Бақытжан Сағынтаев: Инновацияны өндіріске енгізу – негізгі міндет

Бақытжан Сағынтаев: Инновацияны өндіріске енгізу – негізгі міндет

Бақытжан Сағынтаев:  Инновацияны өндіріске енгізу – негізгі міндет
ашық дереккөзі
  Сейсенбіде ҚР Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Жолдауын іске асыруға байланысты нақты іс-шаралар легі қарастырылды. Осы орайда Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының негізгі секторларын одан әрі дамытуға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы

Премьер-Министр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет алдында Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүргізу бойынша міндет қойып отырғанын атап өтті. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру – басты міндет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бес негізгі басымдықты атады. Бірінші басымдық – бұл экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту. Бұл тұста басты мақсат дәстүрлі секторлар мен цифрлық технологияларды қолдану арқылы жаңа индустриялар құру болып табылады. «3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, өнеркәсіптік ғаламтор, кәсіби қызмет саласындағы сандық сервистер тәрізді перспективалы салаларды дамыту туралы болып отыр. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдердің жылдам таралуы бүгіннің өзінде аталған салаларды реттеуде жаңа талаптар қойып отыр. Осы мақсатта Елбасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, біздің заңнамамызды IT-технологияларды дамыту үшін ынталандыруға бейімдеуді тапсырды», – деді Б. Сағынтаев. Бұл заңнаманы әзірлеу бойынша тапсырма Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелді. Сонымен қатар 2020 жылға дейін ауылдарды талшықты-оптикалық желілерге қосу мәселесін ерекше бақылауға алу қажеттігін де атап өтті. Премьер-министрдің айтуынша, инновацияларды қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу өзекті күн тәртібіне қойылатын мәселе. Осыған байланысты ЭКСПО-ның инфрақұрылымдық базасында халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру қажет. «Инновацияларды қолдап, оларды жедел өндiрiске енгiзу маңызды. Сондықтан ЭКСПО-2017 нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру керек. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар, Ұлттық экономика, Қаржы министрлiктерiне мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрге технопарк құру және салық жеңілдіктері, оңайлатылған виза мен еңбек режімi түрiнде заңнамалық қолдау көрсетудi пысықтауды тапсырамын», – дедi Үкімет басшысы. Ал Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-лар, Назарбаев университетінің Астана Бизнес Кампусы және «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі базасында отандық ғылыми және инновациялық әлеуетті дамыту тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Экспорт саясаты жөнінде кеңес құрылады

Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру керек. Министрлiктер 2025 жылға дейiн негiзгi салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру бойынша кешендi шаралар әзiрлейдi. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті қойылған. Ең алдымен экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыру арқылы осы міндеттер жүзеге асырылады. «Инвестициялар және даму министрлiгiне экспорт саясаты жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныстар енгiзудi тапсырамын. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін бірыңғай экспорт стратегиясын қабылдау керек», – деді Премьер-министр. Бұл жұмыстарды үйлестіруді өзінің орынбасары Асқар Маминге жүктеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейiн инвестициялық стратегия қабылданады. Сонымен бiрге, Үкімет басшысы Энергетика министрлiгiне жыл соңына дейiн жаңа жер қойнауы кодексiн қабылдауды қамтамасыз етудi тапсырды. Президент Жолдауында құрылыс секторын дамыту қажеттігі де ауызға алынды. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын толыққанды іске асыру жобасын жедел бастау көзделіп отыр. «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Бұл жерде жүйе құраушы кәсiпорындармен ынтымақтастықты қарастыру керек. Әкiмдiктер ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі қажет. Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi әкiмдiктермен бiрге жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруды қолға алуы керек», дедi Үкiмет басшысы.

«Made in Kazakhstan»

Жолдауда көрсетілген басым бағыттардың бірі – отандық ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі күшіне айналуы тиіс. Осы орайда Үкімет басшысы: «Біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орнымызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыстырылуы керек. Бүгінде біз субсидияларды бөлу мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып кооператив құрудың, сонымен қатар, еңбек өнімділігін арттырудың жаңа қағидалары бойынша тәсілдерді әзірледік. Барлық міндеттер кешені АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс», – деді. Жолдаудағы екінші басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту. Осы басым бағыт бойынша 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес еліміздің ЖІӨ-не қосатын үлесін кем дегенде 50 пайыз көлемінде қамтамасыз ету тиіс. «Оған қол жеткізу үшін біз Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдадық. Оны іске асырудың барлық тетіктері анықталып, қаржылай қамсыздандырылған. Аталған бағдарламаның тиімділігі көбінесе әкімдердің жұмысының нәтижелігіне байланысты. Мемлекет басшысы дәл осы жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны Үкімет пен әкімдердің қызметін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі болатын айтты», – деді Б. Сағынтаев.

«Қазақстан киберқалқаны» қауіпсіздікті күшейтеді

«Әдiлет министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе тиiстi жұмыстарды жүргiзуi керек. Терроризммен күрестi нығайтуды заңнамалық қамтамасыз етудi жалғастыру керек. Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiне дiни экстремизмдi насихаттаудың алдын алу бойынша шараларды қолға алып, қоғамда түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi тапсырамын. Түрмелерде теологиялық оңалту қызметтерiнiң жұмысын ұйымдастыру керек», – дедi Бақытжан Сағынтаев. Ал «Қазақстан киберқалқаны» жүйесі жүзеге асырылады. Осы жүйені қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша да тиiстi тапсырмалар берiлдi. «Елбасы бiздiң алдымызға Қазақстанды үшiншi жаңғыртудың жаһандық деңгейдегi мақсат-мiндетiн айқындап берiп отыр. Оның iшiнде Үкiметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарын дайындауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлiгi жоспарды дайындау жұмысына дереу кiрiсуi қажет. Сондай-ақ, Президенттiң әрбiр тапсырмасының мерзiмдерiн, оған жауапты лауазымды тұлғаларды белгiлеп, Жолдаудың дер кезiнде орындалуын қатаң бақылауға алу керек», – дедi Б.Сағынтаев. Алдағы аптада Үкiмет отырысында Жалпыұлттық жоспар талқыланатын болады.