Жаңалықтар

«МӘДЕНИ МҰРА» – ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ФЕНИКСІ

ашық дереккөзі

«МӘДЕНИ МҰРА» – ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ФЕНИКСІ

  Заман өзгеріп, жаңа дәуір басталар тұста ешкімнің қалауымен санаспайтын өзгерістер орын алады. Ескі күйреп, жаңаға орын босатар кезде ес жиюға мұрша болмай, заман тегеурініне төтеп бере алмаған мәдени құндылықтардың өмір сүруі тоқтап, рухани кеңістік бос қалатыны анық. Мұндай өліара кездің салқыны бүкіл ғылым мен білімге, әдебиет пен мәдениетке қатар тиіп, қоғамдық сана солқылдай бастайды. Демек, мәдени кеңістікте бос қалған бұрынғы таным өрісінің орнын натурализм мен тобырлық мәдениетке арналған арзанқол өнер туындылары баса бастағанда, рухани әлемде үлкен құлдырау басталады. Ал оның қоғамдық ақыл-ойды дамытуға емес тұралатуға апаратыны бесенеден белгілі. Сонда не істемек керек? Бұндай жағдайда бір ғана сыннан өткен жол бар, ол – сананы мәдени құлдыраудан мәдени өрлеумен құтқару. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында – бұрынғы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтер тұста қиындыққа ұшыраған сала – ең алдымен, мәдениет саласы болды. Клубтар мен филармониялар, кітапханалар, балабақшалар жабылып, халықтың мәдени өміріне сәуле беріп тұрған мекемелер өмір сүруін тоқтатты. Театрлар, кинозалдар бос қалды. Жабылған кітапханалармен бірге еліміздің кітап қорына елеулі нұқсан келді. Қорықтар мен мұражайлар қараусыз қалып, мәдени ескерткіштер талан-таражға түсті. Бірақ енді тәуелсіздігін алған жас мемлекеттің қазынасындағы қаржысы тақұл-тұқыл болғандықтан мәдени саланы ұстап тұруға шамасы келмей, он шақты жылдың көлемінде бұл сала қараусыз қалғандай болды... Тәуелсіздіктің алғашқы жеті-сегіз жылы ішінде экономикасына жан біткен қазақ елі оң-солына қарап, жоғалтқанын түгендеуге кірісе бастады. Ең алдымен, әдебиет пен өнерге көңіл бөлініп, тәуелсіз елдің жаңа ғасырдағы тыныс-тіршілігін танытатын әдебиет пен өнер туындыларын жарыққа шығаруға кірісті. Ең алдымен, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Отырар кітапханасы» сериясымен қазақстандық ақын-жазушылардың соңғы жазғандарынан 100 кітап шығару қолға алынып, «Жазушы», «Ана тілі», «Өнер», «Білім», «Елорда», «Өлке», «Сөздік-словарь», «Фолиант», «Дайк-Пресс» баспаларынан қазақтың белгілі қаламгерлерімен бірге талантты жас буынның шығармалары жарық көрді. Бұл, әрине, үлкен істің бастамасы болатын. Келмеске кеткен кеңестік дәуірде туған сандаған саяси түсінікке шырмалған шығармалардың орнын жаңа заманға сай туындылармен толықтыруға жасалған осы алғашқы қадамнан соң, еліміздің басшылығы ұлттық мәдениетімізді одан әрі өрістете түсу үшін жаңа жобалар жасауды күн тәртібіне қойды. 2003 жылы еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның мәдени мұраларын сақтау, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын жасақтау, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, сондай-ақ ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізді зерттеу үшін бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауға керектігін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Осылайша 2004 жылы «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы құрылып, жаңа ғасырда тәуелсіз қазақ елінің мәдениеті жаңаша дамуға бет алды. «Мәдени мұра» бағдарламасы өз жұмысын үш кезеңге бөліп, бірнеше сала бойынша жүргізді. Бірінші кезеңдегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 ақпандағы №171 қаулысымен бекітілген, 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары негізінде; екінші кезеңдегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы №1203 қаулысымен бекітілген 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде, үшінші кезең «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi 2009-2011 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 16 ақпандағы №158 Қаулысы негізінде жоспарланып, рет-ретімен жүзеге асырылып отырды. Осы бағдарлама негізінде тұңғыш рет елімізде ескерткіштердің кең көлемдегі тіркеу-түгендеу шарасы өткізіліп, ол бойынша 218 республикалық, 11 277 жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі жасалып, қабылданды. Осы негізде аталған бағдарлама аясында қазірге дейін Айша-Бибі кесенесі, Арыстан бап, Абат-Байтақ, Есімхан, Қара Сопы, Мақұл Там, Ысқақ Ата, Жабрайыл Ата, Қараман Ата қорымдарында, Петропавл қаласындағы «Резиденция Абылай хана» кешені сияқты 78 тарихи-мәдени ескерткіштерінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Бұдан тысқары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы шет елдердегі ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Дамаск қаласындағы Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс кесенесі, Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық-кесенесінің құрылысы жүргізіліп, бұл жұмыстар толық жасалып бітті. «Мәдени мұра» бағдарламасы жүргізіле бастағалы біздің арғы тегіміз туралы мол мәліметтер беретін, әлемдік археология ғылымына сандаған артефактылар қосқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізіліп, зор табыстарға жетті. XI-XIII ғ.