. Қамданудың басы етек-жеңі­мізді жиып, елдігімізді ойлаудан өріс тап­пағы лазым. Сонымен. Әлем қайда барады? Қазіргі кезеңде әлемнің этногеосаяси бей­несі жедел өзгеріп жатыр. Жаһандық күш­тер балансы бұзылып, шиеленістер орын жиілеп барады. Қалыптасқан қағи­далар, ха­лық­аралық қарым-қатынастар, әлем­дік тәр­тіп қайта қаралып жатыр. «Ойын тәр­тібіне» елеулі өзгерістер енгізіл­мек. Ақпа­рат­тық технологиялардың қар­қын­­ды да­муы жаһанды «алып ауылға» (global village – М. Маклюэн) айналдырды. Ха­лықаралық құқық субъектілерінің қа­тары трансұлттық корпорациялармен то­лықты. Олар қазір халықаралық аяда бел­сен­ділік танытып, жаһан­данудың жауын­герлеріне айналды. Же­текші елдер мен же­тек­тегі елдер, елдікті көк­сеген ұлттар мен жұтылып бара жатқан ұлыс­тар (мем­лекет-трансферт) жаңа дәуір­ге жаңа үміт­пен, жаңа жоспармен, жаңа мұрат­пен қа­дам басуға ұмтылуда. Біз де бұл үр­діс­тен сырт қала алмаймыз. Қалдыра да қой­май­ды. Осыны ескеріп, жаһандағы жағ­дай­лар­ды сараптау, өзгермелі әлемдегі өз ор­ны­мызды табу, халықаралық саяси ойын­ға ойын­шық емес, ойыншы болып әре­кет ету­ге ұмтылу – елдік ұстанымымыз болу­ға тиіс. Бұл үшін, әрине, енжарлық пен елік­теушіліктен, жалтақтық пен ыңғайға жы­ғылғыштықтан арылып, табанды түрде ел­діктің жаңа парадигмасын тұжырым­дауымыз керек. Бүгінде әлемдегі іргелі елдер геосаяси кеңістіктегі өз орны мен позиция­сын нық айқындап алған. Осыған сай ішкі, сыртқы саясатын жүргізіп, барынша ықпал ету аймағын кеңейтуге тырысуда. Әлем би­полярлы жүйеден бірполярлы жүйеге ойыс­ты. Көпполярлы жүйе де көрініс беріп отыр. Жалпы, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Еуроодақ, араб-ислам ел­дері, түркі-мұсылман жұртшылығы әлемдік сах­нада белсенділік танытуда. Мәселен, АҚШ «америкалық ар­ман­ға» өз халқын ғана емес, әлем жұртшылығын да белгілі деңгейде илан­ды­рып отыр. Либералдық жүйені өрістетіп, жер бетінде демократия орнату ұранымен әлем­де дара үстемдікке жету жолында бел­сенді әрекет етуде. Өткен ғасырдың орта ше­нінде «Америка имиджі», «демократия үшін күрес» саясатын ұстанып келсе, кейін­гі жылдар мезетінде Гарвард универ­си­теті­нің профессоры Джозеф Най ұсынған «жұм­сақ күш» (soft power) концепциясына не­гізделген саясатқа басымдық берді. Іші­нара «қатаң күш» – санкция салуға да жү­гіну­де. Осы дүрмекке ілескен Оңтүстік Ко­­­­реяның «жұмсақ күштер» формасындағы мәдениеті бүгінде ықпалды құбылысқа айналды. 5 мыңжылдық тарихы бар, бірегей өр­ке­ниетке ие, дүниедегі жан саны ең көп Қы­тай да жаңа ғасырда қарқынды дамуға кө­шіп, алдына ауқымды мақсаттар қойып отыр. Қытай ұлтын асқақтауға, әлемдегі ық­палын арттыруға арналған көпжылдық «Қы­тай арманын» тұжырымдап, «Бір белдеу, бір жол» жобасы арқылы Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға құлшына кірісті. Алып көршіміз Ресей өзін адамшылық құн­дылықтардың қорғаушысы ретінде жа­рия­лап, қасиетті күрес жүргізіп жатырмыз деген ұстанымын ашық білдірді. Бауырлас ел Түркияның Осман импе­рия­сы кезіндегі даңқты кезеңіне қол жет­кізу