ғ. арасында Қарлұқ-Жабғу астанасы ретінде мәлім болған ортағасырлық Қойлық, Отырар қалашығы, ортағасырлық Жанкент қалашығындағы «Оғыз патшасы» резиденциясы, ортағасырлық Қаған орталығындағы Ақыртас кешені сияқты бірегей археологиялық ескерткіштерде қазба жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге «Мәдени мұра» табиғи мұражайлар жасауды да назардан тыс қалдырмай, жақсы жұмыстар жүргізуде. Атап айтар болсақ, Алматы облысындағы Есік және Шығыс Қазақстан облысындағы Берел мұражай-қорығы – осы бағдарлама негізінде жасалған жұмыстың нәтижесі. Қазақ халқының ұлттық музыкалық мұралары өзінің сан-салалы әрі бай қорымен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ біздің әндеріміз бен күйлеріміз орыс және Еуропа музыкатанушыларының зор ықыласына бөленіп, жүздеген ән-күйлер алғаш рет нотаға түсіріле бастаған еді. Бірақ сол әндерді кейінгіге орындап жеткізушілердің дауысын жазып алуға ол заманның техникалық мүмкіндігі өте төмен болды. Сондықтан осы күнге дейін біразы өнерпаздар тарапынан орындалып жүргенімен әлі біразы қағаздағы нотада қалып қойған қазақтың ән-күйлерін толығымен халыққа жеткізуді көздеп, «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» атты қазақтың дәстүрлі музыка антологиясының жобасы жасалды. Сөйтіп, ұлттық ән-күйлердің түпнұсқалық орындаудағы нұсқаларын жинау, дайындау, өңдеу, қалпына келтіру, сандық пішінге көшіру арқылы CD-дискілерге шығару бойынша аса ауқымды жұмыс атқарылып, елімізде бұрын-соңды болмаған музыкалық қор жасалып, халыққа ұсынылды. Қазақтың дәстүрлі музыкасының антологиясы – бүгінде ұлттық байлығымызға айналған дәстүрлі музыкалық шығармаларының сандық нұсқадағы бірегей толық топтамасы. Бұл музыкалық шығармалардың жазбасы бұрын тыңдарманға қолжетімсіз болса, қазіргі күнде кез-келген тыңдарман ұлттық ән-күйдің жауһарларымен еркін сусындай алады. «Мәдени мұраның» ендігі бір ауқымды жұмысы – ұлттық фольклорлық туындылар мен түрлі саладағы әдебиеттерді көптомдықтар күйінде бірнеше сериямен басып шығаруы болды. Бұл орайда ең алдымен есімізге түсетіні – «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан 100 томдық халық ауыз әдебиеті нұсқалары дер едік. Онда ондаған жылдар бойы мұрағаттарда шаң басып жатқан эпостық жырлар, дастандар, ертегілер, жұмбақтар, айтыстар, ән сөздері т.б. ұлттық әдебиетіміздің асыл үлгілері қамтылған. «Фольклортану, әдебиеттану және өнертану бағыты бойынша бұдан бөлек әртүрлі сериялармен мынадай кітаптар жарық көрді: «Қазақ әдебиеті тарихы»-10 том, «Қазақ музыкасының антологиясы»-5 том, «Әлемдік әдебиет кітапханасы» сериясы-100 том, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы»-20 том, «Әлемдік философиялық мұра»-20 том, «Әлемдік тарихи ой-сана»-10 том, «Ежелгі дүние авторларының шығармаларындағы Қазақстан тарихы»-2 том, «ІХ-ХV ғасырлардағы араб дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» (орыс тілінде)-5 том, «V-XVII ғасырлардағы иран-парсы дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы (орыс тілінде)-5 том, «XV-XX ғасырлардағы түркі дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы»-5 том, «Қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы»-5 том, «Монғол дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы»-3 том, XVI-XX ғасырлардағы орыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» (орыс тілінде)-10 том, «XII-XX ғасырлардағы батыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» (орыс тілінде)-10 том. Көріп отырсыздар, бір ғана Қазақстан тарихына қатысты өзге елдерде жарық көрген не мұрағаттарында сақталған деректер негізінде көлемді 45 том еңбек жарық көрген. Бұдан бөлек, «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы»-16 том, «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы»-10 том, «Қазақ халқының дәстүрі мен әдет ғұрыптары»-2 том, «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі»-10 том, «Әлемдік әлеуметтану ой-санасы»-10 том, «Әлемдік саясаттану ой-санасы»-10 том, «Әлемдік психология ой-санасы»-10 том, «Экономикалық классика»-10 том т.б. кітаптардың жарық көріп, ел игілігіне айналғанын айтсақ, «Мәдени мұраның» қазақ санасын өсіруге, ғылымы мен білімін дамытуға қаншалықты орасан зор ауқымды жұмыстардың жасалғанын байқауға болады. Бар болғаны жеті жылдың ішінде бір ғана бағдарламамен ұлт мәдениеті үшін осыншама үлкен көлемдегі істің бітуі – оны басқарғандар үшін, атқарғандар үшін де абырой ғана емес, үлкен ерлік деуге болады. Шын мәнінде «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы қазақ халқының білімі мен білігін, дарыны мен шығармашылық қуатын сынға салған ерекше жоба еді. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде: «Қол жеткен табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы сан рет айтылды да, жазылды да. Мен оларды тағы да қайталап жатудан аулақпын. Тек олардың қатарына еліміздің рухани әлемінің дамуында бірден-бір үлес болып табылатын, ұлттық мәні зор «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қосар едім. Біз ғана емес, ЮНЕСКО тарапынан да бұл – дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді», – деген болатын. Қазірде жалғасын тауып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – өтпелі кезеңде күйреуге шақ қалған қазақ руханиятының қайта дүниеге келуіне бірден бір демеуші де жебеуші болған ақыл-ойдың құдіретіндей болды. Мыңдаған жылдардан соң да күлдің ішінен дүр сілкініп тірілетін феникс құсы сияқты қазақ мәдениеті де «Мәдени мұра» арқылы жаңа ғасырдың басында бір серпіліп, қайта қанат қомдады.