ниеті мен түркі-мұсылман жұр­ты­ның тірегі болу тілегі көрініс береді. Орталық Азия тарабына келсек, хал­қының саны аз Моңғолия, бауыр­лас Қырғызстан елдері де соңғы отыз жыл­да демократияның туын жалаулатып, пар­тия партияға бөлініп, тартысып жатыр. Ат төбеліндей ұлттың бірнеше саясат жо­лында өмір сүруі шынында да қолайсыз кө­рінеді. Меніңше, демократия деген әркім­нің қолжаулығы емес, байсалды құрал болса игі. Арманың болса да, дәрменің бол­маса, тұрлаулы саясатың мен тиянақты эко­номикалық тұғырың сай келмесе, ойда­ғы­ның орындалуы күрделі шаруа. Онда да­нышпан Абайдың «Бас-басына би болған өң­шең қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па ел­дің сиқын» дегенінің кері келуі ғажап емес. Бұл бізге сабақ болу керек. Көріп отырғанымыздай, әлемдік гео­саяси кеңістікте өркениеттік те, идея­лық та, жүйелік те, экономикалық та қақ­тығыстар шарпысып жатыр. Түптеп кел­­­генде, алпауыт елдердің көксегені – үс­тем­дігін сақтап, ықпал ету аясын кеңейтіп, мол ресурсқа ие болу. Әрине, қазіргі кезеңде күш-қуаты басым елдердің әлсіз елдерді бұрынғыдай басыбүтін отарлауы жүзеге аспайды. Ол экономикалық жағынан да тиім­сіз. Оған әлемдік қауымдастық та жол бе­ре қоймайды. Ол қазір жаңа формаға өт­ті. Үстем елдің өзге елді одақтасу, интег­ра­ция, блоктар құру жолымен ықпалында ұс­тауы, яғни протекторат принципі ар­қы­лы іске асады. Осындай жағдайда түрлі жаһа­ндық мүдделер тоғысқан Еуразия кін­дігінде қоныс тепкен Қазақ елінің қазір­гі қалпы қандай, ұстанатын бағдары не болмақ? Қазақ қалпы Қашанда ұлт озық ойлы ұлылары мен қай­раткерлерін туғызбай тұрмайды. Со­лар­дың бірі, қазақтың қазіргі көзі тірі классик жазу­шысы Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұра­ны» атты толғамы арқылы қазақтың бү­гінгі болмысына дәл диагноз қойып, ол өз тамырына оралып, қасиетін тапқанда ғана көсегесі көгеріп, іргелі ел болатынын айт­ты. Ащы да болса, ақиқат. Қашанда қа­ғы­нан жеріген елдің қарық болғаны жоқ. Көшелі ойларымен, кесек туын­ды­ла­рымен ұлт өресін өсірген кемеңгер қа­ламгер Әбіш Кекілбайұлы «Өз тағдырыңа өзің ие болу үшін жаныңның азығы, са­наң­ның қазығы болғаны лазым. Сонда ғана же­лімдей ұйысып, аз да болса, саз боласың. Ұлт санасына ұйытқы солай қордаланады. Қа­зақ санасының сондай ұйтқысы – ба­ба­ларға тағзымы мен ағайынға бауырмал­ды­ғы. Соның арқасында ғана бабалар жай­ла­ған өріс пен қоныстың ізінен мыңдаған жыл­дар бойы адаспай, көшіп-қонып, ме­кен­деп келеміз. Соның арқасында ғана бір-бірімізден көз жазбай, көңіл суытпай бірге келеміз» деп, елдік ұстанымымызды, қазақы болмысымызды тап басты. Қазір біз «бәсекеге қабілеттілік» дегенді жиі айтамыз. Бірақ оның мәнін теріс тү­сі­ніп жүрген сияқтымыз. Бәсекелестік же­леуімен бақталастық, талас-тартыс, өзгені аяқ­тан шалу, менің ғана дегенім болсын деген өзімшілдік пен өркөкіректік өршіп ба­рады. Бұл жағдай мәселеге басқаша тұр­ғыда байыппен қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бәсекеге қабілеттілікті біз сапаны арт­тыру, білімді молайту бағытында ұғын­ға­нымыз жөн. Қазақ бұрын бір-бірімен бәсекелес, бақ­та­лас емес, бауырмал, ағайыншыл еді. Бұл қа­сиетімізден бас тартпауымыз керек. Біз – бір-бірінде бөлінбеген еншісі бар халық­пыз. Осынау ұлан-байтақ жерімізді бауыр­мал­ды­ғымыз бен ұжымшылдығымыздың ар­қа­сында игеріп, сақтап келдік. Бұл қасие­ті­мізді қалпына келтірсек, алдағы уақытта да өз жемісін берері сөзсіз. Өткен тарихы­мыз­ға, сан ғасырлық шаруашылық салты­мыз­ға, ұлттық болмысымызға, жеріміз бен елі­міздің ерекшелігіне, адами, ресурстық, өн­дірістік әлеуетімізге сүйеніп, әлем кеңіс­тігіндегі орнымызды, халықаралық еңбек бөлінісіндегі үлесімізді анықтағанымыз жөн. Ең бастысы, дүниеде қазақтың қазақ­тан басқа досы да, жанашыры да жоқ еке­нін ұғынуымыз керек. Аграрлық алпауыт ел Алдағы он жылда әлемде аграрлық ал­пауыт елге айналу мақсатын қойсақ, ұта­ры­мыз мол болады деп есептеймін. Бұған біз­де барлық мүмкіндік бар. Географиялық ор­наласуымыз, жер жағдайымыз, ішкі ре­сур­сымыз, ұлттық болмысымыз бен бейі­мі­міз осыған қолайлы алғышарт жасайды. Сан ғасырлық тәжірибеміз бен қалыптасқан экономикалық базамыз бар. Барлығын бір­дей дамытуды емес, оңтайымызға келе­тін, ұтымды қасиетімізге басымдық беруді қолға алсақ, ол бәсеке­лестік артықшылығы­мыз болмақ. Бұл ретте британ ғалымы Саймон Ан­хольт тұжырымдаған «ұлттық брен­динг» концепциясы тәрізді еліміздің әлем­дік қоғамдастықтағы жаңа бейнесін қа­лыптастыруға мүмкіндік жетерлік. Мұны Ка­нада, Аустралия, АҚШ, Британия, Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Қытай секілді елдер сәтті қолдана білді. Жалпы, аграрлық қоғамды артта­қалу­шылық деген ұғымнан ары­луы­мыз керек. Тың технологияны, серпінді ин­новацияны, ғылыми жаңалықтарды осы ба­ғытта да ашуға, тікелей өндіріске енгізуге әб­ден болады. Қазақстан жерасты су қоры мол елдердің қа­тарында. Қара­пайым ша­руа­лар үшін шығынсыз су шы­ғару тә­сілін ой­ластырсақ, та­лай тың жерлері­міз, бетпақ дала­мыз егіс ал­қа­бына, шабындыққа ай­н­а­лар еді. Қазір әлемде та­биғи, сапалы азық-тү­лік мә­се­лесі өзекті. Бұл бұ­­дан ары күшейе бе­реді. Жер бетінде жан басы артып ба­рады. Ал жер өспей­ді. Әрбір он бес жыл­да бір мил­лиардқа жуық адам қо­сылып жа­тыр. Олар­дың барлығына құ­нар­лы азық қажет. Осы­ны өн­діруге бізде ұланғайыр жер бар. Бізде мұхитқа шығар жол болмаса да, қа­сы­мызда ұшы-қиырсыз адам мұхиты бар. Сол нарықты қамтамасыз етсек те, үл­кен мүм­кіндік. Қашанда бос жатқан жер жау шақыра­ды. Мал тұяғы тимеген жер тозады. Оны тиім­ді игеру, шекаралық аймақтарды бос қал­дырмау – маңызды міндет. Жиырма мил­лиондай халықты жиырма қалаға жи­нап алғаннан ұтпаймыз. Босаған жерлерге, ауыл шаруашылығына шетелдік инвестор­лар­ды тартып, соның көмегімен дамимыз деу – бос иллюзия. Оған осы соңғы отыз жыл­дағы тарихымыз бен іс-әрекетіміз куә. Осы тақырыпта «Іргесі бекем ел» жобасын әзір­леп, арнайы деректі фильм түсірген едік. Алдымызға Аграрлық алпауыт елге ай­налу мақсатын қойып, оны іске асыру, бізге біріншіден, байтақ жерімізді тиімді игеруге, екіншіден, халқымызды толық жұмыспен қамтуға, үшіншіден, әрбір отбасының та­биғи таза тағаммен қамтамасыз етіліп, ау­қатты тұруына, төртіншіден, денсау­лы­ғы­ның мықты болуына, бесіншіден, тарихи тамырынан ажырамай, ұлттық санасы мен болмысын сақтауына жол ашады. Атакәсіп, төл тілімізді жаңа заманға лайықтап өріс­те­туге де таптырмас мүмкіндік. Егер біз осы бағытқа басымдық беруді қа­былдасақ, алдағы үкімет басшы­лары осы саланың маманы болуы тиіс. Ал­дағы бес жылға нақты жоспар жасап, со­ны орындауға кірісуі керек. Бұл ретте тек шикізат өндірмей, оны өң­деп, дайын өнім шығаруға ден қой­ған абзал. Экспортқа бағытталған өн­діріс құруымыз қажет. Осы жолда ішкі бірліктің мығым, бү­кіл әлеуеттің ортақ мақсатқа жұ­мылуы маңызды. Әрине, бұл үшін санаға тү­­бегейлі өзгеріс қажет. Сананы транс­фор­ма­­циялайтын, оған серпіліс беретін сала – саяси жүйе, руханият, мәдениет. Рухани серпіліс Біз тарихтан «Кім кінәлі?», «Не істеу ке­рек?» деген әйгілі тағдыршешті сауал­дармен таныспыз. Оған қайта ай­на­лып соға бермей, ендігі сауалды «Кім жауап­ты?» деп қою керек секілді. Еркін адам ғана жауапкершілік арқалай алады. Қашанда рухымыз бен санамыз еркін болуы керек. Сон­да ғана біз өз тағдырымызды өз қолы­мыз­ға алып, жігерленіп, жауапкершілік ар­қалай аламыз. Азаматтық қоғамның бел­гісі де, міндеті де осы. Еліміз отыз жыл бойы ЭКСПО, ОБСЕ, Әлем­дік діндер съезі секілді малша­шар халықаралық жиындарға әуес болды. Өкінішке қарай, ішкі ахуалға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Құрғақ сөзге, жалаң идео­ло­гияға басымдық берілді. Қисапсыз грант­тар бөлініп, сөз сапырған саясаткерлер, бәтуа­сыз «пәлсапа соққыштар» қаптап кет­ті. «Аузымен орақ орғыш» бұлбұлдар «сах­­­наға шықты». Қоғамның идеалы жеңіл­тек өнерпаздарға айналды. Олар рухани бос вакуумды толтырамыз деп «өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанымен» адамгершілік құндылықтарын өз бойынан көрсете алмады. Телеарналар мен әлеумет­тік желілерде жұртшылықты алдарқатумен шектеліп отыр. Нақты өнім шығаратын, тех­нологияға бет бұрған жандар қатары си­реді. Мемлекетшіл элита, ұлттық мүддеге бе­рік билеушілер тобы мен ұлттық бур­жуа­зия қалыптаспады. Мәңгүрттік тамыр жай­ды. Соның зардабын енді татып жатыр­мыз. Олқылықтың орнын толтыру үшін ал­дағы он жылды ішкі әлеуетімізді көтеру­ге, бірыңғай жүйеге келтіруге және сана трансформациясына арнаған жөн. Әдетте, бірыңғай жазғыру, кінәні тек өзгеден іздеу мәселенің себебін анық­­тап, оны шешуге емес, жауап­кер­ші­лік­тен жалтаруға, дәрменсіздікке ұшыратады. Біз «дәрменсіз жан» санасынан арылып, өз тағдырына өзі иелік ететін, жауапкершілікті тай­салмай мойнына алатын жігерлі, жауап­ты, білімді, еңбекқор адамдардан тұратын пара­сатты қоғам құру деңгейіне ұмтылуы­мыз керек. Бұл үшін тарихи тізбекке жал­ғану, рухты асқақтату, құндылықтарды қай­та қарап, жаңасын қалыптастыру талап еті­леді. Мұны бізге ешкім сырттан келіп жа­сап бермейді. Туындаған мәсе­ле­­лерімізді, қордаланған проблемалары­мыз­ды шешетін де, атқаратын да өзіміз. Шы­найы энтузиазммен, зор ықыласпен әре­кет ететін мемлекетшіл адамдар қалып­тас­тыруымыз керек. Ел Президенті ақпа­рат­тық вакуумға түсіп қалмай, маңайына мем­лекетшіл, ұлт аманатына адал тұлға­лар­ды топтастырып, халыққа арқа сүйегені абзал. Бұл игі мақсатқа қажетті қуатты, мұ­қалмас жігер мен білікті өз тари­хы­мыз­дан, ұлттық рухымыздан табуымыз ке­­рек. Бұл өткенге үңілуге, тарихтан тағы­лым алуға, тамырға жалғануға және оны жаңа заман тілегіне ұштастыруға мін­дет­тей­ді. Ол құндылықтар қатарында Бауы­р­мал­­дық, Адамгершілік, Ынсап пен Елдік са­­на секілді қастерлі қағидаттар мен ұғым­дар болуы тиіс. Оны қалыптастыратындар – жүрегіне жол тапқан, «нұрлы ақыл» иелері. Осы­ған назар аударған жөн. Сондай-ақ отыз жыл өтсе де мем­ле­кет­тік тілдің жыры бітер емес. Оған нүк­те қоятын кез келді. Осы кезге дейін елі­­­мізде қазақ тілінің үстем болуын ар­ман­дап келеміз. Бұл жөн. Бірақ бұл қатыгез әре­кетке айналмауы керек. Қазақ орысқа орыс тілінде тіл қатса, орыс қазаққа қазақ ті­лін­де сөйлесе, одан ешкім кем болмайды, екеуі де ұтады. Осындай қарапайым қадам­дардан бастау керек. Бұдан бөлек, діни ахуал да күрделеніп тұр. Отыз жылда елімізде сан түрлі ді­ни ағымдар пайда болды. Олар жастардың санасын сан-саққа тартып, сарсаңға салды. Мұ­ның соңы неге әкеледі? Үкіметтік емес ұйым­дар, діни ағымдар, партиялар, қоғам­дық белсенділер қатары көбейген сайын бір отбасында бес адам болса, бес түрлі пі­кір айтып дауласып отыратын күнге жет­тік. Сол отбасындағы көрініс – қоғамның да бейнесі. Ең соңында бәрі жан-жақтан би­­­лікті кінәлау тәсілімен, өз мемлекетімізге өзіміз иелік ететін жүйе қалыптаспайтын жағ­дайға соқтыруы мүмкін. Бұл да ерекше на­зар аударуды қажет ететін мәселе. Мұн­дай жәйттерді кез келген сала бойынша та­ратып жазуға болар еді. Бірақ мұны мақа­ланың көлемі көтермейтіндіктен, кейінірек жеке-жеке тоқталып, тағы да тілге тиек етерміз. Кезіндегі «Мәдени мұра» бағдарла­ма­сы аясында қыруар жұмыстар атқа­рыл­ған еді. Жер-жиһаннан қаншама жә­ді­гер­лер жиналды, кітаптар басылды. Алайда оны елдің игілігіне жарату жайы аяқсыз қал­ды. Игілікті істің өз межесіне жетуі үшін осы бағдарламаның екінші кезеңіне, яғни оны игеру сатысына, Мұрат Әуезовтің сөзі­мен айтқанда, «мұралануға» көшкен орын­ды. Бұл ретте, осынау тарихи құнды мұра­ны экрандау, кино тілі арқылы қалың жұрт­шылыққа ұтымды жеткізу жағын қол­ға алу керек. Жалпы, елімізде таратылатын идео­ло­гиялық құндылықтарды кемін­де қоғамның белсенді бөлігін құрайтын отыз пайыздайы негізге алады деп есепте­сек, оларға мемлекет тарапынан тұжырым­дал­ған нақты бағыт-бағдар керектігі ай­қын. Осы бағытта арнайы ұлттық бағдарла­ма қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Сайып келгенде, елдіктің мұраты – бір­лігі бекем, мемлекеттілігі орнық­ты, мақсаты айқын, халқы дәулетті, ұлттық қасиетін тапқан, түркі дүниесінің тірегі, әлем­дік қауымдастықта нық орны бар ал­пауыт елге айналу. Ендеше «ұлтсызданудың» емес, елдіктің ұранын асқақтатуға жазсын.

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